Аймақтар • 28 Қараша, 2017

Төлен Әбдіктің Қостанайда шығармашылық кеші өтті

499 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Белгілі жазушы, Мемлекеттік және халықаралық Франц Кафка атындағы сыйлықтардың лауреаты Төлен Әбдіктің шығармашылығы дүйім жұртқа мәлім. 

Төлен Әбдіктің Қостанайда шығармашылық кеші өтті

Шығармаларында адам жанына үңіліп, адамзатқа тән адамгершілік мәселелерін ту етіп ұстанған жазушының кеші Астанада, білім ордаларында, одан сырт жерлерде де өтіп жатады, бірақ Төлен Әбдікұлының туған жерге сапары соның бәрінен ерекше болатыны сөзсіз. Жазушының кеші оның жерлес оқырмандарына да, өзіне де балалық шаққа, мейірім мен шапағат тамырлаған қазақ ауылына, кәусар бұлақ басына  қайта оралғандай сезім сыйлайды.

І.Омаров атындағы қазақ драма театрында жазушының жерлестерімен жүздесуі дәстүрлі қалыпты «бұзып», сұхбат түрінде өтті.  Төлен Әбдіктің кітаптарын оқыған оқырмандардың, оның шығармаларын әдебиет сыншысындай  талдап беретін жастардың арынына куә болғанда «кітап оқылмайды» деген пікір ұшқары ма, әлде оқылатын жазушы бөлек пе деп қаласың.  Кеш тізгінін облыстық «Қостанай» телеарнасының директоры Еркін Таңатқанұлы қолына алды. Әңгіме тиегі жазушының шығармаларынан жібектей тарқатылып отырды. Төлен Әбдіктің әр хикаятынан, әр  әңгімесі мен драматургиясынан оқырман алатын әсердің ерекше екенін кештің   қонағы болған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұхамбетқалиев та егжей-тегжейлі айтып берді.

– Әдебиеттің миссиясы – адам жанын ізгілендіру. Оған әр жазушы әр түрлі ізденіспен, тақырыппен келеді. Адамның ішкі жан дүиесіне үңілу  қалам ұстағандар терең зерттейтін мәселе. Әдебиет қоғамдағы түрлі көзқарастардың дұрыс-бұрыстығын айыра алмайтындарға жол көрсету немесе қарама-қайшы пікірлердің арасынан  ақиқатты таба білудің негізі неде екенін білуге ұмтылдырады.  Сондай шығармалардың басында Төлен жазған дүниелер тұр, – деді Қажығали Мұхаметқалиұлы.

Кеш жүргізуші Еркіннің «Әке» хикаятынан суыртпақтап қойған сұрақтарына жауап берген  Төлен аға әңгімені соғыстан кейінгі ауылына, бала кезге бұрды. Жазушы шығарма тұщымдылығы үшін пайдаланатын көркемдік шындықты есептемегенде өзі өскен Көкалат ауылындағы адамдардың талайы да, тағдыры да осы шығармада жүргенін айтты. Залда отырған ауылдастарын көріп жазушы өзінің балалық шағын еске алды. Оның әңгімесінен ауылдың тұма табиғаттай  болмыс-бітімі көз алдыңа келгендей еді.  

– Бесінші класта оқимын.   Мектепте ата-аналар жиналысын жасайды. Мектеп директоры менің фамилиямды атап, «балалардың алды, жақсы оқиды» деп жатыр.Алға ұмсынып, тамағын кенеп қойған әкеме директор : «Бірнәрсе айтқыңыз келді ма?» деді. Сонда әкем: «Шырағым, біз өзі өспей қалған тұқымбыз, өзімізге көз де үйір еді, балам жақсы оқыса да,    «сабағы орташа» деп айта салсайшы» дейді. Мектеп директоры: «Аға-ау, өтірік айтуға болмайды ғой» деп жатыр. Ал әкем болса: «Ана пәленшенің үш баласы оқиды осында, соның біреуі жақсы оқиды десең, біреу тексере ма?» дейді саспай, – деп, ауылдастарын күлдіре отырып, балалық шақтың тәтті әңгімесін шертті.

Мағыналы, қызықты өткен балалық, жастық шағы жазушы шығармаларынан білініп тұратындығы туралы әдебиет білгірлерінің пікірі тегін емес. «Әкеде» айтылатындай, қазақтың басынан өткен заман қатерлерінің бәрі Көкалатты да сыртқа тастамаған еді. Төлен Әбдікұлының өзі айтқандай, төңкеріс, аштық, саяси қуғын-сүргін, соғыс секілді қазақты жалмаған зұлматтың барлығын ол бір отбасының тарихымен көрсетті. Сол қиын заманның барлығынан қазақ ауылы тілегі де, ниеті бір бынтымағымен сақталып, қайта өсіп-өнді. Көкалат ауылының тұрғыны Кәкімжан Кәрбозовтың сөзі де Төлен ағаға туған жердің аялы алақанындай сезілгені аян.

– Бұл Әбдік, Салық, Халық деген үш шалдың ортасында  жалғыз ұл боп өсті. Төлен елу жасын тойлағанда ауылға келген еді, сонда бұрынғы қариялардың көзін көрген үлкен кісілердің тілегімен аман жүрсін деп, туған жердің шалғынына, топырағына аунатып алып едік. Сол тілегімізді беріп, міне, Төленжан  75 жасқа келіп отыр. Алда да жасары да, жазары да көп болсын! – деді Кәкімжан ақсақал.  

Мұнан кейін жазушының «Парасат майданы», «Ақиқат», «Ардагер» секілді жазушылық деңгейін  биікке көтерген шығармаларындағы айтылған ойлар да кештегі әңгіме желісіне айналды.  Шығармаларында  өзек еткеніндей, жазушы кездесуде де «адамгершілік бәрінен де биік тұрады»  деп түйіндеді.

 Кешті жазушының өзі қорытындылады.

– Кең байтақ Қазақстанды барлығымыз да Отанымыз десек те, туған жер, туған өлке, туған-туыс деген ұғымдар әркімнің өмірінен орын алады.  Мен де 75 жасқа келіп, ауылдастарымды көріп, өзімнің де қолдан келгенше не  бітіргенімді айтып, есеп бергеніме қуанамын. Қостанай –киелі жер. Бәрін былай қойғанда  ұлттың ғажайып ұстазы Ыбырай Алтынсариннің өзі алып тұлға дер едім. Алайда әлі де Ыбырайды жете тани алмай жүрміз. Қазақтың қарумен күресер уақытының өткенін,  адамға білім беріп, қоғамды кемелдендіріп, сол арқылы әр халық өзі үшін күресе алады деген идеяны алғаш түсінген, бастаған кісінің бірі  болатын. Ыбырай қорлықты да, бейнетті де көре жүріп, қаншама мектеп ашты. Сол мектептен білім алған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар Алаш идеясын өмірге әкелді, демек, бүгінгі Тәуелсіздігіміздің басында тұрғанның бірі Ыбырай Алтынсарин.   Сонымен қатар Қостанай топырағы берген Бейімбет Майлин –феномен адам. Суреткер Майлин шығармаларында Кеңес өкіметін жазып отырып, келеке етті. Ол әлемдік деңгейдегі ғажайып жазушы. Менің де жеткен жетістіктерім болса, туған жердегі осындай  ғажайып тұлғалардың, солар тастаған тәрбиенің  арқасы деп білемін, – деген ойлармен  аяқтады Төлен Әбдікұлы.

Жазушы мен оқырман  кездесуі  Төлен аға сүйіп тыңдайтын әндермен өрнектелді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ