Қазіргі таңда облыстық жергілікті атқарушы органдар тарапынан 192 қызмет түрі көрсетіледі. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 7 027 180 қызмет электронды түрде көрсетіліпті. Бұл жалпы көрсетілген қызметтердің 42,8 пайызын құрап отыр.
«Көрсетілген қызметтердің 80 пайызы денсаулық сақтау саласына тиесілі және осы саладағы қызметтердің электронды үлесін арттыру елеулі өзгерістерге әкелетіні белгілі», - деді облыс әкімінің аппарат басшысының орынбасары Қанат Төлендиев.
Соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша ХҚКО арқылы 541 816 электронды қолтаңба берілген. Алайда электронды қызметтердің үлесі әлі де төмен. Себебі қызмет ұсынушы мемлекеттік органдар тарапынан электронды қызметтерді алу жолдары тұрғындарға өз деңгейінде насихатталмайды. Бұдан бөлек, ақпараттық жүйелер арқылы келген өтінімдерді тіркемей, тікелей, мемлекеттік органның кеңсесі арқылы көрсету фактілері орын алуда.
«Мемлекеттік қызметкердің жұмысында ең басты көрсеткіш – халыққа дұрыс қызмет көрсету. Екінші – уақытында әрі қысқа мерзімде қызмет көрсетуге ұмтылуымыз қажет. Бұл ретте аудан басшылары жұмысын күшейтуі тиіс. Сіздердің жұмыстарыңыздың индикаторына бұл да кіреді. Сондай-ақ, электронды түрде қызмет көрсету сапасын жақсартып, шалғай ауылдардағы қызмет түрлерін «Қазпочта» бөлімшелері арқылы жолға қоюды тапсырамын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
«Даму» бағдараламасын іске асыру іс-шара жоспарына сәйкес электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көрсеткіші әлі де болса төмен. Атап айтқанда, Бәйдібек, Қазығұрт, Созақ, Сайрам, Шардара аудандарының көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Осы олқылықтарды түзету жөнінде аталған аудан басшыларына облыс әкімі тарапынан нақты тапсырмалар жүктелді.