Біз әсіредіншілдіктің алдын алу үшін халықтың ортадоксалді діни танымының қалыптасуына жағдай жасауымыз қажет. Діни радикализмге қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру үшін ең алдымен отандастарымыз дұрыс діни мәлімет пен білім алуы тиіс. Қазір елімізде 2500-ден астам мешіт жұмыс істейді. Бұл мешіттердегі сауат ашу курстарында жамағатқа тұрақты түрде ақида, фиқһ, сира, хадис, тәпсір, араб тілі пәндерінен сабақтар жүргізіледі. ҚМДБ-ның ұйытқы болуымен бірнеше жылдан бері мешіттерде мектеп жасындағы оқушыларға жазғы сауат ашу курстары да қызмет көрсетіп келеді.
Елімізде исламтанушыларды дайындайтын Нұр-Мүбарак Ислам мәдениеті университеті, Имамдардың білімін жетілдіру институты, Әбу Ханифа ғылыми зерттеу орталығы, арнаулы орта оқуына теңестірілген имамдар дайындайтын 9 медресе-колледж, 3 қарилар дайындау орталығы бар. Бұл діни білім беру жүйесі мешіттердегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге оң ықпалын тигізуде. Өткен жылдан бастап діни радикализмге қарсы белсенді түрде күрес жүргізу үшін республикалық ақпараттық насихат тобы құрылды.
Яғни медреселер мен жоғары оқу орындарындағы дінтану және исламтану бөлімдері, діни мәлімет беретін ақпарат көздері т.б құрылымдар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, халықтың ортадоксальді діни танымының қалыптасуына бірлесіп жұмыс жасаса, бұл үлкен қосын – әсіредіншілдіктің толықтай алдын алған болар еді деп есептейміз. Тағы бір ерекше атап өтер дүние, биыл облыс басшысы Даниал Ахметовтің қолдауымен облыстық «Халифа Алтай» мешітінде имамдарды қайта даярлайтын үш айлық курс ашылды. Курс дәрістерін елімізге белгілі ғалым-теологтар мен білікті ұстаздар жүргізді. Қыркүйек айында өңіріміздің 75 азаматы имамдарды қайта даярлау курсын тәмамдап, арнайы сертификатқа ие болды. Қазіргі уақытта имамдарды қайта даярлау курсының екінші легі оқу үстінде.
Халықтың ортадоксальді діни танымы орнығу үшін мешіт қызметкерлерінің қоғамдық рөлінің артуына мән берілуі керек секілді. Сонымен қатар Ислам дінінің тафсир, хадис, фикһ, ақида, ислам тарихы, ислам философиясы секілді іргелі пәндерін тереңдетіп түсіндіріп беретін оқулықтар шығару үшін Ислам зерттеу орталығын ашса құба-құп. Өйткені біз әсіредіншілдікті насихаттайтын өнімдерді тәркілеп және теріс мәлімет тарататын ақпарат көздерін бұғаттаумен діни радикализмді түбегейлі жеңе алмаймыз. Яғни жұртшылыққа діни мәлімет пен білім берудің баламалы көздерін қарастыруымыз шарт.
Ермек МҰҚАТАЙ,
ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы,
облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы