Үкімет • 28 Қараша, 2017

Қауіпті өндірістік нысандардағы апат 60%-ға қысқарды — Ж. Қасымбек

581 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Қауіпті өндірістік нысандардағы апат 60%-ға қысқарды — Ж. Қасымбек

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру барысы туралы мәлімдеді.

«Соңғы жылдары жасалған ахуалдық талдау қауіпті өндірістік нысандардың апатсыз жұмысы оң қарқынға ие екенін көрсетті. Мәселен, 2016 жылы апаттар саны 2008 жылмен салыстырғанда 60%-ға төмендеген, апат салдарынан зардап шеккендер саны шамамен төрт есеге қысқарған», — деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша, жазатайым оқиғалар санын азайтудың негізгі себептері — өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында қауіпті бағалау жүйесін енгізу, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, уәкілетті орган мен бақыланатын кәсіпорындар арасындағы сындарлы өзара іс-қимыл жасау арқылы апаттардың алдын алу және оған жол бермеу жұмыстарын күшейту.

Сонымен қатар, министр жабдықтардың, ғимараттар мен құрылыстардың ескіруі, сондай-ақ қауіпті өндірістік нысан иелерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтамауы өндірістік қауіпсіздік жағдайына теріс әсерін тигізетініне назар аударды. Осыған байланысты, ведомство өнеркәсіптік кәсіпорындарды өндірісті жаңғырту мен автоматтандыруға ынталандыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

«Қазірдің өзінде ERG, KazZinc секілді кәсіпорындар «ақылды карьер», қызметкерлерді мобильді басқару, «ақылды фабрика» секілді Индустрия 4.0 элементтерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. KazMinerals кәсіпорындарында (Ақтоғай және Бозшакөл) өндірісті диспетчерлеу мен оңтайландыру жүйесі енгізілген. «Алтынтау Көкшетау» АҚ-да онлайн режимде карьерге мониторинг жүргізу және өнеркәсіптік интернет жүйесі енгізілген. Жүйеқұрушы кәсіпорындардың көптеген кеніштерінде қызметкерлерді құлақтандыру және жайғастыру жүйелері іске асырылған. Өңдеу өнеркәсібінде «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС, «Жігермұнайсервис» ЖШС, «Қайнар-АКБ» ЖШС секілді кейбір кәсіпорындарда роботталған дербес кешендер қолданылуда», — деді инвестициялар және даму министрі. 

Бұдан өзге, қазіргі заманғы нормалар мен халықаралық технологиялық талаптарға сәйкес нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мақсатында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар, Елбасының мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларының ауқымды тексерісін жүргізу туралы тапсырмасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы функциялардың 30% қысқартылады.

Қорытындылай келе, баяндамашы аталған міндеттерді жүзеге асыру қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтай отырып, қауіпті өндірістік нысандардың апатты жағдайларын төмендетуге мүмкіндік беретінін айтты.