Диқанкөлдің қымызына тамыздың аяғында ЭКСПО қалашығындағы этноауылда халықаралық көрмеге келген шетелдіктер де тамсанған болатын. Оңтүстік Қазақстан облысының тау бөктеріндегі аудандар қымызбен қоштаспайды, яғни жыл бойы үзілмейді.
Сондықтан да болар, оңтүстікте жас талғамайтын, ұлтына, нәсіліне, дәрежесіне қарамайтын туберкулезбен ауыратындар саны азая түсуде. Емделу көрсеткіші де жоғары. Туберкулез науқастарын емдеп шығу бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған стандарттарды орындап отыр. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Болатхан Сағымбековтің айтуынша, өңірде туберкулезбен ауырған 310 адамның 262-і емделіп шығыпты. «Бұл 85,2 пайыз, өңірде бірінші рет мұндай көрсеткішке қол жеткізілді. ДДСҰ стандарты 85 пайыздан кем болмау керек. Сондай-ақ сырқаты қайталанған, тұрақты дәрі тұтынатын 434 науқастың 326-і емделіп шықты. Пайызға шақсақ, 75,1-ді құрайды.
Мұнда дүниежүзілік стандарт – 75 пайыз. Жыл сайын санаториялық емді есепте тұрған 1800-2000 науқас алады. Оған қосымша Бурабай шипажайына туберкулезден емделіп шыққан 40-60 науқас жіберілді», дейді бас дәрігер. Ал «Бурабай» сонау 1910 жылы ашылған қымызбен емдейтін тұңғыш емхана екені мәлім. Қымызды емдік сусын ретінде қолданатын шипажайлар бүгінде көптеп ашылуда. Мысалы, Жамбыл облысында «Шәушен» шаруа қожалығында кәсіпкер қымызбен емдейтін орталықтың жұмысын дөңгелетіп отыр. Шипажайдың ерекшелігі сол – келушілерді атқа мінгізеді, қымызбен емдейді.
Оңтүстік Қазақстан облысының тау бөктеріндегі шипажайлары мен демалыс орындарында да қымыз емдік сусын ретінде ұсынылып келеді. Өкінішке қарай Үкімет тарапынан тиісті қолдау болмағандықтан біртіндеп жұмыстарын тоқтатып, жабылып қалған шипажайлар да аз емес. Қымыз бен шұбат өндіріп, оны ұлттық брендке айналдыру жөнінде кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде де мәселе көтерілген болатын. Ал Сенатта ата-бабамыздың аманатына адалдық танытып, ардақтаған асын, сүйсіне ішкен сусындарын ұлттық брендке айналдыру үшін «Қымыз бен шұбат жөнінде» заң қабылдау қажеттігі де айтылды. Жасыратыны жоқ, құрт ауруына бірден-бір ем екендігі дәлелденген бие сүтінің адам денсаулығы үшін пайдасы мол екенін зерделеп, зерттеу өз деңгейінде жүргізілмей келеді.
Облыста туберкулезге қарсы үш санаторий жұмыс істейді. Оның екеуі балаларға, үшіншісі ересектерге арналған. Міне, осы емдеу орындарында басқаларға қарағанда қымыздың пайдасы жөнінде көбірек айтылатыны заңдылық шығар. Сондай-ақ бұл шипажайларда туберкулезден толық айығып кетуге барлық жағдай жасалған. Оның үстіне науқастар бірде-бір дәріні сатып алмайды. Дәрігерлердің айтуынша, анықталған аурулар емделмесе бір жылда 50 пайызға жуығы өлімге душар болады екен. «Байлығына немесе кедейлігіне қарамай санитарлық-ағарту мәдениеті төмен адамдар ауруға бейім тұрады. Уақытында тамақтанбайтындар, өз денсаулығына мән бермейтіндер, маскүнемдер, нашақорлар, үй-жайы жоқ кезбелер, тұмаумен жиі ауыратындар, қант диабеті, өкпе-тыныс жолдары сырқатының созылмалы түрі мен асқазан-ішек жараларымен ауыратындар, туберкулез науқасымен қарым-қатынас жасайтын барлық отбасы мүшелері мен қызметтестері, жас балалар, жүкті әйелдер, кәрі кісілер туберкулезге бір табан жақындау екенін ашып айтуымыз, оның себептерін халыққа жеткізуіміз керек», дейді Б.Сағымбеков.
Туберкулезбен ауыратын науқастармен байланыс жасаған адамдардың барлығы ауырмайды. Сондықтан түшкірсе жұғады деген ойдан аулақ болу керек. Осындай күдіктің өзі-ақ адамның қорғану қабілетін төмендетеді екен. Сондай-ақ туберкулезге қарсы екпені балаларына салғызғысы келмейтін ата-аналар бар. Осы жылдың 9 айында 203 ата-ана екпеден бас тартыпты. Былтыр олардың қатары 257 болған. Екпеден бас тартудың басты себебі – теріс діни көзқарастар, теріс пікірлер, түсінбеушіліктер. Бұл орайда, тұрғындар арасында педиатр, фтизиатр, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Дәрігерлер тіпті ата-аналарға балаларының өмірін туберкулезден сақтап қалу үшін дін қызметкерлерінің көмегіне де жүгінеді. «Егерде науқас берілетін дәрі-дәрмектердің көмегімен ауруынан жазылмаса, яғни консервативті ем қонбаса, өкпесіндегі қуысы жабылмаса, онда оған хирургиялық ем қолданылады.
Ол үшін бізде 30 орынға өкпелік, 30 орынға өкпеден тыс ота жасай алатын хирургия бөлімшелері жұмыс істейді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың ұтымды ұйымдастыруымен мамандарымыз Новосібір, Астана, Алматы қалаларында білімдерін жетілдіріп, тәжірибе жинақтап тұрады. Торакопластика, резекция әдістері қолданылады. Биылдан бастап бронхолокация әдісі сәтті жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бергі 9 айда 230 ота жасалды. Былтыр 402 ота сәтті іске асқан болатын. Оның 20-сы балаларға жасалды», дейді бас дәрігер.
Дәрігерлер арнайы тағайындалатын препараттармен қатар, ананың сүтімен пара-пар бие сүтінің туберкулезді емдеуде септігі мол екенін айтуда. Асқазанға күш түсірмей, ас қорыту жүйесіне пайдасы өте зор қымыз өкпе ауруларын емдеуде, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, қандағы қызыл қан түйіршіктерімен (эритроцит) гемоглобин синтезіне әсер ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған. Бие сүтінде кездесетін ақуыздар, майлар, көмірсутегілері басқа сүттерге қарағанда ерекше болып келеді. Бұл ғылыми дәлелденген қасиеттердің бір парасы ғана.
Ал оның зерттелмеген, ашылмаған тұстары көп. Қашаннан дәтке қуат, тәнге шипа қымыз туберкулез ауруына таптырмайтын ем. Бие сүтінде С витамині мол. Оның емдік қасиеті, әсіресе туберкулез ауруынан емдеу үшін айрықша жоғары. Сондықтан да туберкулезді қымызбен емдейтін ең алғашқы курорт 1858 жылы Самара қаласының маңында ашылған екен. Деректерге жүгінсек, оны ұйымдастырушы В.Толстиков деген дәрігер «Қымыз асқазанды ыстап, адамның өзін әлдендіреді, оның тәнін жаңғыртады», деп жазған. Науқастың туберкулезден толық айығуына оң ықпалын тигізетін қымыздың пайдасы туралы көп айтуға болады. Сондай-ақ дәрігерлер бұл дерттен 100 пайыз жазылуға болатынын айтуда.
Айтпақшы, туберкулезбен сырқаттанушыларды емдейтін дәрігерлер сақтық шараларын бұлжытпай орындауы тиіс. «Мұндағы мамандардың жалпы емдеу саласындағы дәрігерлерге қарағанда қауіпті жерде жұмыс істеулеріне байланысты туберкулезден сақтануы өте жоғары. Бұлай деуімнің себебі биыл 9 айда облыс бойынша 13 медицина қызметкері туберкулезге шалдықты. Оның 4-еуі дәрігер, 9-ы мейіргер. Бұлардың 12-сі жалпы медицина саласының мамандары. Біреуі ғана туберкулезге қарсы мекеменің медбикесі. Былтыр бұл көрсеткіш жетеу болатын. Олардың ешқайсысы біздің мекеме қызметкері емес», дейді Б.Сағымбеков. Бас дәрігердің айтуынша, қымыз ішу де сақтық шараларының біріне жатады. Бұл орайда оңтүстікте қымыз өндірісі жыл санап дамып келеді.
Яғни сапалы қымыз тапшылығы байқалған емес және кәсіпкерлер арнайы орындар ашып қызмет көрсету сапасын талапқа сай етуде. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының Қаратөбе, Қасқасу, Қоғалы, Алатау, Аққұм, Кемеқалған ауылдық округтері қымыз өндірісін дамытуға әбден маманданған. Мысалы, өңірде өткен жылы 2415 бие сауылып, 1835 тонна қымыз өндірілген. Оның 1052 тоннасы сатылымға шығарылыпты. Қымыз өндіру саласында мемлекеттік қолдау шаралары 16 шаруашылыққа көрсетіліп, субсидия көлемі 29,1 млн теңгеге жеткен. Ал Диханкөл ауылының тұрғындары арнайы этноауыл құрып, қымыз арқылы туризмді дамытуға ден қоюда.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»