Жиынға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев қатысты. Министр конференцияға қатысушыларды алда келе жатқан Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, Елбасының құттықтау хатын оқып берді.
Конференцияның ашылуымен құттықтаушылар қатарында тұңғыш Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, профессор Т.Сүлейменов бастаған Елбасының серіктестері болды. Жиын барысында Мемлекет басшысының серіктесі, зауыт-ЖТОО түлегі, Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласында Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қ.Сарекенов конференцияның маңызы мен мақсатына кеңінен тоқталды.
Келелі кеңесті аймақ басшысы Е.Қошанов жүргізіп отырды. Күн тәртібінде Қазақстандағы Үшінші жаңғыртуды жүзеге асыру құралы ретінде қолданылатын инновациялық және еңбексыйымдылықты технологиялар жайы сөз болды. Сондай-ақ, жоғарғы және жоғарғы оқу орынан кейінгі білім беру саласында кадрларды дайындау арқылы адами капитал сапасын жақсарту мәселелерін талқылады.
Баяндамашылар жоғарғы оқу орындарын «Рухани жаңғыру» Бағдарламасын жүзеге асыруға арналған қоғамдық сананы жаңарту орталығы ретінде қабылдауды ұсынды.
Президенттік «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау мәселелері де жиынның өзегіне айналды.
Мирас Асан,
«Егемен Қазақстан»
Теміртау қаласы