Қазақстан • 29 Қараша, 2017

Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы алғашқы күрес залы ашылды

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін елорданың № 49 орта мектебінде күрестің бірнеше түрімен айналысуға арналған шағын залды ашу салтанаты өтті деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы алғашқы күрес залы ашылды

Күрестен шағын залды ашу Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасының аясында мүмкін болды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында қала әкімдігінің, білім басқармасының  қолдауымен «Мен спортпен бірге өсемін» қоғамдық қоры мен «Стальная марка» ЖШС жоғарыда аталған залдың ашылуы мен жабдықтардың орнатылуына көмегін тигізді.

№49 орта мектептің директоры Данара Жомартованың айтуынша, заманға сай құралдармен жабдықталған шағын спорт залында күреспен аудандағы басқа мектептердің оқушылары да шұғылдана алады. Оның пікірінше, №49 мектептің жанындағы қазақ күресімен айналысуға мүмкіндік беретін спорт залы болашақта бұл жерден түрлі дәрежедегі чемпиондарды көптеп шығаруға түрткі болмақ.

«Мектебімізде қазақ күресімен айналысатын 4 топ бар. Әр топта 15 бала жаттығады. Жаттығулар сабақтан тыс уақытта өтеді. Жаттығулар тегін. Спорт залы балалардың бос уақытын тиімді өткізуге септігін тигізеді. Мәселен, біздің мектебімізден әлем чемпионы, республика чемпионы ретінде шыққан және шығып жатқан оқушыларымыз көп. Дегенмен, №49 мектеп елордамыздың шалғай ауданында орналасқандықтан балаларымыздың қала орталықтарындағы спорттық үйірмелерге бару мүмкіндігі аз. Сондықтан бұл біз үшін жаңа спорт тарландарының жаңа есімдерін шығарудың зор мүмкіндігі», - деп бөлісті Данара Жомартова.

Шағын залды Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді мен қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің тұңғыш жеңімпазы Ұлан Рысқұл салтанатты түрде ашқан болатын.