Аталмыш бағдарламаға сәйкес тарихи және мәдени ескерткіштер түгенденді, артында өнегелі істері мен ерлік даңқы қалған тұлғалардың жерленген орындары анықталып, бастары жаңғыртылды, ескерткіш белгілер қойылды. Осы қатардан ерекше орын алатын оқиға Талды ауылдық округінің аумағынан сатыланған пирамиданың табылуы болды. Талды өзенінің бір саласы Қаражартастың бойынан 2015 жылы археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Игорь Кукушкин ашқан, кейінгі қола дәуіріне жататын бұл құрылыс топырақ астында жақсы сақталған.
Бұдан шамамен үш жарым мың жылдай бұрын тастан салынған құрылыс үстін ғасырлар өте жер басып, шөп өсіп төмпешікке (қорғанға) айналған. Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенттері екі маусым бойы еңбектеніп, биылғы жазда алматылық археолог Арман Бейсеновтің «Бегазы-Тасмола» серіктестігімен бірлесіп, құрылысты топырақтан аршып, құлағанын қалап, маңын тазалап әуелгі қалпына келтірген.
Қазір маңайы қоршалып, мәрмәрдан ескерткіштің паспорты орнатылған, Табаны 15х15 метр, биіктігі 3-4 метрлік пирамида монолитті құрылым. Ешқандай қуыс немесе қабірге ұқсайтын белгі, нышан жоқ. Есесіне маңайы толған ескі, жатаған тас молалар. Құрылыс қорым басында жоралғы салтын өткізу үшін салынған сияқты, өйткені ең үсті 4х4 метр, жалпақ плита тастар төселген тегіс алаңқай.
Төменгі қабатты жағалай тікесінен тік қойылған қырыққа жуық үлкенді-кішілі жалпақ тастар сүйеулі тұр. Пирамиданы айнала төселген тас жолды реставраторлар жасапты. Құрылыстан 40-50 метр жерде үстін қараған, бұта басқан дұрыс пішінді екінші төбе қараяды. Қаржыландыру оңтайлы шешілсе, археологтар оны да қазбақшы ниетте.
Пирамиданың айналасындағы молалардың біразын қазып зерттеген археологтар олардың көпшілігінің ерте замандарда тоналып кеткендігіне көз жеткізген. Қайсыбірінен адамның сүйектері, қыш ыдыстардың сынығы, жебе ұштары шыққан. Қола пышақ, біз, ине, сияқты аспаптар табылған. Сақ дәуірінен де ілгері заманға жататын мұндай молалар аудан жерінде жиі кездеседі. Әдетте олар жалпақ плита тастардан қорап түрінде жасалады да ішіне, мәйіттің жанына ер адам болса, қару-жарағы қойылады, әйел адамдар әшекей заттарымен жерленеді. Мұнда да сол типтес қорымдар.
Пирамиданың мәрмәр тақташасына осыған орай «Қаражартас қорымы» деп жазылған. Алайда бұл атау келіңкіремей тұр. Мұндағы басты нысан пирамида болғандықтан екпін соған түсуі керек еді. Сондай-ақ «Қола дәуірі» деп жаза салмай нақты деректер мен уақыттар көрсетіліп, бүкіл жазба үш тілде орындалса жөн сияқты.
Есте жоқ ескі заманда осындай құрылыс салып кеткен, біздің дәуірімізге дейінгі 1,5 мың жылдықта өмір сүрген адамдар көне сақтардың ата-бабалары «Андронов адамдарына» жататын сияқты деп топшылайды археолог-ғалым. Неғылса да Қаражартаста табылған құрылыс, кезінде ұлы ғалым Әлкей Марғұлан ашып зерттеген Бегазы-Дәндібай мәдениетімен (Ақтоғай ауданы) біртұтас, дәуірлес ескерткіштер. Біздерге жеткен артефактілер, материалдық мұралар мен петроглифтер (тастағы суреттері) сол заманда өмір сүрген адамдардың жартылай отырықшы тайпалар болғанын көрсетеді. Және ол кездегі табиғат әлдеқайда бай болғанға ұқсайды.
Салыстыру үшін, көпшілікті дүр сілкіндірген атақты Берел қорғанынан (Шығыс Қазақстан облысы) табылған, мәңгі тоң жағдайында жақсы сақталған адамдар мен жылқылардың мәйіттері, тұтынған заттары мен төсеген киіздері, киген киімдеріне қарап, олардың біз сөз етіп отырған пирамида салушылардан кем дегенде 500-1000 жылдан кейін өмір сүргені анықталған. Олар нағыз көшпелі сақтар болған.
Сараптай келгенде осы тамаша құрылысты салған адамдардың біздің ата-бабаларымыз екені сөзсіз. Даламыздан табылған, бұрын-соңды ел аумағында кездеспеген пирамидаға деген қызығушылық күн санап артып келеді. Бүгінде ол ауданның киелі жерлерінің тізіміне енгізілген.
Өкінішке қарай осы киелі жерге жету оңай емес. Алматы–Қарағанды автотрассасынан небәрі 32 шақырым жерде тұрған пирамидаға қарай апаратын Нұраталды–Ақшоқы көтерме жолы асфальтталмаған, ойқы-шойқы. Сол жолдың бойындағы Талды ауылынан ескерткішке қарай 14 шақырым бұралаңдаған дала жолы.
Жуырда халықаралық «Нэшнл джиографик» бағдарламасынан арнайы топ келіп, екі күн жүріп, пирамиданы түсіріп кетті. Материалдарын жаңа жылдың басында жарыққа шығармақ, сөйтіп ғажайып мұрамызды әлемге танытпақ. Талды ауылдық округінің әкімі Боранбай Төлеуовтің айтуынша, осынау тарихи ескерткішті іздеп келушілер саны көбейе түскен. Жолын білмейтін болғандықтан оларды өзіміз ертіп жүруге мәжбүрміз дейді.
Шынында осыған байланысты туризм кластерін дамыту тұрғысында үлкен жұмыстар туындайды. Әуелі пирамидаға апаратын жол салуды, туристерді қабылдайтын жағдайлар жасауды мықтап қолға алу қажет-ақ. Әрі қарай 30-35 шақырым жерде Бегазы-Дәндібай ескерткіштері де «мен мұндалап» тұр.
Ертай ЖӘНІБЕКОВ
Қарағанды облысы