Президент • 29 Қараша, 2017

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Беларусь Республикасына барды

291 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласына барды.

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Беларусь Республикасына барды

Президенттің екі күнге жоспарланған сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына, Қазақстан-Беларусь бизнес форумына және басқа да іс-шараларға қатысады деп жоспарланған. 

Бір айта кетерлігі, Қазақстан мен Беларусь арасында әртүрлі салалар бойынша 70-ден астам келісімшарттар жасалған. Ал екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына биыл 25 жыл болды. Қазақстан ТМД елдері ішінде Беларусь Республикасының негізгі сауда серіктестерінің бірі саналады. Еліміздің Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 364,5 млн долларды құраған. Ал 2017 жылдың қаңтар-тамыз аралығында бұл көрсеткіш 375,6 млн долларға жетті. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін Беларусь еліне 2012 жылдың мамыр айында ресми сапармен барған еді. Ал Александр Лукашенко Қазақстанға ресми сапармен 2013 жылы келді.  

Естеріңізге сала кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен осы жылдың 8 маусымында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі аясында кездесіп, екіжақты серіктестіктің маңызды мәселелерін талқылаған болатын. 

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"

Минск