«Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жолы құрылысы ел мен елді жақындастырып, жаһан даланы жаңғыртудағы жасампаз жоба
* * *
ПАРСЫ ШЫҒАНАҒЫНА ШЫҒАРАТЫН ЖЕЛІ
Туған еліміз Тәуелсіздіктің 20 жылдығын экономикамыз дамып, халқымыздың әлеуметтік жағдайы саласында да үлкен жетістіктермен қарсы алғалы отыр. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, әлем таныған сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесінде сыртқы байланыстарымыз да биік белестерге көтерілді. Және ол еліміз, халқымыз үшін, келешек үшін өз жемісін беруде. Соның бір айқын дәлелі Елбасы күш-жігерімен өмірге келген, мұнайлы өңір ғана емес, кең-байтақ Қазақстан үшін маңызы ерекше «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» теміржолының құрылысы дер едім. Нық сеніммен сөйлеуімнің себебі, өмір жолым түгелге жуық темір жол саласымен байланысты. Сонау 70-жылдары темір жол құрылысы тресін басқардым. 2002-2006 жылдары «Алтынсарин – Хромтау» темір жолы құрылысын салуға басшылық жасадым. Елбасы Жарлығымен омырауыма «Парасат» орденін қададым. Ол кездердегі өмірге келіп, жүзеге асқан жұмыстар да ауқымды еді. Елдегі қарым-қатынас жүк тасымалына қосатын үлесі ерекше болды. Дегенмен, осы жолғы қолға алған теміржол құрылысын салудың екпіні де, мән-маңызы да дос сүйсініп, дұшпан күйінетіндей-ақ болып отыр. Елбасы 2009 жылы жұмысты бастауға пәрмен бергеннен-ақ аптап ыстық тұмшалап тұрған айдалада еңбек көрігі қызды. Жасыратыны жоқ, қиындықтар да кездесті. 146 шақырымдық жолдың табанына топырақ үйіп, болат рельстерді төсеудің әрбір кезеңі қалай өткені қазіргідей көз алдымда. Ендігі көрінісіне көз салсақ көңіл толқиды. Темір жол желісімен бірге екі станса, бес темір жол бекеті және де оларды су, газбен қамтитын инженерлік-инфрақұрылымдық мақсаттағы нысандар әлеуметтік-тұрмыстық орындар бой көтеруде. 146 шақырымға созылып жатқан жол желісі бойындағы жаһан дала жаңғырып келеді. Жол бойындағы ең ірі «Болашақ» стансасындағы құрылыстар арасында вокзал үйі, әкімшілік ғимараттары, мектеп, балалар бақшасы, сауда, тұрмыстық-мәдени орындар саны елуге жетпекші. Ал күні кешеге дейін көзге іліне бермеген «Өзен» стансасының келбеті кереметтей өзгерді. Әдемі вокзал үйі жолаушыларды қабылдап, 38 пәтерлі көп қабатты үй болашақ иелерін күтуде. Орта мектеп пен балалар бақшасы да бітуге таяу. Жалпы, аталмыш құрылыс нысандарында 2000-нан астам адам, 800 әртүрлі техника жұмыс жасады. Бұл күндері әрбір станса мен темір жол бекеттеріне су құбырлары тартылды, «көгілдір отын» желісін жеткізу жұмыстары аяқталуға жақын. Жалпы, жоба бойынша жүзеге асатын құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылдың мамыр айында аяқталады. Сол кезде жергілікті тұрғындардан жұмысқа қабылданатын 800 теміржолшы жоғарыда айтқан сайлы мекен-жайларда тұрып еңбек ететін болады. Ал біз әңгіме еткен халықаралық маңызы бар алып құрылыс ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына деген ерекше тарту, ел мерейін өсіре түскен жасампаз жоба екені сөзсіз.
Тыныштықбай ӘУЕСБАЕВ, «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жолы құрылысының бастығы.
* * *
ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН КЕЛГЕН КЕРЕМЕТ
Алғаш «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жолы салынады, ендігі жерде Түркіменстан, Иран асады екенбіз дегенді естігенде оны ертегідей көргенбіз. Өйткені мен 40 жылдай темір жол саласында еңбек еттім. Біраз жылым Атырау облысындағы Сағыз темір жол стансасында өтті. Кешегі Кеңес дәуірінде де Қазақстанда мұндай ірі жобаны көрмек түгілі естігеніміз де жоқ. Соған орай жоғарыда айтылғандарға сене қоймадым. Енді бәрі басқаша, көрген түстей болды. Біле-білген адамға бұл қазақ елі тәуелсіздігінің санаулы жылдар ішінде қол жеткізген табыстарының жемісі. Сондай-ақ әлем таныған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қазыналы аймақ адамдарына деген ерекше көңілі мен қамқорлығының шынайы көрінісі деп те ұғуға болғандай. Елбасы тапсырмасына орай қаншама жұмыс атқарылғанын тізбектеп шығудың өзі қиын. Бұрын Өзен стансасы арқылы күніне 2-3 пойыз жүретін-ді. Енді оның саны 10-12-ге дейін жетеді екен. Жұмыстың бәрі автоматтандырылған, барлығы да компьютер арқылы атқарылады. Мен зейнеткерлік демалыста болғаныммен жолдасым пойыз құрастырушы Шылбырбай мен ер жеткен үш баламның жағдайын ойлаймын. Осы жол салынады деген соң стансада 38 пәтерлі үй, 270 орындық балабақша салынып пайдалануға берілді. Жаңа вокзал, кеңсе үйі, айналым депосы бой көтерді. Осындай оң өзгерістерге қуана отырып, ата-бабаларымыз армандап қолымыз жеткен Тәуелсіздігіміздің туы биіктей берсін деген аналық тілек тілеймін!
Нұрзила ҚАПАШОВА, ардагер-теміржолшы.
* * *
ЕЛІМІЗ ҮШІН ЕРЕКШЕ ҚҰРЫЛЫС
![101111-17](http://old.egemen.kz/2011img/101111-17.jpg)
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өтетін биылғы жыл біздің аймақ адамдары үшін толағай табысқа толы ерекше есте қалатын жыл болғалы тұр. Себебі, соңғы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен өмірге келген «Жер-Теңіз-Аспан» ықпалдастырылған мегажобасы бойынша көлік-логистикалық кластерін дамыту қарқын ала түсті. Аймақ үстімен «Солтүстік – Оңтүстік» және «ТРАСЕКА» халықаралық дәліздері өтетін қазыналы түбек тоқсан жолдың торабына айналып, аймақ адамдарының келешекке деген сенімін нығайта түсуде. Ірі де жасампаз жобалардың ішінен ерекше міндеті бар Парсы шығанағына жол ашатын «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жол торабын ерекше атап көрсетпеске болмайды. Серпінді жобаның тапсырыс берушісі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы болып табылады. Мыңдаған адамдар мен ондаған құрылыс ұйымдары жұмылдырылған алып құрылысқа аймаққа ғана емес еліміздің өркендей түсуіне де соны серпін беретін жоба деп зор сенім артылуда. Темір жол желісінің қазақстандық бөлігін салуға бөлінген қаржы, яғни «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» жобасының жалпы құны 65 млрд.теңгені құрайды. Темір жолдың қазақстандық бөлігінің ұзындығы 145 шақырымды алып жатыр. Бұл 2007 жылы Иран, Қазақстан, Түркіменстан президенттері қол қойған декларацияға сай салынатын «Өзен – Қызылқия – Берекет – Этрек – Горган» темір жолының бір бөлігі ғана. Жалпы ұзындығы 685 шақырымды құрайтын желінің 470 шақырымы Түркіменстан, 70 шақырымы Иран мемлекеттеріне тиесілі. Темір жол желісі аяқталғанда Парсы шығанағына Иран – Түркіменстан шекарасындағы Сарахс арқылы шығатын жол 600 шақырымға қысқарады. Оның үстіне «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі арқылы өтетін транзиттік байланыс Солтүстік – батыс Еуропаны Каспий маңайы елдерімен, сондай-ақ орталық Оңтүстік-Шығыс Азияға жалғасып әрі арзан, әрі қысқа жолға түседі. Ал қазақ елі жаңа темір жол арқылы мұнай, астық, қара металдарды экспортқа шығарып, қайтар жолда Иран Ислам Республикасынан химия өнеркәсібінің тауарлары мен азық-түлік өнімдерін, тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтарды тұрақты әрі екі елге де тиімді түрде жеткізетін болады.
![101111-18](http://old.egemen.kz/2011img/101111-18.jpg)
Мерекелі жылы өз межемізден шығу үшін жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Оған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Асқар Мамин тікелей басшылық жасауда. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бірнеше мәрте кеңес өткізді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Амангелді Айтқұлов басқаратын штабтың көшпелі мәжілісінде темір жол желісімен қатар оның бойында болатын елді мекендердің құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымы туралы жиі-жиі кеңестер өтті. Бұл күндері жасанды ғимараттарды салу, инженерлік-коммуникацияларды құру, т.б. жұмыстар толықтай аяқталды. Шекарадағы «Болашақ» стансасына су құбыры тартылды. «Көгілдір отын» желісін жеткізу қарқынды жүруде. Екі станса, бес темір жол бекетінде салынатын әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды жоспарға сай пайдалануға беруге толық мүмкіндік бар. Жоба аясында Өзен темір жол стансасы да айтарлықтай жақсы өзгерістерге ұшырады. Өйткені халықаралық сапар осы стансадан бастау алады. Темір жол бойындағы басқа да елді мекендер де ретпен салынып, онда тұрып еңбек ететіндерге де қолайлы жағдайлар жасау жүзеге аспақшы. «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жол торабы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға беріліп, еліміздің абыройын асқақтата түсетін ерекше құбылыс болғалы тұр.
Аманғали ШАМШАДИН, Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы.
* * *
ТАТУ КӨРШІЛІКТІҢ ТЕМІРЖОЛЫ
Маңғыстаудың ғана емес, тұтас еліміздің қарқынды дамып, экономикасының өрлей түсуіне соны серпін беретін «Өзен –Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жол желісін салу 2007 жылы Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік бастамасымен қолға алынған болатын. Сол жылы 16 қазанда Тегеранда өткен кездесуде Иран Ислам Республикасының Президенті М.Ахмединежад, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев, Түркіменстан Президенті Г.Бердімұхаммедов «Өзен – Қызылқия – Берекет –Этрек – Горган» темір жол желісі құрылысын салу жөніндегі біріккен декларацияға қол қойды. Декларацияға қол қойған кезеңнен 2 жылдан кейін, 2009 жылы қыркүйектің 28-інде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жол желісі құрылысын бастауға пәрмен берді.
Бұл темір жол желісі Елбасының, Үкімет басшысының назарындағы ерекше нысандардың бірі. Өткен жылы маусым айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келгенде көптеген ірі инвестициялық жобалардың тұсаукесеріне қатысқаны есте. Сол жолы телекөпір арқылы Елбасымыз «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жол желісінде атқарылып жатқан жұмыстарға да зер салды.
Ал желтоқсан айында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов облысқа жұмыс сапарымен келгенде темір жол құрылысының салыну барысымен танысып, ең ірі «Болашақ» темір жол стансасында болды. Аталмыш темір жол «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық транзиттік дәліздің бір бөлігі ретінде ел өнімдерін Парсы шығанағы маңындағы мемлекеттерге жеткізуге мол мүмкіндік бермекші. Сондай-ақ Қазақстанды Қытаймен байланыстырып, Кеден одағындағы әріптестері Ресей және Беларусь мемлекеттері өнімдерін де Парсы шығанағы және Иранның теңіз порттары арқылы халықаралық рыноктарға тікелей шығарады. Бұл бағыт Армения, Грузия арасындағы тауар алмасуды жеделдетіп, Орталық Азия мемлекеттерімен де сауда қатынастарын жақсарта түседі. Сөйтіп, Қазақстан осы темір жол арқылы Таяу Шығысқа жақындай түсіп отыр. «Шығыс – Батыс» дәлізі бойынша ТРАСЕКА-ның қазіргі маршрутының қашықтығын қысқарту үшін «Жезқазған-Бейнеу» темір жол желісі құрылысының жобасын жүзеге асыру жолдың «Бейнеу – Шалқар» учаскесі концессиялық негізде салу қолға алынуда. Осы ауқымды да аса маңызды жасампаз жобалар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірге жүргізілуде. Қазыналы түбек атанған мұнайлы Маңғыстау осынау ерекше екпінді жобалар жүзеге асқанда тоқсан жолдың торабындағы халықаралық көлік дәлізіне де айналмақшы.
Ал «Өзен – Түркіменстан мемлекеттік шекарасы» темір жол желісі үш мемлекет аумағынан өтетін «Солтүстік-Оңтүстік» темір жол дәлізінің бір бөлігі. Ол дәліздің жалпы ұзындығы 951 шақырым, соның 146 шақырымы қазақстандық бөлігі болып есептеледі. Жоба бойынша 146 шақырымдық темір жол бойында екі станса, бес жол бекеті салынып, олардың инфрақұрылымдарын жүзеге асыру міндеті қойылған. Жобаның жалпы құны 65 млрд. теңге. Бұл күндері 48,6 млрд. теңгенің жұмысы атқарылған деп айтуға болады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыруға 2250 адам тартылған. Шекараға таяу жердегі «Болашақ» стансасына Ақтауға іргелес «Маңғышлақ» стансасында оптикалық байланыс жүйесі толықтай тартылып, жол бойындағы барлық нысандар байланыс құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліпті. «Болашаққа» су құбырын тарту аяқталып, газ құбырын жеткізу қарқынды жүруде. Сөйтіп, осынау серпінді де жасампаз жобаның нәтижесінде Маңғыстаудың маң даласында жүздеген адамдар жайлы тұрмыс құрып, өмір сүретіндей жеті елді мекен пайда болды. Олар «Болашақ», «Бопай» стансалары, Бестөрткүл, Құрмаш, Тайғыр, Ақбөбек, Бастау деп аталады. Осы жоба шапағатымен Өзендегі 100 жолаушыға арналып салынған темір жол вокзалы үйі адам танымастай күйге енген. Пойыздар тоқтайтын атшаптырым алаңқай әсемдігі Теңге кентінің, ал аймақтағы алғашқы темір жол үстіндегі көпір Өзен тұрғындарының қауіпсіз жүріп-тұруларына жол ашқан. Қорыта айтсақ, бұл көпшіліктің көңілінен шыққан нағыз халықтық жоба деп айтуымызға әбден болады.
* * *
ЖАСТАРДЫҢ ОРНЫ – АЛҒЫ ШЕП
Мен тыныс-тіршілігі темір жолмен тығыз байланысты өлке Қызылорда облысының Қазалы қаласында туып-өстім. Бала кезімнен бастап-ақ темір жолға үйір болдым. Қырық жыл тепловоз машинисі болған әкем Зұлхарнай сияқты болуды армандадым. Сол арман жетегінде темір жол техникумының энергетика факультетіне түсіп, білім алдым. Жолдасым Ләззат та теміржолшы. Егер Маңғыстау жеріндегі серпінді жоба өмірге келмесе, мүмкін сол жерде бір сарынды өмір кешіп жүре берер ме едік деп те ойлаймын. Міне, өзім куә болған төрт жыл ішінде тамаша бағдарламалар аясында өңірге өң кіре бастады. Жоба-жоспарлардың келешегі тіпті керемет. Олай дейтінім, күні кешеге дейін пойыздардың соңғы тоқтайтын жері Өзен стансасы еді. Енді жұмысшы пойыздары Түркіменстан шекарасына дейін жүре бастады. Ертең-ақ Иранға, одан әрі Парсы шығанағына жетеді. Мен сол күннің жақындай түсуі үшін жұмыс жасап жүргендердің бірі екенімді мақтан тұтамын. Бұрын екі бөлмелі ескі үйде тұратын едік. Енді бағдарлама аясында жаңадан салынып, ішіне тұрмысқа қажеттің бәрі қойылған жаңа пәтерге кіргелі отырмыз. Мектеп жасына дейінгі екі баламызға жақында пайдалануға берілген балабақшадан орын алдық. Табысымыз жақсы. Көңіл-күй көтеріңкі. Бізге берілген мүмкіндіктер үшін басшыларға алғысымызды айта отырып, ендігі жердегі мақсатымыз тек жемісті жұмыс жасау деп ойлаймын. Яғни, біздің орнымыз – алғы шеп. Сонда біздің өңірімізде де, өмірімізде де оң өзгерістер көбейе түсетініне күмән жоқ.
Мәлік ПАНАБЕК, теміржолшы.
__________________________
Материалдарды дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Жоламан БОШАЛАҚ.