Күрес • 28 Қараша, 2017

Бразилияда қазақ күресінен чемпионат өтті

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы Бразилияда Панамерика чемпионатын өткізді.

Бразилияда қазақ күресінен чемпионат өтті

Бразилия төріне төселген кілемге Латын Америкасының Мексика, Бразилия, Парагвай, Уругвай, Перу, Чили, Колумбия, Аргентина елдерінің балуандары қатысты.

Панамерика чемпионатында сегіз елдің балуандары 80 және 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде күреске түсті.

Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Серік Түкиев елімізден барған делегацияны бастап барды. Үйретуші маман ретінде күртеше киіп, кілемге де шықты. Бапкер болып талай балуанның томағасын сыпырған маман Латын Америкасындағы атан жілік, апайтөс балуандарға ұлттық күресіміздің әдіс-тәсілі мен ерекшелігін үйретті.

Нұрлыбек Ермағамбетов  Бразилия жерінде балуандарға белдесудің қыр-сырын үйретумен бірге бапкерлерге, төрешілерге арнайы семинар, кеңестер өткізді.

«Қазақ күресінен ПанАмерика чемпионатын өткізудегі мақсатымыз – ұлттық күресіміздің  насихатын арттыру. Алдағы уақытта Латын Америкасы елдерінде қазақ күресінің федерациялары ашылып, ұлттық спортымызбен шұғылданушылардың саны көбейсе – еңбегіміздің ақталғаны.  Біздің басты мұратымыз – қазақ күресін жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу. Алла сәтін салса, ол күнге де жетеміз. Қазақ күресінен әлемнің 40-қа жуық елінде федерациялар ашылды. Әлемнің 80-нен астам елінде федерациямыз ашылып, ұлттық күресіміз кеңінен таралса, бізге Олимпиада ойындарына жол кеңінен ашылады. ПанАмерика чемпионатын ұйымдастырудағы, арнайы семинар, кеңестер өткізудегі көздегеніміз де осы құрлықта федерациялар ашу», – дейді Серік Адамұлы.

Дзюдо күресі мен жекпе-жек спортына өте бейім  алып денелі панамерикалықтар ұлттық күресімізбен шұғылдануға ерекше ықылас танытты дейді біріншілікті ұйымдастырушылар.