Үкімет • 28 Қараша, 2017

Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды?

359 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жобасы мақұлданды. Сондай-ақ күн тәртібінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі мен республикадағы қоғамдық кеңестердің жұмыстары жөнінде мәселе талқыланды.

Үкімет отырысында қандай мәселелер талқыланды?

Мақсат – табысты экономикалық өсім

Алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының негізгі мақсаты сапалы әрі табысты экономика өсімін қамтамасыз ету, халықтың өмір сүру сапасын ЭЫДҰ-ға мүше елдердің деңгейіне жеткізу екендігін айтты.

– 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасы Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген. Бұл құжат Қазақстанның 30 дамыған ел қатарына кіру жолында «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруға бағытталған орта мерзімді мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші деңгейдегі құжаты болып табылады. Осы құжат негізгі мақсаттарына қол жеткізілген 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының орнына әзірленді, деді жоспарды таныстырған министр.

Жобаға сәйкес жылына кем дегенде 4,5-5% деңгейінде экономика өсіміне қол жеткізу жоспарланып отыр, бұл Қазақстанға жан басына шаққандағы ІЖӨ өсімі деңгейін 2025 жылға қарай 46 100 АҚШ долларына дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Т. Сүлейменовтің айтуынша, құжат жобасы түрлі деңгейде талқылаудың төрт кезеңінен өткен. Соның ішінде халықаралық ұйымдардың сараптамалық бағалауы да бар. Мәселені қарау қорытындысы бойынша, стратегиялық жоспар жобасын Үкімет мүшелері бірауыздан қолдап, Мемлекет басшысының қарауына жіберді.

Бақытжан Сағынтаев мұның өте маңызды құжат екенін атап өтті. Жоба Астана мен Алматының түрлі алаңдарында қаралды. Соңғы талқылау отандық сарапшылардың қатысуымен күні кеше өткізілді.

«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, экономикалық өсімнің жаңа моделін құруды және халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін құжат әзірленді. Аталған құжат еліміздің негізгі стратегиялық құжаты – «Қазақстан-2050»-ді іске асыруға бағытталған. Мақсат – 30 озық дамыған ел қатарына қосылу», деді Б. Сағынтаев.

Премьер-Министр аталған құжаттың мән-маңызын халыққа дұрыс әрі түсінікті тілмен түсіндіру маңызды міндет екенін айта келіп, Ұлттық экономика министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен, өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік қатаң сақталуы тиіс

Биыл еліміздегі қауіпті өндірістік нысандарда 11 апат болды. Ал былтыр осы уақытта өндірістерде болған апаттар саны 14-ке жеткен. Дегенмен, қолға алынған қауіпсіздік шараларының нәтижесінде өндірісте жарақат алу оқиғадары азайған көрінеді. Бұл туралы айтқан Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биылғы 10 айда болған апаттарда 12 адам зардап шегіп, 4 адам қазға болғанын алға тартты.

Қазіргі таңда министрліктің қадағалауында 230 мыңнан аса қауіпті өндірістік нысанды қамтитын 9 мыңнан аса кәсіпорын бар екен.

Министрдің айтуынша, жоспар бойынша тек қаупі аса жоғары өндірістер ғана тексеріледі. Қалған нысандарға жоспардан тыс тексерулер және

бақылаудың басқа түрлері жүргізіледі. «Бизнесті қолдау аясында өз жұмысын тыңғылықты жүргізіп отырған адал кәсіпкерлерді тексеруден босату секілді ынталандыру шаралары көзделген. Тіпті оларды қауіпті өндірістік нысандар тізбесінен алып тастау мүмкіндігі де бар. 2017 жылдың 10 айы ішінде 1558 тексеру жүргізілді, олардың арасында кестеге сәйкес 923, жоспардан тыс – 635 тексеру болды», дейді Ж.Қасымбек.

Тексеру барысында 40 мыңнан аса бұзушылық анықталды, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп тұрған 880 қауіпті өндірістік нысан уақытша тоқтатылып, 24,5 млн теңгеден аса сомада 1821 айыппұл салынған.

Бүгінде министрлік өндіріс орындарындағы апат санын азайту бойынша бірқатар шараларды қолға алыпты. Айталық, осы уақытқа дейін өндірістерде қолданылып келген адам өміріне қауіпті қоспалар мен заттар заманауи түрге ауысқан. Мысалы, бұрын құрылыстарда хлор пайдаланылса, қазір ултракүлгін сәулені қолдану кең етек жайыпты. Сондай-ақ, зауыт бекіткен қолдану мерзімі өткен техникалық құрылғыларды жаңасына ауыстыру, өндірістерде қолмен жұмыс істеуден гөрі автоматтандырылған жүйеге көшу секілді жұмыстар қолға алынған. Енді еліміздің өнеркәсібінде енгізіліп жатқан төртінші индустриялық революция біраз өндіріс орындарына заманауи технологияны енгізіп, цифрландыруға жол салады деп күтіліп отыр.

Өнеркәсіптік қауіпсіздікке байланысты сөз сөйлеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қазір елімізде халықаралық талаптарға сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын, бұл үдеріс 2021 жылға қарай аяқталатынын жеткізді. Бүгінде республика бойынша 1400-ден астам кәсіпорын Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау стандарттарын енгізіп, 131 жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптарына сәйкестігін ерікті түрде мағлұмдау сертификатына ие болған. Мұндай құжатқа ие болғандар жоспарлы тексеруге жататын кәсіпорындар тізімінен үш жылға босатылды.

Қоғамдық кеңестерге қолдау қажет

Қазіргі таңда елімізде түрлі деңгейдегі 229 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның ішінде республикалық деңгейде – 16, өңірлік деңгейде – 213 кеңес. Олардың құрамында барлығы 4 мыңнан астам адам бар. Бұлар мемлекет пен халықтың арасында көпір болып, елді алаңдататын мәселелерді билікке жеткізуді басты нысанасына алған. Үкімет отырысында сөз сөйлеген Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев бүгінде қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл кеңестер халықты толғандыратын мәселелердің мониторингін жасап, азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын сараптау тетігін енгізіпті. Дегенмен де бүгінде қоғамдық кеңестердің қызметіне кері әсерін тигізетін мәселелер бар. Министрдің айтуынша, оның біріншісі кеңестердің сапалық құрамы болса, екіншісі – қажетті қаржыландырудың болмауы. Алайда кейбір сарапшылар қоғамдық кеңестерді мемлекет қаржыландырса, олардың өз алдына тәуелсіз ұйым болу сипатынан айырып, билікке бағынышты ететінін алға тартады. Соған қарамастан министр жекелеген бюджеттік шығындарды қарастыру қажет деп танып отыр. Мәселен, аймақтарға шығу іссапарлары мен кеңсе шығындарын мемлекеттен қаржыландырған жөн.

«Үшіншіден, кеңес мүшелерінің пікірінше, қарастырылатын нормативтік-құқықтық актілер санының артуынан, кеңестердің жұмыс көлемі ұлғайған. Сонымен қатар нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс жүргізу үшін арнайы білім мен салалық біліктілік қажет. Осыған орай, құқықтық актілерді қарастыруды кеңес мүшелерінің өз шешіміне қалдыру мүмкіндігін беру керек», деді ол.

Бұған қоса, министрлік тарапынан мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдердің жобаларын әзірлеу мен талқылау процесіне қоғамдық кеңестердің әлеуетін белсендірек пайдалану, қандай да бір маңызды жайттарды қоғамға жеткізу үшін қоғамдық кеңестер өкілдерін тарту бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»