Қазақстан • 28 Қараша, 2017

Астанада жыл соңына дейін 63 лифт ауыстырылады

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қалада лифтерді ауыстыру жұмыстары жалғасуда деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы. 

Астанада жыл соңына дейін 63 лифт ауыстырылады

Лифтерді жөндеу және жаңа лифтерді орнату жұмыстары Жирентаев көшесіндегі (14, 20/1, 22/2), Жұмабаев даңғылындағы (1),  Күмісбеков көшесіндегі (6), Қажымұқан көшесіндегі (26, 28), Абылайхан даңғылындағы (47,49) үйлерде басталды. Жыл соңына дейін аталған үйлерде ескі лифтер жаңасына өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша ауыстырылатын болады. 

Аталған үйлердің тұрғындары мемлекеттен көмекақы алып, лифтерді ауыстырыпты. Дәл осылай үйіндегі лифтерді ауыстыруды қалайтын қалалықтар құжаттарды «Өркен қала» бағдарламасының операторы болып табылатын компанияға жолдауы қажет. Бұдан кейін келісім жасалып, мердігер таңдалады. Үрдіс толығымен тұрғындардың бақылауында жүзеге асады. Көмек қарыз 15 жылға алынса, орташа есеппен әр пәтер (ауданына байланысты) 2 мың теңгеден төлейді.

Жыл соңына дейін аталмыш бағдарлама бойынша Астанада 63 лифт ауыстырылатын болады.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда елордадағы 5 тұрғын үйде 19 лифт пайдалануға берілді (Дүкенұлы көшесі 38 («Шаңырақ» ТК, 8 лифт), Сарыарқа көшесі 41 («Махаббат 1» ТК, «Махаббат 2» ТК, 10 лифт), Б. Момышұлы көшесі 16 (4 лифт), Кеңесары көшесі 65 («Эдем Палас» ТК, 1 лифт).. Қараша айының соңына дейін «Махаббат» ТК-де тағы да 4 лифт жұмыс істемек. Бұл 10, көп дегенде 15 жыл бұрын тұрғызылған үйлер. 

Мердігерлердің проблемаларын, көптеген шағымдарды, тұрғындарға төнген қауіпті, көтергіштердің апаттық жағдайын ескере отырып, Астана әкімдігі лифтерді ауыстыру ісіне қолдау көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың көктемінде Астана әкімі Әсет Исекешев қаланың лифт шаруашылықтарының барлығын тексеріп, бұл бағыттағы жұмыстарды ретке келтіру бойынша кешенді шараларды қолға алуды жүктеген болатын. Қазіргі таңда Астанада 6577 лифт тіркелген. Олардың 4879-ы тұрғын үйлерде, 1728-і әкімшілік ғимараттарда орналасқан.