28 Қараша, 2017

Еліңнің хаты

1809 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ардақталуға тиісті ата мұралары­мыздың қатарында ел мен жер атаулары ерекше орын алатыны белгілі. Шын мәнінде де жеріңнің аты – еліңнің хаты, ата-бабалардың амана­ты, тарихтың көзге көрініп тұрған көрнекі жады.

Еліңнің хаты

Еңселі шаңырақ көтерген дербес Қазақ елінде ел мен жердің, елді мекендер мен көше аттарының жасампаз елдігімізге сай болмағы ләзім. Егемен елімізге қаптаған малиновка, черняевка, балкашино, павлодар, петропавл, капцевич, николаевка, дмитриевка, сергеевка, покровка, береговая, озернаялардың еш абырой әпермесі хақ. Кім де болса өз болмысын, даралығын сақтаған халықты ғана сыйлайды. Кезінде қазақтарды орысша акцентсіз судай ағып таза сөйлегені үшін әлемге әйгілі балерина М.Плицескаяның ұнатпай қалуы да ой­ланарлық жайт. Иә, жат тұлыпқа жалпаңдап мөңірей беруді қоятын мезгіл жетті. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат бойынан түңілсін».

Тәуелсіздіктің елең-алаңында Ал­ма­­ты­дағы Коммунистік, Комсомол, Совет, Калинин, Дзержинский деген көшелердің Абылай хан, қазақтың қасиетті үш биі, ардақты батырларының атымен ауыстырылған, сөйтіп шат-шадыман болып асқақтаған әдемі күндер еске түседі. Сол игі үрдіс, жақсы бастама күллі Қазақстан бойынша жалғасын тапқан. Бұрын атын атауға да батылымыз бармайтын қаншама асылдарымыздың есімдері мектептерге, көшелерге, ауыл­дарға берілді. Өшкен жанды, өлген тірілді, тарих жаңарып, оған жаңа па­рақтар қосылды.

Алматы түбіндегі Талғар ауданында қаншама үлкен ауылдардың мемлекет құраушы ұлттың намысына мін, елдікпен үйлеспейтін атаулары ың-шыңсыз, өте бір ақылман әбжілдікпен өзгертіліп еді сол кездерде, Дзержинский – Бесағаш, Калинин – Тұздыбастау, Красное поле – Гүлдала, Раздолье – Кеңдала, Мичурин Белбұлақ аттарын алды. Әуелбай Сәтбаев деген тарихшы ұстаз ақсақал көп еңбек сіңірген осы атаулар сондай табиғи жарастылықпен халықтың құлағына еш тосырқаусыз сіңісіп кетті. Алатау баурайындағы ауыл­дар ғой. Бұл арада ел мен жердің тарихы да, табиғаты да ескерілген екен.

Тек Алматы мен Талғар арасындағы күре жолдың бойында, Тұздыбастау ауылындағы Калинин ақсақалдың ескерткіші сол баяғы советтік заман­да­ғыдай сау-саламат әлі тұр. Өзінің Ресейінде баяғыда-ақ күресінге лақты­рылған. Қапас түрмеден өзінің өмірлік қосағын да арашалап бір сөз айтуға жарамаған, Сталиннің көлеңкесі болған сорлы бейбақты орыстар қайтсін. Сол кәрі балшабек Калининнің аруағы кеңпейіл қазақтарға риза шығар. 1934 жылы Қазақстанға келген екен. Сонда Калинин колхозының еңбекшілеріне жерді мәңгілік пайдалану жөніндегі құжатқа қол қойып, сыйға тартқан дейді. Ойпырмай, құдды әкесінің жерін кесіп бергендей-ақ. Аңқау қазақ өз жерін өзіне берген Калининді сөйтіп жарылқаушы Құдайынан кем көрмеген ғой. Әй, аңқаулық-ай. Әлі де сол. Зияны жоқ, қайтесіңдер, баяғыда қазаққа жер берген, тұра берсін дейді. Мақұл, тұрса тұра берсін. Бір кезі келер, сағаты соғар. Сонда ана жылғы Алматыдағы Дзержинскийдің ескерткішіндей, тарих тракторы өзі-ақ сүйретіп күресінге шығарып тастар.

Көшелердің аттарынан кешегі та­ри­хымыз, ұлттың абзалдары мен ардақтылары көрініс табуы – заңдылық, атаулардың неғұрлым қазақылануы – өмір талабы. Тәуелсіздігіміз Қазақ елінің бұрынғы бұрмаланған тарихын түзетті, тарих әділетті қалпына келтіріп жатыр. Сөйте тұра, осы қарапайым ақиқатпен санаспайтынымыз, онымен қоймай соған қарсы әрекетке баратынымыз өкінішті. Павлодардағы Ленин атындағы көше осы жақынға дейін дәурен сүргенін немен ақтауға болады. Қазаққа еш қатысы жоқ Суворов пен Кутузов қасқайып әлі тұр. Оның есесіне қалалық мәжілістің бір депутаты көшеге Астана атын беруге қарсы шықты. Бұл не деген астамшылық! Ойпырмай, шаңыраққа неге қарамайды әлгі депутат? Осы өңірді, қазақтың жерін жаудан қорғаған, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестің ерен батырлары, осы облыс халқының мақтанышы саналатын асыл бабалары Олжабай, Жасыбай, Малайсары атында Павлодарда бірде- бір көше жоқ екен. «Ау, ағайын, ұят емес пе, ар қайда, намыс қайда?!» дер еді ата қазақ мұндайда. Осыдан келіп облыстың кеңес заманындағы дардай басшысы басынып һәм баланың сөзін айтып: «Құрметті керекулік болған кел­мейді» деп тақпақтататын көрінеді. Су ішкен құдығына түкірген көргенсіздік деп осындайды айтар болар.

Көкшетаудан қуанышты хабар ал­дық. Ұлтжанды азаматтардың күш салуымен қалалық мәслихатта қаланың 58 көшесінің бүгінгі заманымызға сай келмейтін орысша атаулары қазақыланып өзгеретін болып шешілген екен. Жаңа атаулар құлаққа жағымды естіледі. Бапан би, Үмбетей жырау, Байдалы би. Ел ардақтары Жұмағали Тілеулин, Бәйкен Әшімов, Мақтай Сағдиев. Оқжетпес, Бурылтай, Қоңыраулы... Болашақ үшін елдіктің хаты болуға жаңа атаулар әбден жарап тұрғандай. Ұзағынан сүйіндірсін!..

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»