Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Алматы қаласы белсенді азаматтарының форумы өтті. Алқалы жиынның негізгі мақсаты өмірлік белсенді ұстанымы бар жандарды марапаттау, халықтың азаматтық белсенділігін арттыру, қоғамдық және қайырымдылық қызметті дәріптеу.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыздың және бұқаралық сананы қалай өзгертудің» айқын жолын көрсетіп берді. Нәтижесінде, жан-жақты жаңғырулар көшін түзеген Қазақ еліндегі іргелі өзгерістерді әлем елдері мойындауда. Бұл ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла көтеретін жүйелі жұмыстардың жемісі. Еліміздің әр өңірінде саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, басқа да негізгі бағыттар бойынша халықтың әл-ауқатын көтеріп санасын серпілтуге бағытталған іс-шаралар атқарылып жатыр. Алматы қаласы белсенді азаматтары форумы осы мақсатты нысанға ала отырып, өзінің жылы жүрегімен, қажыр-қайратымен халыққа, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтарды жұрт алдында марапаттап, олардың ізгілікті істерін басқаларға үлгі ету арқылы көптеген сауапты да игілікті істерге жол ашып отыр. Форум жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі кәсіпкерлер, меценаттар, тарихшылар, мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ еріктілер қауымы қатысты.
Алматы қаласы әкімдігі, Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен іске асқан жобада өзінің азаматтық белсенділігімен дараланған жеті тұлға «Белсенді азамат» деп танылып бірқатар аталымдар бойынша марапатталды. Олардың сапында ірі кәсіпкерлерден бастап өзінің кішкентай ғана ізгі әрекетімен қоғамға жылылық сыйлаған қарапайым жандар да бар. Бұл ізгілік жасау үшін міндетті түрде үлкен мүмкіндік қажет еместігін, жай ғана мейірім мен жылылық та жеткілікті екенін көрсетеді. Оның дәлелі осы аталым бойынша марапатталған 9 жасар қала тұрғыны Давид Балтабаев. Өзінің кішкентай жүрегімен үлкен іс тындырған жеткіншек қаланың тазалығын сақтау мақсатында көрші аулалардағы қоқыстарды өз еркімен жинап, қала тазалығы әрбір азаматтың қолында екенін дәріптеп басқаларға үлгі көрсеткені үшін алып шаһардың ең кішкентай белсенді азаматы атанды.
Аз қамтылған отбасынан шыққан бүлдіршіндерге арналған шет тілдерін тегін үйрету үйірмелерін ашып, бүлдіршіндердің спорттық-мәдени үйірмелерге қатысып жан-жақты дамуына демеушілік танытып қолдау жасап жүрген Алматылық Андрей Луканин «Балаларға қамқорлық, олардың дамуына қосқан үлесі үшін» аталымында марапатқа лайық деп танылды. Андрей сияқты жаны жомарт жандардың әрекеті қайырымдылық жасаған жан кедейленбейтінін, керісінше кемелденетінін паш ететіндей.
«Мамы добра» қайырымдылық қозғалысының негізін қалаушы әрі белсенді мүшесі Гүлжан Наратауова Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшановтың қолынан «Қайырымдылық және қоғамдық шараларға қолдау білдіргені үшін» аталымы бойынша Алматы қаласының белсенді азаматы сыйлығын алды. Гүлжан жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Тойқазан дауысы» атты дарынды балаларға арналған байқаудың ұйымдастырушысы. Оның қала көркін келтіріп экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында 10 мыңнан астам ағаш отырғызу жұмысын ұйымдастырып, «Зейнеткерлерге арналған нан» акциясының негізін қалаушылардың бірі екені қала жұртшылығына кеңінен мәлім. «Мүмкіндігі шектеулі жандарға жасаған қамқорлығы үшін» аталымында марапатталған тағы бір Алматылық Бахтияр Базарбеков. Ол – қаладағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ынталандыруға бағытталған «Спортта жоқ шекара» жобасының жетекшісі. Денсаулығында ақауы бар азаматтардың қоғамнан шеттелілмей өзін толыққанды қоғам мүшесі ретінде сезінуі үшін түрлі спорттық сайыстар өткізіп жарымжан жандардан жақсылығын аямаған Бахтияр көпшілік қауымның ризашылығына бөленіп жүрген жан.
Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап, құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек» деп атап өткен болатын. Он бес жыл бойы қаланы көріктендіру мен қала тазалығын сақтау жұмысына өз үлесін қосып, «Сайран» өзенінің қала халқы үшін демалыс орнына айналуы мақсатында өз еркімен ағаш отырғызып, аумағын тазалаумен үздіксіз айналысып жүрген Алматының белсенді азаматы Мейрамбек Байғали туған қаласын түлетуге бір кісідей атсалысып жүрген жандардың бірі. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық офисінің Алматы қаласы бойынша басшысы Гүлнар Қоңырова айналасына кісіліктің үлгісін көрсетіп жүрген қарапайым жанды марапаттап, риясыз алғысын жеткізді. Қоғамды ізгілендіруге қомақты үлес қосып жүрген белсенді азаматтардың ішінде Алматылық Мадина Мырзахметова мен Юлия Марченконы ерекше атай кеткен жөн болар. Олардың бірі қайырымдылықпен айналысатын жомарт жандар клубының негізін қалап, көптеген жағдайы төмен отбасыларға ерікті түрде қол ұшын созып жүрген жан болса, енді бірі бірнеше жылдан бері балалар үйлері тәрбиеленушілерінің арасында өткізіліп келе жатқан теннис спортынан «Пинг-понг» ханшайымы дәстүрлі турнирінің өтуіне атсалысып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған жәудіркөздердің жанына жылылық сыйлап, олардың спортпен айналысуына қолынан келген қамқорлығын жасап жүрген жан. Қайырымдылық қағидатын бойына сіңірген бұл қос азаматқа да «Белсенді азамат» сыйлығы табысталды.
– Бүгін біз, туған қаласын дамытуға, көркейтуге, балалардың сапалы білім алып спортпен айналысуына, қайырымдылықтың дамуына өз үлесін қосып жүрген азаматтармен таныстық. Олардың қоғамға жасаған пайдалы әрекеттерін елге үлгі етіп көрсету міндетіміз. Қаламызда Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде көптеген ауқымды шаралар тізбегі атқарылуда. Рухани жаңғыру тек бір күнде атқарылатын шаруа емес. Ол бүгінгі дүние жүзінде орын алып жатқан жылдам әрі күрделі өзгерістер сапында үздіксіз жүргізуді қажет ететін үрдіс. Оның негізгі қозғаушы күші – елін, жерін, Отанын сүйген білімді, өнерлі, ақылды, намысты, белсенді азаматтардың қолдауымен жүзеге асады. Әсем шаһардың жүрек қағысын жіті қадағалап, Алматыда болып жатқан маңызды оқиғалардың басы қасында жүрген белсенді азаматтарға мың алғыс – дейді Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов.
Егер жер бетінде құм түйіріндей ізгілік пен мейірім болмаса тіршіліктің еш мәні қалмас еді. Айналаға жанашырлық танытып жығылғанды сүйеп, жылағанды жұбату әрбір қоғам мүшесінің адами борышы. Мұқтаж жандарға қол ұшын созып қоғамның ізгіленуіне қомақты үлес қосып жүрген ақжүрек азаматтар біздің арамызда да бар. Тек олар істеген жақсы амалын айтып айналаға жар салмайды. Алайда, басқаларға үлгі ету үшін ол жандарды марапаттаудың еш артықтығы жоқ. Бүгінгі форумға жиналғандар шын ниетпен жасалған жақсылықта ешқандай шекара болмайтынына тағы да бір көз жеткізді. Форум аясында ең белсенді азаматтардың қоғамдық қызметі туралы арнайы көрме ұйымдастырылып көпшілік назарына ұсынылды.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген Қайрат Қонысбаев