Өз кезегінде АҚШ-тың қорғаныс министрі Джеймс Мэттис бұл жолғы қарудың өзгелерінен биік ұшып, дүние жүзіне қаншалықты қауіп тудырып отырғанын көрсетті деп қатаң сынға алды.
Ал БҰҰ жанындағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Никки Хэйли бүкіл әлемнің Солтүстік Кореямен кез келген байланысын үзуге шақырды.
Оңтүстіккореялық «Ренхап» ақпарат агенттігі ракетаның Пхенан-Намдо провинциясынан ұшырылғанын, әрі 4500 км биікке әуелеп барып, Жапония теңізіне құлағанын хабарлады. Ал Күншығыс елінің билігі зымыранның ұшу уақыты 50 минутты құрағанын жеткізді. Ракета Аомори префектурасының жағалауынан 210 шақырым қашықтыққа түскен. Бір ерекшелігі әдеттегідей Жапония территориясының үстімен өтпеген.
BBC-дің ақпары бойынша Дональд Трампқа КХДР-дің әрекеті зымыран әуеге көтерілген бетте жеткізілген. Өз кезегінде АҚШ президенті жақын арада өзінің әкімшілігі бұл істі реттейтінін айтты. Бірақ қалай реттемек? Солтүстіккореялықтар осыған дейін де талай санкцияға бетбақтырмаған. Енді қандай амал қолданбақ!
Ким Чен Ын бастаған топ баллистикалық ракетаны соңғы рет екі ай бұрын сынақтан өткізген. Ол кезде ракета 770 км биікке көтеріліп, 3700 км қашықтықты бағындырды. Жапонияның Хоккайдо аралының үстінен өтіп барып Тынық мұхитына құлаған. Ал осының алдында, яғни қыркүйектің басында КХДР басшылығы сутегі бомбасын жасап, баллистикалық ракетаға жалғауға жарамды екенін хабарлаған болатын.
Солтүстік Корея қуаты күшті қаруға көңіл бөлгенмен, халқы аштықтан тентіреп жүр. Бірер күн бұрын BBC Жапонияның Акита префектурасы жағалауына жақын маңайдан сегіз адамның мүрдесі бар қайық табылғанын жазды. «Киода» ақпарат агенттігі Солтүстік Кореяның балықшылары болуы мүмкін деген болжам жасады. Себебі, мұндай жағдай Күншығыс елінде жиі кездесіп тұрады екен. Мәселен, өткен жұма күні сегіз адамы бар ағаш қайық Юрихондзе жағалауына жүзіп келген. Жолаушылары дін аман.
Жергілікті халық мұндай су көліктеріне «елес қайық» деген атау қойып алған. Қолдан жасалғандықтан ешқандай навигациялық құрылғылары жоқ. Тиісінше апатты жағдайда көмекке шақыра алмайды.