08 Қараша, 2011

Қазақ киносы – Лондон төрінде

462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Лондонда қазақ киносының апталығы өтті. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ және «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен өткен бұл шара барысында әртүрлі жанрдағы 12 фильм көпшілік назарына ұсынылды. Қазақ киносының апталығы бұл елде өткен айтулы фестивальдармен тұспа-тұс келді. Мәселен, бұл күндері та­ны­мал жұлдыздар Мадонна мен Кира Най­тли қатысқан британдық қос фестиваль және Иран, Корея, Ресей кино­лары­ның көрсетілімі өтті. Біздің отандық киноның шымыл­ды­ғы қазақтың салт-дәстүрін наси­хат­тай­тын және ұлттық әлемімізді жарқырата ашып көрсететін Сұлтан Қожықовтың қайталанбас фильмі «Қыз Жібекпен» ашылды. Бағдарлама аясында лондондық кө­рермендер «Транссібір экспресі», «Ба­ла­лық шағымның аспаны», «Сталинге сыйлық», «Көшпенділер», «Мұс­тафа Шоқай», «Жерұйық», «Біржан сал» фильмдерін тамашалады. Сондай-ақ жақында ғана үлкен эк­ранға жолдама алған Егор Михалков-Кончаловскийдің «А-ға оралу», Ақан Сатаевтың «Жою­шы», Қанағат Мұс­тафиннің «Серпін» және т.б. фильм­дер де апталық аясында көрер­мендерге жол тартты. Лондон жұртшылығының қа­зақстандық киноға деген қызы­ғушылығы айтарлықтай жоғары дең­гейде болды. Бұған дейін де бұл қалада қазақ­стандық өнер­паз­дардың қатысуы­мен талай рет тамаша концерттер өткен бола­тын. Ал отандық фильм­дердің дәл осы­лай кеңінен наси­хат­талуы мұнда­ бұ­рын-соңды болған емес. Орайы келгенде айта кетсек, жергілікті ба­сы­лымдарда, атап айт­қанда, «Financial Times», «Evening Stan­dard», «Time Out», «The Sunday Times», «Metro», «Pulse UK», «City AM», «Kom­mer­sant UK» газеттерінде қазақ кино­сының бү­гінгі жетістігін тал­дап көрсеткен көптеген мақа­ла­лар жа­рияланды. Сонымен қа­тар, Лон­дон­ның ор­талық­та­рын­да «Қа­­зақ­­фильм» ки­но­сту­дия­­сын заманауи өнім шығара білетін перспек­ти­ва­лы өн­ді­ріс ретінде та­ны­татын ірі жарнамалар ілінді. Осы апталыққа қа­зақ кино­сы­ның май­талманы Аса­н­әлі Әшімов бас­та­ған бір топ режиссерлер мен Берік Айтжанов, Карина Абдуллина, Қарлығаш Мұ­ха­меджанова сынды өнер иелері қатысып, қазақ өнері жайлы көрер­мен­дермен ой бөлісіп, пікір алмасты. Жұртшылық тарапынан қойыл­ған сауалдарға жауап берді. Ал фестивальдың ашылу сал­танатында Қазақстанның Ұлы­бри­таниядағы елшісі Қайрат Әбу­­­сейітов көпшілікке ел Тәуел­­сіз­дігінің 20 жылдығы туралы айта келіп, осы фильмдер арқылы қазақ халқының ұлттық мүддесі мен ұлттық болмысын тануға бола­ты­нын тілге тиек етті. Осы­лайша еу­ропалық аудитория та­би­ғи ресурс­тарға бай Қазақ­стан­ның рухани тіршілігімен де жете танысты. «Егемен-ақпарат».