Қазақстан • 28 Қараша, 2017

Алматыда Мемлекеттік Күзет сарбаздары ант қабылдады

626 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы жыл еліміздің Мемлекеттік күзет қызметі үшін мерейлі жыл. Себебі, МКҚ ізашарлары – Қазақстан Республикасы Президентінің күзет қызметі мен Республикалық ұланның құрылғанына 25 жыл толып отыр. Ширек ғасыр бойы өз қызметін мінсіз атқарып келе жатқан құрылым қатары биыл да жас сарбаздармен толықты.

Алматыда Мемлекеттік Күзет сарбаздары ант қабылдады

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне Мемлекет Басшысының, күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік эталондарды күзету және мемлекеттік-протоколдық іс-шараларға қатысу жөніндегі маңызды және жауапты миссия жүктелген.

Еліміздің барлық өңірлерінен әскери қызмет атқару және Отан алдындағы конституциялық борышын өтеу үшін жаңадан қабылданған 295 сарбаз Алматыдағы 0111 әскери бөлімінде салтанатты түрде Әскери ант қабылдады. Бұл акт ерекше әскери жоралғы саналып,  әскери қызметшілердің бойындағы патриотизм, Отанға және Президентке адал болу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қатарында адал қызмет атқару сияқты қасиеттерге тәрбиелейді.

– Күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде Қызметтің офицерлері әскери қызметке 2500-ден артық үміткерді зерттеп-зерделеді, бір орынға 8-9 адамнан келді. Әскерге шақыру нәтижесі бойынша Қызмет қатарына шақырылған жас сарбаздардың сапалық сипаттамасы жоғарғы деңгейде екенін көруге болады. Көптеген әскери қызметшілердің жоғары және орта-арнайы білімі, сондай-ақ спорттық жетістіктері бар. Қызмет үміткерлеріне қатаң талаптар қойылды. Ең бастысы мықты денсаулық, білімімен қатар, бет-әлпетінің сымбаттылығы болуы шарт.  Мәселен, бойы 180 сантиметрден 190 сантиметрге дейін, бойы мен салмағының қалыптылығы, орта (толық) білімінің болуы оқу және жұмыс орындарынан берілген жақсы мінездемелері ескерілді. Үміткердің моральдық-іскерлік қасиеттеріне және дене шынықтыру дайындығына ерекше назар аударылды.  Әскери қызмет үшін іріктеліп алынған үміткерлер ҚР ҰҚК органдарынан арнайы тексеруден өтеді. Сарбаздар бір ай бойы жас жауынгер курсынан өтті және бүгін өте қысқа мерзімде алған машық-дағдысын көрсетті, – дейді Мемлекеттік күзет қызметі «Батыр» Президенттік полкінің майоры Қайрат Тарин.

Сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсіміне Алматы қаласы Әкімдігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің ардагерлері, жас сарбаздардың ата-аналары мен туыстары қатысты.  ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілері өздерінің шеберліктерін, кәсіпқойлығы мен іс-қимылдарының үйлесімдігін көрсетіп жиылғандарды тәнті етті. Сондай-ақ Президенттік үрмелі аспаптар оркестрі мен құрмет қарауыл ротасы плац-концерттің (дефиле) жаңа бағдарламасын көрермен назарына ұсынды.

Отан алдында ант қабылдаған сарбаздар алдағы уақытта ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдері бойынша таратылып әскери мерзім аралығында жүктелген аса жауапты міндеттерді атқаруға кірісетін болады.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ