Фото: Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Құй сеніңіздер, құй сенбеңіздер, Өскеменде 91 жасқа келсе де спорт залынан шықпайтын, штанга ғана емес, гір тасын да көтеретін Николай Немчинов деген қария тұрады. Түріне қарасаңыз тоқсанға келді деп айтпайсыз, тың, сергек көрінеді. Жақында облыстағы ең жасы үлкен спортшымен жүздесіп, спорт залына бірге барып, жаттығуын көрдік. Ақсақал әуелі 30 килолық штанганы көтерді, сосын 40, осымен тоқтайтын шығар дегенбіз. Жоқ, 50 килоны да еңсеріп, бір мәрте көтерді. Таңғалдық. Таңғала тұрып, спорт залына бармайтынымыз үшін ыңғайсызданғанымыз да рас.
«Әр күн сайын таңертең 45 минут бойы жаттығу жасаймын. Гір көтеремін. 10 келілік гантелім бар. Көбіне жаяу жүремін. Міне, құдайдың қолдауымен қазір 91-ге келіп отырмын. Осы жасқа келгенде көзімнің бір жеткені, физикалық жаттығу, тоқтаусыз қозғалыс адамның организмін нығайтып, өмірін ұзартады екен. Ең бастысы, бұлшық еттердің демалуына мүмкіндік бермеу керек», дейді көп жасаған қария.
«Тістеріңіздің көпшілігі сау екен. Жеңіл қимылдайсыз. Осынша жасқа жетудің сыры неде?» деп сұрадық. «Мұның ешқандай да құпиясы жоқ. Кезінде менімен бірге спорт залына барып жүріп, мейрамханаға да уақыт табатын жігіттердің бәрі бүгінде арамызда жоқ. Ең әуелі адам өзіне құрметпен қарауы керек. Әр адамның ішкі тәртібі болуы қажет. Бағалай білсек, адам бойындағы қуат дегеніңіз ғажап дүние. Біз оны қалай болса солай жұмсаймыз да кейін опық жейміз. Сондықтан әр адам бойындағы күш-қуатын өз орнымен жұмсауды үйрену керек», дейді Н.Немчинов.
Ресейдің Алтай аймағында дүниеге келген кейіпкеріміз штанга көтерумен Балтық жағалауында әскери борышын өтеп жүрген кезден бері кәсіби түрде шұғылданып, өз салмағында бірнеше дүркін чемпион атаныпты. Латвия КСР-інің 3 дүркін жеңімпазы болып, КСРО халықтары спартакиадасында бес жыл қатарынан дес бермепті. Кеңес заманында ауыр атлетикадан ел чемпионатында бес мәрте топ жарыпты. 1957 жылы КСРО чемпионатында 3-орын алып, әлемнің үздік 10 атлетінің сапына еніпті. Бір қызығы, қария гір көтерумен 68 жасынан бастап шұғылданып, сол жылы бірінші разряд иеленіпті. 70 жасында 24 келілік гір тасын 15 рет көтеріп, 80 жасында 142 келіні бағындырып, рекорд орнатыпты.
Тоқсан бір жасқа келген спортшы бұған дейін бір топ қариялармен бірге қаладағы Б.Александров атындағы спорт сарайында жаттығып жүріпті. Алайда спортсүйер зейнеткерлер соңғы үш-төрт айдан бері жаттығатын орын таппай, әр жерді бір сағалап жүрген жайы бар. Спорт сарайына келген жаңа басшы 23 қарияға жаттығу залын қимаған секілді. Дегенмен де Николай Немчинов бұл мәселені шешуге облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Мұқан Ағзамов жәрдемдесіп жатқанын, Өскемендегі Дене шынықтыру-сауықтыру орталығынан зал берілетінін айтты.
Айтпақшы, облыс орталығындағы емханалардың бірінде жұмыс істейтін, есімі облысқа белгілі білікті дәрігер Рая Рахимова саламатты өмір салтын ұстанған ақсақалдың суретін кіреберіске ілгізіп қойыпты деседі. Мұндай адамдардың суретін қаладағы әр мекемеге ілдіріп қойса да артықтық етпейді-ау.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН