Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры Тұрсын Сыдықов жайлы сөз болғанда, оның «Мұрат пен міндет», «Қазақ тарихи романы», «Қазақ тарихи романының көркемдік тіні», «Өңінде тұлпар мінгендер», «Талант тағылымы», «Ізгілік сабақтары», «Қазақ тарихи романының поэтикасы», «Жетісу дүлдүлдерінің дүбірі», «Ілияс Жансүгіров және әдебиет дәстүрі» атты ғылыми зерттеулерін аттап өте алмайсыз. Өйткені, ол осы салмақты ғылыми зерттеулері арқылы қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі қомақты. Сын-зерттеу еңбектері, монографиялары, оқулық, хрестоматиялары сияқты сүбелі дүниелердің әрқайсысына шұқшия тоқталу, баға беру, бұл арада мүмкін емес. Сондықтан да тек соңғы шыққан бір монографиясына ғана талдау жасасақ, теңізді тамшысынан танырымыз ақиқат. Мәселен, «Жетісу дүлдүлдерінің дүбірі» – Жетісу жерінен шыққан дара тұлғаларға арналған зерттеулер мен портреттерден тұратын іргелі ғылыми еңбек. Қаншама өнер мен әдебиет тарландары Жетісу жерінен шығып, қазақтың атын асқақтатып, биікке көтерсе, соның бірегейі жыр алыбы – Жамбыл десек, бұл еңбекте автор шығармалары әлемнің елуден астам тіліне аударылған, дүниені көркем ақыл-ойдың желегімен қымтап, жалынымен шарпыған Жамбыл туралы терең байламдар жасалған.
Сонымен бірге айтыс өнеріндегі жаңашыл, соны зерттеулері де еріксіз мойын бұрғызады. Қазақтың айтыс шежіресінде Әсет пен Ырысжан, Орынбай мен Тоғжан, Кеншінбай мен Ақсұлу, Жамбыл мен Айкүміс, Қадиша мен Ысқақ, Омарқұл мен Тәбия, Әжек пен Шәріпжамал, Мұса мен Манат айтыстары салт айтысының озық үлгілері екенін дәйектейді.
Автордың «поэзия Құлагері» атанған Ілияс Жансүгірұлының өмірі мен шығармашылығына орай соңғы ізденістері де – талай жылғы еңбектің жемісі. Ақын шығармашылығының калтарыста қалған, әлі де болса ешкім айтпаған немесе айта алмаған түйткіл жайттарды жан-жақты саралауды, әдеби-ғылыми сараптауды жөн көріп, байыпты тұжырымдар жасағаны «Ілиястану» ғылымына қосылған қомақты үлес деп қабылдау орынды.
Сондай-ақ, «Болат бұғауды шайнаған жолбарыс немесе Бердібек Соқпақбаевтың суреткерлік жанкештілігі» атты зерттеуі қазақтың кемел каламгеріне арналған. Жазушыны тудыратын заманы болса, оны тәрбиелейтін қоғам десек, ғалым оның шындығын шыжғырта жазған Бердібек Соқпақбаевтың өлең, әңгіме, повесть, пьеса, романдарына жіті көңіл қойып, толымды ой-пікір білдіреді.
Бұдан өзге, «Өлең – сөздің зергері» зерттеуі тұнықтығымен, ойлылығымен, сыршыл табиғилығымен оқырмандарын баурап алған лирик ақын Ғали Ормановқа арналса, ақын Әділбек Абайділданов пен прозасы қазақ әдебиетінің маржан мұрасына айналған Сайын Мұратбековтың шығармашылығына тыңғылықты, поэтикалық барлау жасауы да жарасымды.
Жаңа кітаптың екінші тарауы «Қанжығасы майлы қазанат» деген атаумен ашылып, алғашқы төрт бөлімі белгілі журналист, жалынды публицист, қоғам қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаевқа арналған болса, ғалымның «Жетісу журналистерінің сардары немесе публицист парасаты» еңбегі 40 жыл бойы баспасөз саласында мүлтіксіз қызмет еткен, белгілі қаламгер Сейтмұхамет Мұхаметшин туралы екен.
Жас кезінде адам арманшыл, қиялшыл келеді ғой. Орта мектепті үздік бітірген Тұрсын ағамыз филолог-ұстаз болуды, мақсат тұтады. Сол арман оны Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих-филология факультетіне жетелейді. Сөйтіп, қалаған оқуына түскен оның тырнақалды дүниелері «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жұлдыз» журналында жариялана бастайды.
Институт қабырғасында талай студенттің көңіліне сәуле, жүрегіне от тұтатқан, Махамбет жырларын жатқа айтатын академик Қажым Жұмалиев сынды ұстаз өте сирек болатын. Ұланғайыр білімді бір өзінің бойына жинаған ғалымның алдында дәріс тыңдап, білім нәрінен сусындау үлкен бақыт екенін сол кезде-ақ ол сезетін. Азаматтық тұлғасы мен кісілік келбеті, мінез-құлқы, білім-білігі қайраткерлігімен ұласқан, академик Серік Қирабаевтардың тәлімі тал бойына сіңіп, күллі ғұмырының мәні мен мазмұнына айналғаны және бар.
Институтты үздік бітірген соң ол Алматы облысы Ақсу ауданына қарасты мектепке оқу ісінің меңгерушісі болып қызметке кіріседі.
Ауыл-аймағы өзінікі, өз жерінің тұмасының суын ішіп, кәусар ауасымен демалып, ел-жұртымен сыйласып, бұйырған дәмінен татып, қанатын қомдаған жас маман ұстаздық жолда өз биігіне ерте шықты. Қарапайым мұғалімнен, мектеп директоры қызметіне өсіп, аудандық партия комитетінде әр деңгейдегі жауапты қызметтерді ұршықша үйіріп, абыройы артты. Қай салада жүрсе де тәжірибелі маман көрсетілген сенімді ақтап, елінің елеулісі, қалаулысы бола білді. Өмір қазанында біраз қайнап, тұрмыс түйткілдерін де ыңғайға келтіріп алған Тұрсекең қырандай қияға көз тіге бастайды. Бойында күш-жігері буырқанған жігітке профессор С.Қирабаев «ғылыммен айналысудың шағы туғанын» ескерткенде, жүрек лүпілі онсыз да әдебиет деп соққан ол Алматыға жол тартады. Тиісті емтихандарын ойдағыдай тапсырған талапкер Абай атындағы ҚазПИ аспирантурасының күндізгі бөліміне қабылданады.
Қаламының желі бар, еңбекқор, табанды жасқа Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясын зерттеу бұйырды. Жазушы игерген шеберлік өрісін алғырлықпен зерттеп, кандидаттық диссертациясын уақытынан бұрын қорғаған жас ұстазды ҚазПИ-дың қазақ әдебиетінің кафедрасы өздеріне ұстаздық қызметке қалдырды.
Абай атындағы қазіргі ҚазҰПУ Тұрсын Сыдықовтың өмірінде өшпес ізін қалдырған алтын ұя. Өйткені, осы ұяда аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертациясын да осында қорғады, докторлық диссертациясы да осы қабырғада жүріп жазылды. Алдыға түсіп озуды мақсат етпей, біреудің табысын күндемей, бойын, ойын бағып, жай ассистенттік қызметтен профессорлық деңгейдегі биік белестерге жетті. Факультет деканының орынбасары, декан, партия ұйымының хатшылығына дейінгі аралықтағы жауапты қызметтерді атқара жүріп, кішілігінен, кісілігінен танбады.
Данышпан Абай: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға, Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға...» десе, Тұрсын ағамыз өмірінің көбін ұстаздыққа арнапты. 40 жылдан астам уақыт ішінде мыңнан астам оқушы, студент, аспирант, магистрант, докторант дәріс алыпты. Олар еліміздің түпкір-түпкірінде жемісті еңбек етуде. Осы уақытта қанаттандырып ұшырған сол шәкірттерінің ішінде, белгілі айтыс өнерінің жас перісі, марқұм Оразалы Досбосынов, талантты ақын, баспа директоры Кәдірбек Құныпияев, ондаған сүбелі монографиялардың авторы, ғылым докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлы, “Қазақ тілі мен әдебиеті” журналы редакторының орынбасары, ғылым кандидаты Амангелді Оспанов, филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы және т.б. бар. Иә, қай мектепке кірсеңіз де, оның шәкірттері алдыңыздан шығады. Бұл Тұрсын ағаның ұстаздық еткен ерен еңбегінің жемісі, әрине. Ғылым жолында да еңбегі елеулі. Профессор Т.Сыдықов 40-тан астам ғылым кандидаттары мен докторларына оппонент болып, олардың әдебиеттану ғылымына қосқан үлесін, ізденісін әділ бағалап, қазақ ғалымдарының қатарын соны ағыспен еселендірді.
«Туған жерге туың тік» демей ме дана халқымыз. Алматы сұлу шаһар, білім мен ғылым, өнер мен мәдениеттің ордасы, оны қиып кету қанша қиын болса да Тұрекең өз жүрегінің қалауымен 2002 жылы батыл шешімге келіп, туған жері Жетісуына оралды. Бүгінде ол туған аймағының жастарын тілге, әдебиетке, туған тарихына бойлатып, әлемдік мәдениеттің асыл үлгілерімен сусындатып жүр. Сонымен қатар, өзі ұзақ жылдар бойы қызмет істеген жоғары оқу орнында қалыптасқан дәстүрді, үрдісті кафедра мүшелерінің бойына дарыту үстінде.
Айтулы ақын Қадыр Мырза Әлінің «аудиторияны арбай білмеген, ұстаз болып жарытпайды» дегені бар еді. Бұл сөз Тұрсын Сыдықовқа арнап айтылғандай. Ол кісінің дәрісіне тамсанбаған студент кемде кем шығар десек, бұл артық айтқандық болмас.
Мұратбек ИМАНҒАЗИНОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.