Қазақстан • 28 Қараша, 2017

Еліміздің еңбек және әлеуметтік қорғау саласы электронды форматқа көшіріледі

244 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің еңбек және әлеуметтік қорғау саласының көптеген қызметі электронды форматқа көшіріледі. 

Еліміздің еңбек және әлеуметтік қорғау саласы электронды форматқа көшіріледі

Қағаз жүзіндегі құжаттарды қысқартып, сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында қолға алынған цифрландыру бағытындағы жұмыстар қазірден бастап қолданысқа енгізіле бастайды. Бұл туралы кеше Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.

Еңбек және әлеуметтік саладағы басты жаңалық – бірыңғай электронды еңбек биржасының іске қосылуы. Бұл жүйе республикадағы барлық 199 жұмыспен қамту орта­лығын біріктіргелі отыр. Со­ның нәтижесінде 10-ға жуық интернет-алаң ашылып, жеке­мен­шік жұмыспен қамту агент­тік­терінің саны екі есеге өспек. С.Жа­қыпованың айтуынша, бірыңғай электронды еңбек биржасы ар­қылы бір жарым айдың ішінде 15 мың адам мамандықтары мен тәжірибесіне сай жұмыс тапқан. Қазіргі күні электронды биржада 8 мыңнан астам түйіндеме мен 30 мыңға жуық бос жұмыс орны туралы ақпарат орналастырылған.

– Әуелі Астана, Алматы, Пав­ло­дар және Шымкент қалаларында қа­натқақты жоба ретінде іске қосылатын бірыңғай электронды еңбек биржасында жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек келісімшарты электронды түр­де жасалатын болады. Ол үшін электронды қолтаңба қолданы­лып, аталған еңбек шарты жүйе ар­хи­вінде сақталып қалады. Әрине, бұл қазіргі қағаз жүзіндегі еңбек кітапшасын қолданыстан алып тастау деген сөз емес, – дейді вице-министр. «Жаңадан құрылған еңбек биржасында жасалған келісімшарттар ғана электронды нұсқада болады. 2025 жылға дейін электронды еңбек биржасының қызметтерін түрлендіре түсетін боламыз. Бірақ қазіргі қолданыстағы еңбек кітапшалары сол күйінде қа­лады. Ертең зейнетке шыққанда да азаматтың еңбек өтілін растайтын негізгі құжат осы қағаз жүзіндегі еңбек кітапшасы болады», деді ол.

С.Жақыпова, сондай-ақ цифр­ландыру аясында мүгедектікті дәлелдеу және оны анықтау жұ­мыс­тары да оңтайлана түскенін жеткізді. Бұдан кейін 2018 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап қол­данысқа енгізілетін атаулы әлеу­меттік көмектің жаңа форматына тоқталған вице-министр бұл кө­мектің екі түрімен жұмыспен қамту орталықтарының маман­дары айналысатынын атап өтті. Мұндағы кеңесшілер мен оларға тағайындалған ассистенттер жоба қатысушыларының әлеу­меттік келісімшарт бойынша мін­дет­темелерін орындау бағытын қадағалап, оларға қолдау көрсетеді.

Екіншісі, жұмыспен қамту орта­лығы «бір терезе» қағидаты­мен жұмыс істейді, яғни аз қам­тылған отбасылар жергілікті билік органдарына, басқа да мекеме­лерге барып жүрмейді, бірден жұ­мыспен қамту орталығына барады да бір құжаттар пакетін ұсыну арқылы мәселесін шеше алады.

Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде құрылған бірыңғай ақпарат жүйе­де қазірдің өзінде 14,5 млн адамның дерекқор базасы енгізіліп,  әртүрлі бағыттар бойынша ондаған жүйені қамтиды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»