Парламент • 29 Қараша, 2017

Мәжілісте жер қатынастарын реттеу мәселелері мен бала құқықтары туралы заң жобалары мақұлданды

361 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бірқатар заң жобаларын мақұлдады. Жиында жер қойнауы және жер қатынастарын реттеу мәселелері мен бала құқықтары туралы заң жобалары халық қалаулылары тарапынан қолдауға ие болды.

Мәжілісте жер қатынастарын реттеу мәселелері мен бала құқықтары туралы заң жобалары мақұлданды

Жалпы отырыста Палата «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексті және оған ілеспе заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.  Осы заң жобасына қатысты Мәжіліс Төрағасы өз пікірін білдірді.  

«Бұл кодекс жер қойнауы саласындағы барлық сұрақтарды бір құжаттың ішіне жинақтауымен ерекше. Соның нәтижесінде, жер қойнауын пайдаланушылар үшін де, инвесторлар үшін де тиімді жағдай жасалады», деді Н.Нығматуллин.

Заң жобасы жер қойнауын пайдалану саласын реттеудің жаңа тәсілін көздейді. Онда жер пайдалану құқығын «бірінші келдің – бірінші алдың» қағидаты бойынша берудің австралиялық моделін енгізу, пайдалы қазбалар қорларын есептеудің халықаралық жүйесіне көшу, геологиялық ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету, жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасын әзірлеу, уранды, көмір қабаттарының метанын игеруді реттеу, пайдалы қазбаларды старателдік өндіруді енгізу сияқты жаңалықтар қамтылған.

Жиында Жер реформасы жөніндегі комиссияның қызмет нәтижелері бойынша әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, мақұлданды.

Осы құжат бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов баяндама жасады. Министрдің айтуынша, заң жобасы жерді жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру, жалға берілетін жердің шекті мөлшерін белгілеу, шекара аумақтарындағы жерді пайдалану талаптарын күшейту, тұрғындарды жайылым алқаптарымен қамтамасыз ету секілді бірқатар мәселелерді қамтиды.

А. Мырзахметовтің сөзіне сүйенсек, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің жаңа әрі өзгеше тәртібі қарастырылған. Осыған сай, конкурсқа қойылатын жерлер тізбесі алдымен қоғамдық кеңестер және үкіметтік емес ұйымдармен келісіледі. Содан кейін ғана аудандық әкімдіктер оны бекітеді. Конкурсты ашық өткізу мақсатында жер комиссиясы құрамының 50 пайызы қоғамдық кеңестер мен ұйым өкілдерінен құралады. Ведомство басшысы конкурс барынша жария түрде өтетініне сендіріп отыр.

«Конкурстың жариялылығын қамтамасыз ету үшін хабарландыру аудандық қана емес, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады. Мұнымен қоса, конкурс жариялағалы отырған аудан хабарландыруды өзінің ресми сайтына қоса, облыстың басқа аудандары мен ауыл әкімдіктеріне жіберуге міндеттеледі», деді А. Мырзахметов.

Ұсынылған заң жобасында жалға алынған жерлерге тұрақты мониторинг жүргізілу көзделген. Осыған сәйкес, бастапқы бес жыл көлемінде жыл сайын бақылау жасалмақ. Содан кейін суармалы егістік әр үш жыл сайын, тәлімді жерлер бес жыл сайын тексеріліп отырылады. Бақылау қорытындысы бойынша жалдау шартындағы міндеттердің бірі орындалмағанын анықталса, өкілетті орган жалға беру келісімін бұзуға құқығы бар.

Сонымен қатар, заң жобасында жерді пайдалану жөніндегі міндеттемелер мен жауапкершілік күшейтіледі. А.Мырзахметовтың айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлерінің көп бөлігін «бір қолға» берілуін болдырмау мақсатында олардың шектік мөлшерін белгілеу көзделген.

Министр өз баяндамасында шекаралық белдеу мен шекара аумағында орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктермен некеде тұрған Қазақстан азаматтарына немесе шетелдік заңды тұлғаларға және құрамында шетелдіктер бар ел көлеміндегі заңды тұлғаларға беруге тыйым салынатынын атап өтті. Шекара маңындағы ауыл шаруашылығы жерлері тек Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана жалға беріледі. Бірақ шекаралық белдеуде орналасқан жерлер ешкімге берілмейді. Ұсынылған құжатқа сай, жалға берілген жерлерді жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Жобаны талқылау барысында жұмыс тобы келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, бірқатар өзгерістер енгізген. Кенттің, ауылдық елді мекеннің ғана емес, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың шекарасы шегінде орналасқан жайылымдық және шабындық алқаптарды бөлек меншікке және пайдалануға беруге тыйым салынады. Сондай-ақ, бұған дейін жалға берілген жерлерді қайтару мәселелері де заң жобасы аясында қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, отырыс барысында Мәжіліс депутаттары бастама болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Жұмыс тобы жобаны әзірлеу барысында жекелеген нормаларды нақтылауға және мазмұнын жақсартуға күш салған. Соған сай, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің іс-әрекеті үшін ата-анасын немесе басқа адамдарды жазалауға қатысты заң нормасы Қылмыстық кодекстен алынып тасталып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылады. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында осы санатқа кіретін балаларға кешенді әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық, медициналық, құқықтық және басқа да көмек түрлерін беру мәселесі де заң жобасына енгізілді.

Жиында «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» заң жобасы екінші оқылымда депутаттар тарапынан қолдауға ие болды. Жобаға тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сапасыз бағалауға байланысты келтірілген залалды өтеу үшін өтемақы қорын құру және жеке тұлғалар үшін бағалау қызметін қазір қолданылып жүрген лицензиялаудың орнына бағалаушыларды сертификаттауды енгізу сынды басқа да мәселелер енгізілген.

Содан кейін депутаттар назарына «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Солтүстік және Орталық Азияға үшін Субөңірлік бөлімшеге арналған әкімшілік және қаржылық рәсімдерге қатысты келісімді ратификациялау туралы» заң жобасының қорытындысын әзірлеу мәселесі ұсынылды. Аталған құжат бойынша баяндама жасаған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, осы келісім БҰҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасының қорытындысын әзірлеу мәселесі қаралды. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров осы шартты ратификациялау екі ел қылмыспен күрестегі әріптестігінің көкжиегін кеңейтетінін жеткізді. Аталған екі мәселе бойынша депутаттар заң жобаларын жұмысқа алып, қорытынды әзірлеу мерзімін белгіледі.

Сонымен қатар, отырыста Орталық сайлау комиссиясының баяндамасы негізінде Бақытжан Әбдірайымның 24 қарашадан бастап Мәжіліс депутаты өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірнеше депутаттық сауал жолдады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»