Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған қос қазақ ұланының спортшы ретінде өсу жолдары, қалыптасу кезеңі, мұзайдындағы жетістіктері туралы фильмді түсіруші Жапония Ұлттық телеарнасының режиссері Уно Сойчеро елімізде спорт саласына көрсетілетін мемлекеттік қамқорлыққа таңданысын жасырмады. Өйткені шорт-трек – ең қымбат спорт түрлерінің бірінен саналады және ақылы болады. Ал Қазақстанда балалардың шорт-трекпен тегін айналысуына жағдай жасалған.
Шорт-тректен Қазақстан Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында 2018 жылдың 9-25 ақпаны аралығында өтетін ХІІІ Қысқы олимпиадаға қатысу үшін 9 лицензияға қол жеткенін айтады. Ерлер арасында 500 метрлік қашықтыққа 3 лицензия, 1500 метрге – 1 лицензия болса, әйелдер құрамасы 500 метрге – 1, 1000 метрге – 2, 1500 метрге 2 жолдама ұтып алған.
Шорт-тректен алдағы олимпиадада Қазақстан намысын нақты қай спортшылар қорғайтыны 10 желтоқсан күні спорттың конькимен сырғанау түрлері бойынша Халықаралық федерация отырысында жарияланады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ