Аймақтар • 29 Қараша, 2017

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде «Елін сүйген - Елбасы» көрмесі ашылды

389 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Елін сүйген - Елбасы» көрмесінің ашылу рәсімі өтті.

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде «Елін сүйген - Елбасы» көрмесі ашылды

Шараға Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың Днепродзержинск техникалық училищесінде бірге оқыған курстасы Каримов Әсетулла, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, Елбасытанушы Садықов Сейдолла,облыстық мәслихат депутаттары Тәңірбергенов Рахым, Сүйлейменов Баймахан, Түркістан қалалалық ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының төрағалары мен мүшелері қатысып жәдігерлер көрмесінің лентасын қиды.

Тарихи танымға толы шарада «Əзірет Сұлтан» қорық-музейі қорынан 100-ге жуық құнды дүние орналастырылса, оның ішінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1985 жылы Қазақ ССР Министрлер кабинетінің басшысы, егеменді, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті тұсындағы, бауырлас Түркия Республикасының Президенттері Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел, Ахмет Сезар, Абдулла Гүл, Р.Т.Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримовтармен Түркістандағы ресми кеңестері мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сыйға берген Құран кітаптары, қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде жарық көрген «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Қазақстан жолы», «Казахстанский путь», «Бейбітшілік кіндігі», «Туған елім — тірегім», «Евразийский Союз идеи, практика перспективы», «Kutup Yildizi», «Nursultan Nazarbayev» атты жарық көрген кітаптары бар.

«Киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі түркі халықтарының, оның ішінде исі қазақтың айрықша құрмет етіп, тәбәрік тұтар мекені. Ұлы ұстаздың рухани ілімі бағзы заманнан бері шынайы еркіндікке, тәуелсіздікке жеткізетін жол ретінде танылған. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» деп өткен кешегі қазақтың хан-сұлтандары ел басқару ісінде Ясауи қағидаларын негізге алған. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Түркістан мен оның ұлы ғимаратын бүгінгі ұрпақ қазақ мемлекеттілігі тағдырмен тығыз бірлікте қарастырады. Ұлттық бостандығымыз бен іргелі елдігіміздің ақ ордасы, асыл көзі деп ардақ тұтады» деп киелі мекеннің дәрежесін одан әрі айқындай түсті. Осы алтын сабақтастықтың бүгінгі күнге дейін тіні үзілмей жеткендігін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен тарихымызға, рухани мұрамызға деген ізгі ниетімен, ілтипатымен байланыстыруға болады.

Әркез бабалар дәстүріне айнымас адалдықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан Елбасымыз Әзірет Сұлтан кесенесінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуіне тікелей мұрындық болды»-дейді, қорық-музей басшысы Н.Ахметжанов.

Елбасы 1985-1988 жылдары Қазақ ССР Министрлер кабинетінің басшысы қызметін атқарып жүрген тұста, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы ат басын бұрып, мұндағы атқарылып жатқан іс-шаралармен танысса, одан бері де сапары үзілген жоқ. Еліміз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, егеменді мемлекет ретінде еңсесін тіктеген кезеңде Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркістан қаласының абыройын асқақтатар, күллі түркі жұртының басын қосуға бағытталған жобаларды бекітті. Тұңғыш рет киелі мекеннен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті ашылды. Сонымен қатар кесененің көрік-келбетін қалпына келтіруге күш жұмылдырып, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге мүмкіндік берілді . Президенттің Әзірет Сұлтан кесенесіне жасап отырған қамқорлығының арқасында «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында көне шаһардың шынайы шежіресін айқындау қолға алынса, аталған бағдарлама аясында орындалған нәтижелі еңбектердің өзі бір төбе.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өз қаламынан туындаған кітаптар мен ой-толғамдарында Қожа Ахмет Ясауидің рухани ілімі мен оның қазіргі кездегі қажеттілігіне баса назар аударып, оның тарихи-мәдени маңызына қатысты елеулі тың тұжырымдар түйіндесе, «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Ғасырлар тоғысында» атты кітаптарында Ясауи қалыптастырған ілімнің құндылығы жөнінде де маңызды пікірлерін жолдады.