Қазақстан • 29 Қараша, 2017

Өскеменде оқу-жаттығу орталығы ашылды

500 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскеменде облыстық Ішкі істер департаменті қызмет­керлеріне арналған оқу-жат­тығу орталығы ашылды. Жа­сы­ра­тыны жоқ, өңірде ұзақ уақыт бойы жеке құрамды жауын­герлік дайындыққа оқыту және дағдыларын жетілдіруге бағыт­талған мұндай арнайы база бол­маған еді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл облыс әкімдігінің қолдауымен ІІД қара­мағына аумағы 1 гектардан асатын екі ғимарат беріліп, жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 357 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген-ді.

Өскеменде оқу-жаттығу орталығы ашылды

Жаңа орталықта құқық қорғау органдары қызметкерлерінің оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бар­лық жағдай жасалған. Мұнда заманауи интерактивті тир, қару-жарақ қоймасы, тренажер залы, күрес залы, кедергі жолақтары бар спорттық қалашық, мәжіліс залы, 50 төсек-орындық казармалық үй-жай мен асхана бар.

Орталық соңғы үлгідегі бейнебақылау және арнайы байланыс жүйелерімен, кабинеттері қазіргі заманға сай құрылғылармен жабдықталған. Келер жылы бұл жерде атыс тирі мен тағы бір спорт алаңы пай­да болмақ. Алдағы уақытта орта­лыққа облысымыздың бар­лық аудан-қаласынан полиция қызметкерлері келіп, алты күн­дік оқу-жаттығу жиындарына қаты­сып, кәсіби біліктіліктерін арттыратын болады.

«Бір жарым жыл бұрын бұл ғимарат бос тұрған еді. Қажетті қаражатты бөлдік. Енді облыс­тық ІІД жеке құраммен тео­риялық және тәжірибелік тұрғыда оқыту өткізу үшін жақсы база бар. Мұнда дайындықтың барлық түрінен өту арқылы қиын да қауіпті қызметтеріңізде кез­десетін кез келген жағдайға да­йын болғандарыңызды қалай­мыз. Осы ретте сіздерге айтар жа­ңа­лы­ғым, келесі жылы ішкі істер қыз­меткерлеріне арналған үйдің құ­ры­лысын бастаймыз», – деді облыс әкімі Даниал Ахметов жаңа орталықтың ашылу салтанатында.

Реті келгенде айта кетейік, биыл облыстық бюджеттен ІІД ма­те­риалдық-техникалық қорын жақ­сарту мақсатында 3,5 млрд теңге бөлініп, 276 автокөлік пен 10 автобус сатып алынған-ды. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер құрылымын автокөлікпен қамтамасыз ету және техникалық қаруландыру бойынша республикада алғашқы орында тұрғанын ерекше атап өтуге болады. 

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар

Термо шам

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:18

Face ID қалай пайда болды?

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:15

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:12