02 Ақпан, 2010

КЛАССИК НЕМЕСЕ МҰХТАР МАҒАУИННІҢ МӘҢГІЛІК КҮЙІ

7689 рет
көрсетілді
47 мин
оқу үшін
Әдебиеттің “сегіз қиыр шартарап” ғаламында өзінің сәруар сәулелі әлемін жасайтын қаламгерлер сирек. Бұл шапағатты бақыт кез келгеннің маңдайына бұйыра бермесе керек. Айталық, “Абай әлемі”, “Әуезов әлемі” дейміз. Заманалар зарлығы, қазақтың Махамбеттен кейінгі қызғыш құсындай, Бұқар жыраудан кейінгі ұлт ұраншысындай Мағжан­ның мұздай құрсанған қайсар да мұңлық байтағы бір бөлек. Осы аталған және аталмаған Алаш руханиятының алыптарымен арқаулас, алқаулас һәм рухтас та бауырлас Мұхтар Мағауин әлемінің де ілкіде сонау ел анасы “Еділден аққан сызашықтай” бірте-бірте жылғалана арна тартып, ұлттық рух кеңістігін мың жылдық қобыз үніндей әуелете кернеп, бұрқанған бұлтты аспанда қаракөктене мұнартып келіп, ақтығында Алаш баласының тоқсан толғаулы жан күйін толғаған аласапыран ұлы сарынға ұласқаны да күн сайын атар таңдай ақиқатқа айналғалы қашан. Ата-баба аруақтарынан аманат арқалаған алдаспан жазушының мәңгілік күйі де осы Мағауин әлемінің айнасындағы Алаш рухты аласапыран сарын екендігін зиялы қауымның құйма құлақ, зерен көкіректері қапысыз аңғарып, ұққанына және күмәніміз жоқ. Жә, менің Мұхтар Мағауинім қашан басталды? Кезінде Мұхаңмен астыртын-ашық, еркінсіп еркелей білім жарыстыруға дәт-батылы жеткен жүрегі түкті Жұртбаев Тұрсынның кейіпкерге айналу кебін кимесек те, жастайымыздан үлгі тұтып келе жатқан ардақты ағамен ішкі бір үндестігіміз, әрдайым толқулы жүрер көңілдегі ортақ иірімдеріміз, сірә, бар болар деп шамалаймыз. Ағаны алғаш көруім 1970 жылдың шіл­десі. Толық 17-ге де толмаған қауырсын қанат қара баламын. Алматыға оқуға түсуге келгем, бірақ басқа ешқайда бұрылмастан әуелі Жазушылар одағына кіргем. Бірінші қабаттың сол қанатындағы “Жалын” жур­налының редакциясының табалдыры­ғынан именбесем де, ұяң аттағаным күні бүгінгідей көз алдымда. Көзі қуақы нұрмен күлімдеген қияқ мұртты жігіт ағасы жылышуақ сұрақ­­тарды бастырмалата төгіп тастады. Қайдан­сың? Қай оқуға келдің? Бұдан бұрын бір жерге бардың ба? Өлең әкелдің бе?.. Көк­ше­тауда қазақ қалып па еді өзі?.. (Мұхаң­ның қандай сападағы қазақты айтып тұр­ғанын кейін білдік қой!) Көкшеге сөз кел­ген­ге намыстандым ба: “Көкшетауда қазақ бар болғасын келіп тұрмын ғой!” деп салып­пын. Осы сәтте қияқ мұрттың көзін­дегі қуақы күлкі жалт-жұлт қайшыласа ойна­ды да, сол жақта отырған қағылез қар­шыға бой­лыға қарата: “Әй, Жарасқан, мына баланың Алматыда бірінші аттаған табал­ды­рығы біз екенбіз. Талабы қайтпасын. Тауаны шағыл­масын. Ана дәптерінің ішінде жарай­тын бір өлең болмауы мүмкін емес. Ішінен біреуін таң­дап ал да, осы қазір кетіп бара жат­қан нөмірге салып жібер” дегені. Бол­ғаны сол. Үш ай өткенде курстастарым “Жалын” журналына Қорғанбектің өлеңі шығыпты деп сүйіншілеген кезде сол өлеңді шығарған кісінің Мұхтар Мағауин екендігін мен толық түйсініп, түсініп, саналы түрде зерделей алып едім деп әлі күнге дейін айта алмай­мын. Жарасқан ақынға ат ізін салып жүрсем де, республикалық әдеби журналда бозөкпе баланы алғаш жарияға шығарған Мұхаңа бір ауыз рахмет айту ойымызға кірмепті. Бірақ Мұхтар ағамен жолымды қиылыс­тыра берген тәңірдің жазуы шығар демеске де лажым жоқ. 1984 жылы Көкшетауда жүріп, бір жағынан ол жақта да “қазақтың бар екенін” білдіріп, “Аласапыран” романы туралы мақала жазып бастырыппын. Бұл туындының қазақ тарихи романдарының үздік үлгілерін еске түсіретінін, өзінің Ораз-Мұхамедін М.Мағауин ыстық сүйіспен­ші­лігімен аялай жырлап, парасатты парыз арқалатып, тарихи биікке көтере білгенін атап айтыппын. Алайда, автор менің бұл інілік ізетімнен бейхабар қалғанына күмәнім жоқ. Дегенмен де, қарап жүрмей, кейінірек “Жұлдыз” журналына “Ерте оянған бұлақ­тар” атты бір әңгімемді жолдамаймын ба. Сонда тағы да жаңағы көп жасағыр Тұрсын Жұртбайдың ақкөйлек дәнекершілігімен Мұхтар аға журналға әңгімені шығарудан бұрын, әуелі қияндағы Көкшетаудан мені “Жұлдызға” жұмысқа шақыртып алдыртып еді. Бұл, енді 1989 жылдың қаңтар-ақпаны, советшіл емес, қара тырнағына дейін қазақшыл жазушы М.Мағауиннің Көкшетау қазағының да қазақшылдығын мойындаған жылы еді. Сонан бергі жиырма жылда негізінен ағаның айналасынан табылдық. Біраз шы­ғар­маларын, мақала толғамдарын қол­жаз­ба, терімдегі күйінде алғаш оқу, тіпті, өзіне пікір айту бақытына да ие болдық. Мінез-құлық, мәнер-машықтарына қанық­тық. Қасындағы жігіттердің қай-қайсын да жақсы көріп, қамқор болды. Басқа газетте істеп жүрген кезімнің өзінде анам қайтқанда таңертеңнен кешке дейін менің Талғардағы үйімде болып, жалғызсыратпай, үлкен басымен қайғымды көтеріскенін қалай ұмы­тар­мын. Баз біреулер діні қатты деп сана­са да, әр сағаты санаулы қаламгердің ізгі жүректі, кісілік мейірімі еді бұл. Өз басым Мұхаңнан асқан алды кең, жұмсақ бастықты көрген емеспін. Не нәрсені бол­сын кісінің өз ар-ұятына салады. Осындай азды-көпті жағдайларды ескере келгенде, бір заманда қарт Шыңғыстың сыртындағы Саят қорада сая тапқан ғұлама Шәкәрім атасын­дай бүгінде қазақ рухының пырағындай болып халқы алдындағы қалам сертін қапы­сыз ат­қарып жүрген жазушы, әдебиет­тану­шы әй­гілі ғалым, танымал тарихшы Мұхтар Мұқан­ұлы Мағауин хақында бір ауыз сөз айтуға біздің де хақымыз бар шығар деп ойлап едік. Жоғарыда алғаш көруім шілде айы дедім ғой. Иә, дәл осы уақыт М.Мағауиннің де әуелгі қадамдардың қияпатты болса да аса нәтижелі бел-белестерінен өтіп, алғашқы заңды асу-қамалдарды алып, енді өзінің “көкорай шалғын бәйшешегі” қаулап та қаптай өсер, ұзарып толысар кемел шілдесі­не аяқ басқан, шалқар айдынға кеме салған шапағатты шағы екен-ау. Жазушы шығарма­шылығының қуанышы мол жазиралы жазы жаңа басталған. Өмірінің һәм қаламгер­лігі­нің қызуы қайтпас тамызына дейін, қазақ елінің екі жүз нешеме жылғы құлдықтан құтылуына жол ашқан Тамыз бүлігіне дейін әлі жиырма жылдан астам уақыт бар болатын. Бірақ жас Мағауин осынау кемел шіл­де­сіне дейін-ақ әдебиеттану ғылымында өзінің алғашқы романы “Көк мұнардағы” еркін ойлы, биік кеуделі, өр мұратты кейіпкері Едіге аңсайтын, елдікті бірлеген ерліктерді жасап-ақ тастап еді. Әулие шал, ұлтшыл ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың ширек ғасыр бойы жіптіктей сәулеленген асыл үмітін ақтап, советтік солақай саясат пен өзіміздегі жандайшап сананың тасқама­лын бұзып, әдебиетіміздің тарихын ит мұрыны батпас үш ғасырдан көктей өткізе, арғы замандарға шегіндіру тек Мұхтар Ма­ғауин сынды жанкештіміздің ғана қолынан келді. Ғылымның машақатты қия жол­дарын­да соның зарын да тартып, қуаны­шына да бөлене жүріп, ауыр еңбектің миға шек­тірген мехнатына шыдап, үміт пен сенім­нен айрылмаған жас ғалым, Қазақ уни­­верситетінің аспиранты “XV-XVІІІ ғасыр­­ларда жасаған қазақ ақын, жырау­лары” деген тақырыптағы іргелі де батыл монографиялық зерттеу еңбегін қорғап паш ету арқылы қазақ әдебиетінің қалыптасқан тарихына қаншама жаңалық, түбегейлі де түбірлі өзгеріс әкелумен бірге төл әдебиеті­міздің бастау тұмасын XV ғасырға, қазақ мемлекеттілігі мен Қазақ хандығының бағ­зы­дағы ілкі дәуіріне алып барып еді. Осы­­ның өзі мен деген дырау ғалымның өмір-бақи мақтаныш етіп, нәпақа қыларға тақия­сына тар келмес толағай тарихи еңбек-тін. Бірақ сонымен тоқмейілсіп тоқтап қалу Мағауиндік мәрт мәнер, мәнді мінезбен еш сыйыспайтын. Оның әуел бастанғы аңсар-зары: жан-жүрегіне үзілмес кіндіктей байланған жазу­шылықтың мәңгілік шемен күйі бір сәтке де тоқтау, толас таппағанын көреміз. Ең бір ғажап нәрсе, ол әуел бастан-ақ қазақ жазу­шысы, туған жұртының тұлғасы болуды ар­тық бақыт санады, әдебиетті – киелі іс, қалам­герді – ұлттың ұлы мұратын жүзеге асырушы, ықылымнан бергі ата-бабалар арманын алға апарушы және аруақтар аманатын арқалаушы деп білді. Қасиетті қалам ұшында айнымас серт ұстанды. Әде­биетте ұстанар алтын қазығын дұрыс айқын­дап алды. Ол – Алаш мұраты еді. Әдебиетке тәңір бұйрығымен, тағдырдың пешенелі жазуымен осылайша саналы түрде келген екі жазушы болса бірі, біреу болса дәл өзі Мұхтар Мағауин деп айтуға оның жарты ғасырлық қат-қабат қаламгерлік жолы, Абылай аспастай әдеби асулары кәміл сенімділік беретіндей. Заманының тірі классигі саналған Ғабит Мүсірепов ақсақал М.Мағауинді кезінде “Әйел махаббаты” және басқа да алғашқы әңгімелерінің өзімен қазақ әдебиетінің алдыңғы қатарына шығыпты деп бағалауы тегін емес. “Әйел махаббаты” деген осы бір жұмбақ сипатты әңгіме. Оқыған кезде адамды магниттей баурап тартады. Әдемі мұңға бөлейді. 1961 жылы бір-ақ күнде жазылған, сегіз жыл бойы ешбір баспа орны қабылдамай қойған осы әңгімесінде автор шын мәнісінде еуропалық биік әдеби мәдениет өресіне жеткен дер едік. Осы орайда және өзінің соған дейінгі қазақ әдебиетіне тосын, өзгеше мінезімен бұл шығарма Мұхтар Әуезовтің алғашқы әңгіме­лері мен Мағжанның “Шолпанның күнә­сін” еске түсіргендей, солармен тағдырласа үндесіп тұрғандай әсер қалдырады. Сол әңгімеде махаббат шері де, заман тынысы да, әлеуметтік салмақ та бар. Киноға кере­меттей сұранып тұр. Бір ғана бұл емес. Мұхаң­ның басқа да талай-талай шығар­малары. Өзіне керегін аңдамайтын қазақ киногерлеріне осындайда қайран қаласың. “Әйел махаббатындағы” биік әдебиет мәдениеті студенттік бастау кезеңінде жа­зыл­ған, екі-үш жыл бойы газет-журнал­дардағы белгілі ағалары “бәрекелді!” деудің орнына өзін күстәналап сөккен “Кеш­құрым” әңгімесінде де бар. Бұл әңгімені 1964 жылы алғаш “Жұлдыз” журналына бастырып бағын ашқан Қадыр Мырзалиев екендігін Мұхаң қашанда алғыспен еске алады. Бір қызығы, өз мықтыларымыздан сөгіс естіген сол әңгіме көп ұзамай орыс тілінде өткелексіз жарияланып, бүкілодақ­тық “Огонек” журналының сыйлығын еншілегеніне не айтарсыз. Өкінішке орай, болмай қалмаған мұндай-мұндай қысастық­тар талант жолының ауыр кешулерін танытса керек. Сол шытырман жолдағы жазушының тартқан жан азабы рухани еркіндікке ұмтыл­дырып, тәуелді заманда тәуелсіз сөз айтуға жетелейді. Алпысыншы жылдардың аяғында “Қара қыз” бен “Тазының өлімі” хикаят­тарындағы ұлттық мәселеге пейіл мен бейіл берген кейбір жағдаяттар соншалық батыл­дық­пен, шығармаға табиғи кіріктіріліп қалай жазылғандығына қазірдің өзінде жағаңды ұстағандайсың. Байқап отырсаңыз, содан бергі уақытта М.Мағауин шығармашы­лы­ғында аз да болса ұлттық идеямен тұздық­талмаған немесе тұтастай соған құрылмаған туынды кездестіруіңіз қиын. Социалистік қоғамның іштен ірітіп, аздырып-тоздырған, жегідей жеген жұлынқұрт дерттері әр шы­ғар­масынан дерлік көрініс тауып отырды. Бір қарағанда бейкүнә көрінетін “Тұлым­ханның бақыты” әңгімесінде әйелі үй кеңейту есебімен, бәлкім, басқадай да бір тойымсыздықтарын қанағаттандыру үшін Алматыда алшаңдаған армян бастығымен ашына болып, өзі командировкадан артылған бес-он тиынды олжа санаумен көңілсіз де күйбең тірлік кешкен тоғышар да маубас, ынжық қазақ интеллигентінің бақытының сиқын бажайлағанда адамның іші күңіреніп ұлып қоя бермеуші ме еді. Иә, нақ осы тұрғыдан келгенде, жетпісінші жылдардың басында Мағауин жазушының жете меңгерген бір дара қасиет-сапасы тап сол күндердегі өмір шындығын санаға сіңіріп, ой қазанында қорытуға ұзақ-сонар уақыт өткізбей, бірден нанымды да сенімді, шынайы қалпындағы көркем шындыққа айналдыра білуі болатын. Қалай десек те, шығармашылық шілдесі­не қадам басар алдындағы, әуелгі кезеңнің соңындағы ең биік туынды – “Тазының өлімі” хикаяты қырық жыл бойы әдебиетші­лер қауымының әрбір толқынын айрықша шабытпен балқыта құйылған мәнерлі мінсіздігімен таң қалдырудан жазбай келеді. Сұлу мүсінделген, шынайы түзілген, күрделі сомдалған, терең шымырлаған осынау тартымды хикаят қаламгердің классикалық өреге көтерілгенін айғақтады. Одан кейінгі уақытта, ұлы Әуезов: “Е, бәлі, аты да, фами­лиясы да жақсы екен” деп сүйсініс білдіре­тін Мұхтар Мағауин есімді жазушы­ның сол деңгейден төмендегенін талғампаз жұрт­шы­лық білген де, көрген де емес. Керісінше, сол деңгейден әлдеқайда биік шырқап шарықтағанына, Ақан серінің Құлагерінің кейінгі көзіндей Мағауия атасының Нар­қызы­лынша көсіле шауып, өнер бәйгесінде озғанына бәріміз куә-дүрміз. Жетпісінші жылдардағы Мағауин қазақы болмыс-бітімді көркем кейіптеп таңбалауды саналы түрде мақсұт тұтқан ұлттық ділдің ұраншысына айнала бастайды. Өмірді табиғи нанымды түрде шынайы әрі шыншыл суреттеудің шеберлік машықтарын жан-жақты игереді. Әуелгі әңгіме-хикаят­тарда сыздықтап басталып, шым-шымдап шыжымдалған ұлттық идеяның шерлі шамыр­қанысы тұңғыш роман “Көк мұнар­да”, әсіресе осындағы жас кейіпкер жазып жатқан роман үзіктерінде, яғни роман ішіндегі романда түркілердің кең сақара­сындағы ұлы сарын, жойқын дүбірге ұласады. “Менің бойымда Елтеріс, Естеми­лер, Күлтегіндер заманындағы көшпен­ді­лердің қаны бар!” деп кеңестік кер заманда “Көк мұнардың” беттерінен өр дауыспен жігерлене де тебірене жар салған Едіге деген өр мінезді жас қазақ, шынына келсек, тірі суреті кейіптеліп кітапқа түскен Мұхтар Мағауиннің өзі болатын. Қазақтың жас ғалы­­мының басына түскен тауқыметті ар­ман-зарын, алғашқы талайсыз махаббатын мөлдірете, таңғы тұнық ауаның сарқыраған ағынындай жан сарайын аша төгілдірген “Көк мұнар” 70-ші жылдардың басында оқырман қауымның, әсіресе сол кездердегі алабөтен кітапқұмар студент жұртшылы­ғының көзайымына айналғанын білеміз. Сөйте тұра, әдебиет сыншыларынан сөгіс естіген, түсіністік таппаған. Бұған таңдануға да болмас. Себебі, өз уақытынан, өз келесі­нен мойны озық жүйріктердің маңдайына жазылған тиесілі сыбаға екен-ау бұл деге­ні­ңіз. Десе де, Мұхаңның өзі бар тұнығы­ның бастауында тұрған, сол тұстағы қоғам­дық ой мен ұлттық сананың айғақты үлгісі болған “Көк мұнарды” күні бүгінге дейін мақтан тұтуы орынды һәм заңды деп білсек керек. Жазушының суреткерлік дара қолтаң­басын айқындай түсер бір ерекшелік сол, тұтастай алғанда, оның туындылары кеңес­тік кезеңдегі қазақ қоғамының жалпы кескін-келбетін, ішкі иірім-ағыстарын, сон­дағы дала қазағының да, қала қазағының да заман ырқымен өзгеріп жатқан мінез-құлқы мен психологиясын көз алдымызға айныт­пай келтіреді. Және осынысында бір мақ­сатты жүйе бардай көрінеді бізге. Осыған қарағанда, жазушының бағзыдан келе жатқан қазақ өнері мен ұлттық діл-дәстүрдің әрбір саласына бір-бір сүйекті шығармасын арнауы тегін емес. Ит жүгірту мен аңшылық жайы көркем баяндала отырып, “Тазының өлімі” хикаятында кеңестік қыспақ пен қуғын-сүргіннің сұры, тіпті, астарлап та емес, ашық мәтінмен көрсетіледі. Үлкен әкесі Мағауия баптаған Нарқызыл деген ерекше бітісті, өзгеше мінезді күліктің бәйге жолындағы ғаламаттары мен ақырындағы қайғылы тағдыры, қазақтың атбегілік өнері өрнектелген “Жүйрік” атты хикаяты да ұлттық сипаттағы ғажап дүние болғандығын ешкім жоққа шығара алмас. Тұлпар тағ­дырын ғана емес, жалпы адам затындағы дарын-талант иелерінің жазмышты пеше­несін нышандап мегзейтін осы “Жүйрік” шығармасындағы Нарқызылдың азапты қасіреті Ақан сері Құлагерінің трагедиясына пара-пар құдіретпен жан ауыртатыны да анық. Бұл ретте М.Мағауин хикаятын Ілияс Жансүгіровтің қазақ қанына құйылған “Құлагерімен” біраз орайларда теңдес те, шендес шығарма екендігін мойындағанымыз лазым. Ойымызды одан әрі жүлгелей түссек, қазақтың ғасырлар бойы жасап келе жатқан қазыналы күй өнерінің кеудеден итерген кеңес заманындағы тағдыр-талайы, талапай­ға түсуі, небір қиын-қысталаңдарда бола­шақ­қа жол табуы маған қазақ күйінің мерекесіндей болып көрінетін “Көкбалақ” романында айрықша зор шабытпен, терең толғаныспен баян етілді. Тағы да қазақ жырының Құлагері Ілиястың “Күйшісінен” кейін күйдегі сырлы сезімдерді қилы тағ­дыр­лармен тоғыстыра, нақ мұндай шебер толғаған шығарма некен-саяқ екендігі және күмәнсіз. Жазушы шыққан кемел биікке ешкім шәк келтірмейтін шүбәсіз шақта жазылған “Шақан-Шері” романы, әлбетте, М.Ма­ғауин­нің ең шоқтығы биік, ғажайып туын­­дыларының ішінде де өзгеше бітімімен оқшау тұратын серек шың. Іле-Балқаш өңірінің шерлі табиғаты, жазмышы кеудесіне кек толтырғаннан сол өңірдің жолбарыс атаулысын жоюға серт ұстаған налалы батыр, орыс отаршылығындағы ел трагедиясы осынау тұрпатты туындыда кемел көркемдікпен, қайран қалдырар әдеби тәсілдермен айшықтала көрінгенін еске алайықшы, ағайын. Көп жұрт М.Мағауин­нің “Шақан-Шерісінің” көркемдігі оның Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты иеленген “Аласапыран” тарихи роман-дилогиясынан да асып түсті деген алып-қашпа сөзді әлі күнге айтып қалып жүреді. Бірақ мұндай сөздерге жазушының өзі баспа жүзінде тоқтау салғанын да білеміз. Осы арада айтайық, М.Мағауиннің Алаш мұраты атты ұлттық идеяны алтын қазық еткен атаулы шығармаларының ішіндегі ең толағайы, ауқымы кеңі, көлемі де зоры, кемеңгерлігі де молы ұлт тарихына терең бойлап, ғасырлар тұңғиығынан інжу-мар­жан­ды сыр тартқан, халқымыздың рухани мәдениетіндегі айтулы оқиға болған “Ала­сапыран” романы екендігі даусыз. Мұхтар Әуезовке бүкіл өмірін сарп еткен “Абай жолы” қандай аяулы болса, Мұхтар Мағауинге баба жыраулардың баһадүр поэзиясынан елес берген, бозбала шағынан арман еткен “Аласапыраны” да сондай қымбат. “Өмірімнің басты шығармасы “Аласапыран” – деп автордың өзі айтып тұрса, дұрысы да сол. Сонымен бірге Мұх­тар ағаның: “Аласапыранға” менің өмір бойы қастерлеп жинаған табиғат эскиздерім, таңдаулы слайдтарым мен ең жақсы күнге сақтаған түрлі-түсті, деректі таспаларым түгел кетсе керек. Жанды сурет ғана емес, көңіл түкпіріндегі сырлы, мұңды сезімдер, мидың барлық қатпарындағы ой-толғам, парасат-пайым – табиғат берген, тағдыр сыйлаған ең асыл, ең қымбат қазынамызды осы кітаптың бетіне төктік” – деп “Мен” атты мемуарлық романында елжірей ақтары­луында да көп мән бар сияқты. “Сонау Алтын Орда, Ноғайлы дәуірінен бергі қазақ хандығының тарихын терең зерттеген Мұхтардың мол білімі мен суреткерлік шеберлігі “Ала­сапыранда” жақсы үйлесім тапқан” дей келе, қас шебердің қолынан шыққан осынау жауһар дүниені ХХ ғасырдың ұлы романы деп орнымен бағалаған дарабоз жазушымыз Қабдеш Жұмаділовтің әділ пікіріне біздің басқадай алып қосарымыз жоқ. Тек айтарымыз: кенен тарих та, ұлт мұраты да, ой шұраты да, шілде көкорайындай тіл мәйегі де осында. Бұдан 26 жыл бұрын жазған жоғарыда айтқан мақаламызда біз осы роман-дилогия­да көне жәдігер сөздердің көптігіне назар аударған екенбіз. Ол кезде “Аласапыраннан” жазушы Нұрқасым Қазыбектің 600-дей соны сөз тіркегенін, ана тілін бір кісідей танитын Тұрсын Жұртбай өзіне беймәлім 800 сөз жазып алғанын, ал айтулы ғалым Ақселеу Сейдімбек 200 шамасында ескі сөз аңдағанын білген жоқ едім. Ал енді қазіргі таңда Мұхтар Мағауин тілінің түсіндірме сөздігін жасаудың қажеттігіне, оның ұлт мәдениеті үшін игілікті іс боларына көзім әбден жетеді. Қазақ тілінің шалқар айдынында еркін жүзген, рухани еркіндіктің зеңгір көгінде шарықтай самғаған самала туынды 1991 жылғы тамыз бүлігінен үш күн бұрын “Жұлдыз” журналында басылып шыққан “Сары қазақ” романы болды. Қазаққа қара жерден де ауыр қасірет-қайғы әкелген зұлмат заманға, тасбауыр қоғамға атау­кересін ішкізер, керез сөзін айтқызар қарғыспен аяқталған, коммунистік жүйенің халқымыздың басына түсірген бақытсыз­дығының бір парасын аяусыз әшкере түрде паш еткен ең бір шамырқанысты, таңдаулы шығармасының бірі де осы “Сары қазақ”. Қазақ әдебиетінің кеңестік кезеңінің соңғы шығармасы. Уақыттық тұрғыдан алғанда да, басқадай жөнімен келгенде де. Қайран қаларлық нәрсе сол, қарғыс айтылып, тасқа басылып шыққан кезде Кеңес өкіметі әлі құламаған, “сүйікті” компартия әлі орнында тұрған болатын. Сөйтіп, “Сары қазақ” шыны­мен-ақ қапас қабырға құлар алдын­дағы қатал үкімдей, кеңестік құрылыстың жаназасындай естіліп еді. Соның өзі-ақ көркемдік қуаты зор бұл романды Мағауин­нің әдеби һәм азаматтық ерліктерінің қатарына қосуға хақылы ететіндей. Ерлік демекші, қазақ баспасөзінің белгілі қайраткері Сабыржан Шүкірұлы Мұхтар Мағауиннің ерекше үш ерлігін атап көрсете­ді. Бірінші ерлігі, әрине, біз жоғарыда айтқан, ежелгі жыраулар поэ­зия­сын жаң­ғыр­та тірілт­кен, әдебиетіміздің тарихын үш ғасыр әріге алып барып тереңдеткен “Қобыз сарыны”. Екінші ер­л­ігіне қазақ көркем әдебиетінің бірегейіне айналған, Мұхаңның өз сөзімен айтқанда, Мемлекет­тік сыйлық­тың сахибы атан­дырған “Аласапыран” рома­нын жатқыза­ды. Сәкеңнің айтуынша, тағы бір ерлігі – “Поэты Казахстана” кіта­бы, бағзы за­ман жыраулары мен Мағжан Жұмабаев­тардай әлі “халық жауы” деген аттан арылмағандардың кеңестік саясатқа еш сыйыспайтын ұлтшыл, өр дауысты сөз­дерін Ленинград қаласынан орыс тілінде шығаруы болған. Иә, дұрыс айтады. Сонау сіреу мұзды 1978 жылы бұл кітап М.Мағауиннің жанкештілікпен машақат­тануы арқасында ортағасырлық ұлы поэзиямызды әлемдік айналымға шығар­ды. Кертартпа Шортан­бай мен Мұрат, алашордашыл Ғұмар мен Нарманбет, дін­дар Ақмолла мен Мәшһүр Жүсіп... атын атаудың өзіне тыйым салынған Шәкәрім! Бәрі сол кітаптың ішінде еді. Бәрі дұрыс. Бірақ бізге Мұхтар ағамыздың ерлігі үштен әлдеқайда көп сияқты көрінеді. Антикалық заманның аңыздағы алыбы Геракл жасаған ерліктердің саны 12 болатын. Меніңше, М.Мағауиннің бүкіл өмірі әдеби, ғылыми һәм азаматтық ерліктерден түзілген­дей, қайтпас ұлтшылдықпен, қайыспас күрес­керлікпен айшықталғандай. Әрбір қадамы, әрбір қайрат-қарымы бір-бір ерлік. Халқының кәделі игілігіне жарамағаны жоқ. Ұлты мен жұртының көсегесін көгертті. “Қобыз сары­ны­на” ілесе, жүйкеге тиген қиғылық күрес үстінде шыққан М.Мағауин­нің өзіне ғана тиесілі төл перзенті – ежелгі қазақ поэзия­сының антологиясы “Алдаспан” шын мәнінде де қазақ рухының алдас­панындай жарқыл­дады емес пе. Сол шақтарда жалындаған жас Мұхтардың өзі де Алаштың аруақ қолдаған Алдаспанына айнала бастаға­ны анық болатын. Одан кейінгі “Көк мұнар­дың” шырқыраған шындығы. Одан бұрын алпысыншы жылдары қаулаған “Жаңа Алашшылдар” қозғалысының рух қайсарлығын өмірлік мұратына айналдыруы. Сол мұраттан айнымаған “Көк балағы”, “Шақан-Шері­сі”, “Сары қазағы”, кеңестер езгісіндегі қазақ халқының рухания­тында ғаламат серпіліс жасаған “Бес ғасыр жырлайды” және “Ай заман-ай, заман-ай” атты антологиялық ұлы кітаптары – бәрі бір-бір ерлік еді. М.Мағауиннің барлық ерліктерін ежіктей санамалап шығу мақсат та емес және біздің бұл мақаламыздың ауқымына да сыймас. Тек тәуелсіздік жылдарында, өзінің байсал тамызында ағамыз арғы тарихты қопара қазып түгендегенін, бүгінгі күннің бар болмысын талмай талдап тексергенін айтсақ дейміз. Бұл орайдағы бір елеулі дүниесі – “Қазақ тарихының әліппесіне” қоғамдық сұра­ныстың керемет болғандығын көзімізбен көрдік. Ұлтын ұлықтаған жазушы қажет болса тарихшыға да айналады екен! Министр Алтынбек Сәрсен­баев сол кітапты 40 мың дана таралыммен екінші мәрте шығарт­қызғаны есімізде. Тоқ­санын­шы жылдардың орта тұсы үшін, қазіргі кезіміз үшін де мұндай таралым қиял-ғажайыппен бірдей-ау. Сол қиял-ғажайып Мұхаңдай мықтының қолынан келді. Құнды тарихи еңбекті өздері тіленіп орысшаға аудару­шылар да кешікпе­ген. Ол да оқырманға 5 мың данамен жеткен. Сусаулы жұртқа қазақ тарихының сауат ашу сабағын тарихшы­лардың егініне түскен жазушы М.Мағауин осылай жүргізіп еді. Кейін “Ұлттың күре тамыры” кітабына топ­тас­тырылған мақалалары, “Жұлдыз” жур­налында жарияланып, басқа бірсыпыра басы­лымдар көшіріп басқан “Ұлтсыздану ұраны” атты зарлы толғау жаңағы тарих сабағының сілкіністі сенсациясын одан әрі жалғас­тырды. Қоғамның түрлі салаларын­дағы кеселдерді әшкерелеген, бүкіл ұлтымыз­дың сан қилы өмірлік мүдделерін зерделеген пайымды көсемсөздер мен толғау-эсседе көтерілген мәселелер мен ұстынды тұжы­рым­дар жалпы жұртшылықтың көкейінен ғана шығып қойған жоқ, ұлттық мұрат тұрғысын­дағы бұл толғамдарды сол тұста Президент аппараты­ның басшысы болып істейтін елжанды азамат Иманғали Тасмағам­бетов толығымен мақұлдап, қостап қолдады. Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев­тай абзал інісі авторға арнайы хат жолдап, ұлттық рухты қайта жаңғырту, қазақ халқының құндылық­тарын (оның ішінде қазақ тілі де бар) құрмет­теу орайындағы пікір­лері мен сын-ескерт­пелерін өз ведомство­­сында басшы­лыққа алаты­нын мәлімдей келе, жазушының өзі айтқандай, “еш­қашан ескірмейтін, мәңгілік категорияға” жататын халқымыздың қажеті­не жарайтын қайталанбас туынды­лар­ды жаза беруіне игі тілектестігін білдірген ізеттілігін біз де куәландыра аламыз. Өзі де текті жазушының ұлы – Қа­сым­­жомарт інісі айтса айтқандай, қайта­ланбас туындыларды жазуда Мұхтар ағасы елі-жұрты еркін тыныс алған кезеңде тың серпін, өзгеше қуат танытты. Құдайдың құдіреті, қазіргі көркем әдебиетімізде тәуелсіздік талаптарына сай бүгінгі күн тақырыбын іздегіштер қаламгердің “Подо­­нок”, “Күмбез”, “Оң­ғақ”, “Қисық ағаш”, “Ұлтаралық жанжал” сынды туын­дыларын неге көрмейтініне таңым бар. Нарқызыл тұлпардай қарыштай шапқан қарқынды жаңа үдеріс жазушының әлі таусылмағанын һәм қиял әлемінің әлемет кеңдігін айғақтаған, әдемі астарлы, ұлт бірлігін аңсайтын “Құ­мырсқа-қырғын” әңгімесінен бастау алып еді. Бұдан соң көркемдік әдістердің, әдеби тәсілдердің, суреткерлік шеберліктің шы­найылық пен шыншыл­дықтан ауыт­қымас мүлдем жаңа қиялары бой көрсетті. Тәжі­рибе кемел­деніп, машық­ты қолтаңба ширығып шы­­мыр­лана түсті. Сөйтіп, қазақ әдебиетіне жаңа заманға сай тыңнан қалыптанған, тосын мінезді, ұлттық сыр-сипатқа мей­лінше бай, әлемдік өредегі әсем үлгілер қосылды. Осы тұрғыдан кел­генде, “Қып­шақ аруы”, “Кесік бас – тірі тұлып”, “Жармақ” сынды жаңа тұрпатты хикаят-романдары Мұхтар Мағауиннің айрықша жамалды, бірегей бітімді, жаһа­ни шығармашылыққа бет бұрғанын, бұ­рын­ғыдан да биігірек көркем сурет­керлік өріске шыққанын әйгіледі. Әсіресе, бүгінгі күндер суретін сұлбалаған, ұлттық ділі­міздің қақ жарылған қасіретін таң­балаған “Жармақ” романы ұлттық про­за­мыз ұмты­лар замани межені меңзейтіндей. Осы ойымызды академик Сейіт Қасқабасовтың өткен жылдың ақпанында бізге берген сұхбатында: “Тәуелсіздік тұсын­дағы әдебиетіміздің аяқ алысы жаман емес. Жаңа леп, жаңашыл көз­қарастар баршылық. Постмодернизм нышандары байқалуда. Мысалы, жаңа әдебиеттің үлгісі деп Мұхтар Мағауиннің “Жармақ” романын айтар едім” – деген сөздері айқындай құптамай ма. “Басқалар сәл-пәл тоқырап тосаңсып қалған өтпелі уақытта ХХІ ғасырдағы жаңа прозаның үлгісін жасап жүрген бірден-бір жазушы Мұхтар Мағауин. Мұндай жаңа сипатты озық дүниелер әлем тәжірибесінде де соншалықты көп болмаса керек” деп алдыңғыға орайлас пікірді осы мақаланы жазуға тапсырма беріп тұрып, “Егемен Қазақстан” газетінің басшысы, белгілі әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахманов та айтты. Бұл айтқандарды қаламгердің студенттік шақтан бергі қанаттас досы, әдебиетіміздің тағы бір асқар алыбы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен бір түйіп қойсақ, “Мұхтар Мағауин саяси озбырлық, рухани әрі-сәрілік, кәсіби балаңдық жабыла қинап, дағдарыс тығырығына қамалған әдебиеті­міздің одан әрі дамуына жаңа қарқын бітіруге тырысқан алпысын­шы жылдардағы серпілісте айрықша көзге түсіп, сол қарқынын әлі күнге үдетпесе, бәсеңдетпей, жанқиярлық танытып келе жатқан кесек тұлғамыз” болып шығады. Осылай дей тұрсақ та, ақбас Алатау­дың аңғарларына кешігіп жететін қыс сияқты, асқар Алтайдың қияларына зарықтырып жетер көктем сияқты, нағыз Мағауинтану кешеуілдеп жатыр. Өзінің ескілікті досы, жазушы Валерий Бурен­ков­тың куәлан­дыруына жүгінсек, Мұхаң жас кезінде айтады екен: “Мен ғылымда жаңалық ашам, бірақ академик болмай­мын; классикалық шығар­ма­лар жазам, бірақ Жазушылар одағының басшысы болмаймын; мен “Жұлдыз” журналына редактор боламын” деп... Біздіңше, осы үш арман-мақсат та орнына келді. Ғы­лым­да жаңалық ашылды. Туған халқы хан көтерген классикалық шығармалар жа­зыл­ды. Еліміздің бас әдеби журналы “Жұл­дызды” табаны күректей жиырма жыл бойы бас редактор болып басқарды. Журналды жаңартып, жаңғыртып, жұлдызды шақтарына, қаншама жас толқынға жол ашты. Сол тұста ақталған арыстардың көпте­ген шығармалары алғаш осы басылымда жарияланды. Ашаршылық ақиқаттарын, басқа да ақтаңдақтардың жайын 1989 жылдан бастап алғаш айтып, үзбей жүйелі жазып тұрған да “Жұлдыз”. Мұрат, Шортанбай, Нарманбет, Ғұмар Қараш, Нысанбай ақындар жырлады “Жұлдыздың” беттерінен. Ахмет Байтұр­сыновтың “Әдебиет танытқы­шы”, Жүсіп­бек Аймауытовтың “Ақбілегі”, Мағжан­ның “Батыр Баяны” мен “Оқжет­пестің қиясындасы”, “Ер Едіге” жыры, Жам­был­дың Кенесарының ұлы Сыздық сұлтанға толғаған өлеңі... Қайсыбірін айтарсың. Қайткенде де “Жұлдыз” М.Мағауиннің басшылығымен қысталаң жылдардан аман өтіп қана қоймай, бүкіл қазақ әдебиетінің, яғни Алаш рухының мерейлі көрінісіне айналып, болашағына қадам басты. Өткелектерден алып шығып, аяулы “Жұл­дызын” алғы ғасырға Мұхаң асырды. Тағы бір ой сорабына түссек, жаңағы айтқан класси­калық өредегі шығармалар­ды жазу, әрине, тек классик жазушының ғана қолынан келмек. Жазушылыққа біржола бет қойған Мұхаңа 1963 жылы “Олимпиа” жазу мәшіңкесін таңдап әперіс­кен, маған жуырда берген сұх­батын­да: “Әдебиетке мықты дайындық­пен келіп, әуелдегі темірқазық нысанасы­нан бұрылып бұлтақтамай, өз позициясын ұстап қалған жазушы – Мұхтар” деп ерекше бағалаған қазақтың Қадыр ақыны: “Мәшіңкең бар, енді классик болу ғана қалды” дейді. Салтанат жеңгей де құтты болсын айтып, “енді үйлену ғана қалды” дейді. Осы арада жеңге лепесін ізерлей кетсек, Мұхтар аға бұл жағынан да бақытты. Суретін көріп ғашық болып, сонау Семейден іздеп тауып қосылған жар қосағы Бақыт жеңгей отбасы берекесінің ұйытқысы, жанына медет, қаламына қайрақ. Ұлдары­ның аттары Едіге, Мағ­жан, Мадияр, немере­лерінің есімдері Бату, Айшешек болып келеді. Төрт атадан бері жалғыздық зарын тартқан Мұхтар Мұқанұлының жапырағы жайқалып, үрім-бұтағы көктей қаулап келеді. Тіл-көзден сақтай гөр, құдайым. Классик әңгімесінің жай-жапсарына қайтадан оралсақ, бір жағдай еске түседі. Қазақтың үлкен жазушысы Сәкен Жүнісов ағамыз Мәскеудегі жазушылар съезінен келе жатып, Көкшетауға соқты. Қолында съезден тәбәрік – “Классик” деген бедерлі жазулы әдемі дипломаты бар. “Енді, классиктерге берілетін сый дипломат­тың аты “Классик” болмағанда қайтеді!” деп көтеріле сөйлеу Сәкен серіге жарасып та тұратын. Бірақ Сәкең бір мезгілде байсалдана қалып: “Өзін классик санамайтын жазушы жоқ қой. Әйтсе де мен осы жолы Мәскеудегі жазушы достарыма айттым. Мақтауды жек көрмейтін қазақ жазушыларының ара­сында, мысалы, Мұхтар Мағауин шын мәніндегі классик дедім” дегені күні бүгінгідей құлағымда. Сәкен серінің өзі мойындаған қаламгер, сірә, классик болса болар. Тағы да осы Сәкен сері бірде Жазу­шы­лар одағында тарихи роман­дар жөніндегі жиылыста сөз сөйлеп тұрып, бір уақытта сұқ саусағын алға қарай шошайта: “Әне, ана отырған екеуі...” дегені. Жұрт жапырлай мойын­дарын артқа бұрып, залдың ортасын­да жайма­шуақ қатар отырған Әбіш Кекіл­баев пен Мұхтар Мағауинді көрді. Сөзін әрі қарай жалғаған Сәкен сері: “... Әбіш пен Мұхтар бар ғой, мен бұл екеуінің біліміне талас­паймын. Бірақ мен көркемдікпен ұрамын ғой” деп алқына тоқтады. Жұрт ду күлісіп, дүркірете қол соғып жіберді. Әбіш пен Мұхтар ағалар орындарынан күлімдей көтеріліп, алақан­дарын жайлап соғып қолпаш жасады. “Ақан серіні” жазған адамның “көркем­дікпен ұрамын” деп еркелей еркіндегенін ешкім ерсі де көрмеді. Қазақ әдебиетінің үш бірдей арыс азаматы­ның мәз-мейрам жарас­қан жадыра көңілдерінің мерекелі сәтіне көппен бірге мен де қуанып отырдым. Ал енді Мұхтар Мағауинмен Сәкен сері ғана емес, басқа да көптен-көп кісі­лер білім таластыра алмайтыны көпшілік мойындаған ақиқат. Тегінде, Мұхаңның: “Менің білмей­тінім жер астында” дейтіні рас болар. Бұл күнде жалпы үлкен-кіші қызығып оқыған, әсіресе жас әдеби қауымның оқулығына айналған “Мен” атты мемуарлық қос кітабы­ның өзі де ұшан-теңіз білім мен жазушылық тәжірибенің қоймасы сияқты. Өзі қазақ прозасының атасы санайтын Мұхтар Әуезов даналығын бажайлаған сөздерін өзіне қарата айтсақ, М.Мағауиннің Батыс пен Шығысты, Көне мен Жаңаны – төрт тарапты бірдей таныған терең эрудиция­сына, қазақша айт­қан­да, өзін асқаралы биікке көтерген ғұламалығына ден қоймау мүмкін емес. “Кейбіреулер менің мәде­ниет­тілігімді жуас­ты­ғым екен деп ой­лайды. Жоқ, мен жуас емеспін, мәдениет­тімін” деп отыра­тын мағауиндік ішкі зор мәдениеттің де негізі осы білімдарлықта жатыр. “Сен тимесең мен ти­мен бадырақ көз” дейтін сыңайдағы тымыр­сық ты­ныш­тықты қала­май­тын күрес­кер Мағауин принципті тұрғы­дағы пікір­талас, полеми­ка, айтыстан жалтар­майды, тайсақта­май­ды. Өйткені, ол да абыз Әлкей Мар­ғұланша, білген соң айтпай тұра алмайды. Бірақ кімнің кім екенін елі емеуріннен біледі ғой, халық қалт еткізбей қапысыз таниды ғой. Осы жөннен келгенде: “Мұх­тар Мағауин дарындылардың арасынан алға қадам басқан әрі тегіне тартқан текшіл жазушы, жүрегі туған жерім деп соғады. Оның тамаша туындыларының екпінін Хан Тәңірі шыңынан құлап келе жатқан тасқын судың екпініндей сезінесің. Арнасы сарқылмайтын не деген ғажап дүние!” деп жазған тоқсаннан асқан ардагер журналист, абыз қарт Саламат Хайдарұлы Мұхаңа деген барша оқырмандарының ілтипатын білдіріп тұрғандай болып көрінеді. Осы бекзат болмыстың нәр мен құнар алған тамырлары қайда десек, көз алды­мызға Абай рухы тұнып тұрған Шыңғыстау өңірі, Бақанас пен Көпбейіт келеді. Абай рухына, Алаш мұратына адалдығынан жазбаған Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың және “Түрік дүниесіне қызмет” сыйлығының лауреаты Мұхтар Мағауин шығармаларының мәңгілік күйі туған халқына қызмет етпек, қазақ руханиятының көсегесін көгертпек. Ол дегеніңіз – қалың-қалың 13, содан кейін төрт кітаппен үстеме­ленген, жалпы жиыны 17 том. Бәрі де алғы болашаққа күмәнсіз өткен мәйекті асыл қазына. Идеологиялық күресінде қалғаны жоқ. Ұлтын сүйер үлкен жүрекпен үдере жазылып жатқан адамзат тарихының ірі тұлғасы, қазақ мемлекеттілігінің бір бастау көзіндей Шыңғыс хан туралы роман қолы­мызға тиер қуанышты көз­айым күнге тез жетсек екен деген ақ тілек­тен елің де жазбас, жаңылмас, ардақты аға. Кұңфудзы ғақлияларын ретіне келтірдіңіз ғой, енді ежелгі түрік бабаларымыздың Орхон ескерткіштерін бүгінгі қазақ үлгісіне икем­деу, қасиетті Құран Кәрімді қазақшалау орайындағы арман-мұраттарыңыз орын­далуына Алла жар болғай. Олай болса, толғанысты мақаламызды өзіңізге арналған мына өлең шумақтарымен түйіндейік. Мен!.. дегенде алыс жатыр қаншама. Мен!.. дегенде жақын жатыр қаншама. Мен-жүректің қияметін кешуге – Жету – дозақ... Қанша жақын болса да. Мен!.. болмаса – болмайды Ердің қарымы, Алауламас “Мен!”-сіз жүрек жалыны. Мен!.. болмаса, естілмейді мың жылдық Қазағымның қобызының сарыны. Болар оғлан “Мен!”-мен ғана қаржасқан, Мен!-құдірет қара нардай алға асқан. Мен!. болмаса жасалмайды ғажайып, “Мен!”-сіз, сірә, суырылмас алдаспан. Қу дүниенің алданыш қып тезегін, “Мен!”-і жоқтар шірітеді өзегін. Мен!.. – тектілік, Мен!.. – даналық, Мен!.. – намыс, Мен!-Мұхтарлар көгертеді өз елін. Арқасына ауырларды теңдеген, Құм Нарында шөлдегенде өлмеген, Өлмегенді былай қойып... Ерлеген... Қайсарлықтың өзегінде Мен!.. деген. “Мен!”-сіз, сірә, өркен жаймас Ел деген. “Мен!”-сіз қаны қыза ма екен Ер деген?! Менің Мұхтар ағатайым, мәңгілік Өзіңізге жарасады Мен!.. деген. Қорғанбек АМАНЖОЛ.