Күзгі-қысқы мезгілдердегі су жүретін арықтардың жағдайын қадалаған Семей қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары Қызыл Кардон, Шығыс кенті, Дальний аумағы, Затон аудандарын тексеруден өткізді. Бұл жердегі арықтар мен су жүретін құбырларды келісімшарт бойынша «Семей қаласын аббаттандыру және көгалдандыру» мекемесі қолға алған.
Қазіргі уақытта су ағатын құбырлардың ішкі тазалығы, ағын судың арнасымен ағып кету мәселелері назарда тұр. Күн сайын су жүретін арықтарда тазалық жұмыстары жүріп жатыр. Су өтетін ішкі құбырдың бітелмеуі, айналасындағы қоқыстарды алып тастау, маңындағы ала-құла өсіп кеткен шөптерді тазалау да үзіліссіз жүргізілуде. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары хабарлағандай, су еркін ағып кету үшін қосымша шаралар қолға алынды.
– Мысалы, Қадырманов, Кардонная көшелері бойынша 0,3-0,4 метрге дейін су жүретін құбырларды орнату керек. Ал Қаныш Сәтбаев көшесіндегі ағын су кіретін құбырдың басқы баулық тұсын ауыстыру қажет, – деді төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Д.Тоғамбаева – сондай-ақ тұрғындардың өзі де табиғат апатының алдын алуға атсалысуы керек. Мәселен, арықтардың қасына қоқыс қалдықтарын лақтырмағандары жөн. Себебі арық көзі бітеліп қалса, қар еріген кезде су жайылып кету қаупі бар.
Раушан НҰҒМАНБЕК
СЕМЕЙ