Ағымдағы жылы басты үш мұз қалашығын безендірудің тұжырымдамасы мен нобайлары әзірленген. Негізгі және ең үлкен мұз қалашығы биыл ЭКСПО көрмесінің аумағында орналасқан. Мұзайдынын безендірудің негізгі тұжырымдамасы ретінде «ЭКСПО-2017: Болашақ энергиясы» көрмесі таңдалды, сондай-ақ дүниежүзілік көрмелер тарихындағы аса танымал сәулеттік символдар бойынша өзіндік тур өткізу идеясы туындады. Мысалы, биыл Астанадағы мұз қалашығының қонақтары 1851 жылғы дүниежүзілік көрмеде Лондондағы Гайд-паркте салынған Хрусталь сарайдың фрагментін, 1889 жылғы дүниежүзілік көрменің кіреберісіндегі арка болған, Париждің символына айналған Эйфель мұнарасын және т.б. тамашалай алады.
«Бұдан бөлек, ересектерге арналған екі сырғанақ жасалады. Олардың биіктіктері – 5 метр, ал ұзындықтары 40 метр болады. Балаларға арналған екі сырғанақтың биіктігі – 2,5 метр, ал ұзындықтары – 14 метр. Қалашықта мұздан жасалған шырша композициялары, танымал кинокомикстер мен мультфильмдер кейіпкерлерінің мүсіндері, Дисней лэнд сарайы мен футуристік стильде орнатылған мұз мұнаралар, сонымен қатар түрлі-түсті мұздан Аяз Ата мен Ақшақардың мүсіндері, түрлі жарық-иллюминациялық шағын архитектуралық пішіндер жасалады», дейді қалалық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мамандары.
Жарық-динамикалық жарықтандырылған мұздан жасалған лабиринт кішкентай қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырмақ. Оның ұзындығы 80 метрден асады. Мұнымен қоса, 2018 жыл қарсаңында еліміздің бас шыршасы да «Нұр Әлем» сферасының маңында орналасады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, тағы бір мұз қалашығы қалалық әкімдік алдындағы алаңда ашылады. Онда да ЭКСПО аумағындағыдай үлкен және екі кішкентай сырғанақ болады. Мұнымен қоса мұздан Аяз Ата мен Ақшақардың мүсіндері, Шығыс күнтізбесіндегі шоқжұлдыздардағы 12 жануардың фигуралары қойылады.
Үшінші мұз қалашығы «Студенттік» саябақта орналасады. Мұнда да үлкен сырғанақ жасалады. Астана тұрғындары мен қонақтарына арналған мұз қалашықтар 18 желтоқсаннан бастап ашылады деп жоспарланған.
Сонымен қатар Жаңа жыл жақындағанда Астаналық саябақ аумағынан елорда тұрғындары мен қонақтары үшін Аяз Ата резиденциясы ашылмақ. Келушілердің барлығы онымен суретке түсіп, ізгі тілектерін тыңдау мүмкіндігіне ие болады. Резиденция 7-10 қаңтарда жұмыс күндері сағат 18.00-ден бастап, ал демалыс күндері сағат 12.00-ден бастап жұмыс істейді. Резиденцияға кіру бағасы шамамен 1000 теңгені құрайды. Тұрмысы төмен отбасылар балалары үшін резиденцияға кіру тегін.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»