Қазақстан • 28 Қараша, 2017

Энергетика вице-министрі болып Болат Ақшолақов тағайындалды

604 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет Қаулысымен Болат Оралұлы Ақшолақов Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Энергетика вице-министрі болып Болат Ақшолақов тағайындалды

Министрліктің активіне жаңа тағайындалған вице-министрді ведомство басшысы Қанат Бозымбаев таныстырды.

Еске сала кетейік, 10 қазандағы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі еліміздегі бензин бағасын реттей алмауына байланысты сол кездегі Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовты қызметінен босатқан болатын.

Болат Ақшолақов 1971 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Мамандығы бойынша - экономист.

Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. 1995-1997 жылдары Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінің активтерді басқару бөлімінің маманы, бөлім бастығы, директордың орынбасары қызметін атқарды.

1997-2003 жылдары «Қазақойл» ҰК» ЖАҚ Теңіз жобасы бойынша аға сарапшы, менеджер, департамент директорының орынбасары, Commonwealth & British Services Ltd. бизнес-талдаушысы, стратегиялық жоспарлау жөніндегі менеджері, қаржы директоры болып еңбек етті.

2003-2006 жылдар аралығында - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ БК-да үлесті басқару жөніндегі атқарушы директор.

2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасының Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі болып қызмет атқарды. 2008-2011 жылдары - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры, «PSA» ЖШС бас директоры, «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ басқарма төрағасы болды. 2012-2014 жылдары - ҚР Мұнай және газ вице-министрі.

2014 жылдың қыркүйек айынан бастап - «AlmexPetrochemical» ЖШС бас директоры. 2016 жылдың ақпан айынан бастап - «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры.

«Құрмет» орденімен марапатталған.