09 Қараша, 2011

Қазақстан халқының барлығы мемлекеттік тілде сөйлеуі керек, мен солардың бірі ғанамын дейді қазақ тілін жетік меңгерген молдаван қызы Алла Платонова

767 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
«Тәуелсіздік не берді»  деген  сұрақ қа­зір жиі қойылады. Тәуелсіздік ал­дымен өз жерінде өгей баладай есіктен қарап қалған  қазақ тілін төрге оз­дыр­ды. Қазақстанның  мемлекеттік тілі – қазақ тілі болды. Тәуелсіздік тұстас­тарының бүгінде мемлекеттік тілде білім алып, мемлекеттік тілді ана тілім деп есептеуі де елі­міздің  ұлы бостандығының жемісі. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Гуманитарлық-әлеумет­тік факультетінің  үшінші курс студенті Алла Платонова мемлекеттік тіл  жөнінде өткен  облыстық, республикалық талай сайыстардың жүлдегері. Ол қазақстандықтардың барлығы мемлекеттік тілді білуі керек есептейді. – Алла, облыстық телеарнада тележүргізуші болып жүр­геніңді байқағандар сенің қазақ тілін жетік меңгергеніңе сүйсініп отыратыны рас. Қа­зақ ауылында өстің бе? – Құдай-ау, тілді қалай жетік меңгермейін, қазақ мектебін бітірген жоқпын ба?! Амангелді ауданы мен Арқалық қаласы ортасында жатқан Тасты деген ауыл­да өстім. Ол Амангелді ау­данына қарайды. Бірақ менің бала кезімде бұл таза қазақ ауылы болған жоқ. Онда  түрлі ұлт өкілдері аралас тұратын, соған қарай ауылда аралас мектеп болатын. Рас, кейінгі жылдары алдымен  орыстар үдере көшті, сосын қазақтар да қалаға кетті. Қазір ауылымыз шағын ғана елді мекен болып қалды. – Сені қазақ мектебіне берген ата-анаң да қазақ тілін мең­герген бе? Ол кісілердің мамандығы қандай? – Менің  қазақ мектебіне ба­руыма ата-анамның қатысы аз. Менімен  тілдескендердің бар­лы­ғы да ата-анасы мұғалім шы­ғар деп  ойлайды.  Әкем Сергей ауылдағы «Табыс» шаруа қожа­лығында дәнекерлеуші, анам Екатерина  дүкенші болып істейді.  Мал ұстап, соның  табысы­мен күн көріп отырған жандар. Олар мені  о баста қалада оқыт­қылары келіпті. Өйткені,  90-шы жылдары   ауылдың жағдайының қалай болғаны көпшілікке белгілі  ғой. Барлығы да қолайлы орын тапса, көшіп жатты. Кім білсін, менің ата-анамда да сондай ой болған шығар. Мен Тасты мектебіндегі орысша дайындық сыныбына бардым. Оны бітірген соң  ары қарай орыс сыныбына баруым керек қой. Алайда, мен жылап отырып алыппын, қазақ  сыныбына барамын деп. Соны­мен  ата-анам баласының көңілін қайтармай, қазақ сыныбына жетелеп барыпты.  Алайда, мен бала болсам да, анамның ескертуі әлі күнге дейін жадымда. «Аллочка, ертең сенің сабағыңа кім көмектеседі? Мен де, папаң да, ағаң да  қазақша білмейміз. Өзің қалай оқисың?» деген еді. Бала­мын ғой, бетімнен қайтпай, өзім оқитынымды айттым. Әкем мен шешем екеуі ара-тұра молдаван тілінде сөйлескені болмаса, негізінен орысша араласамыз,  отба­сы­мыздағы балалардың тілі орысша шыққан. Шынында, оқуы­ма ата-анам  көмектескен емес, мен  шашым жалбырап, қол­тығыма кітабымды қысып, көршілердің үйінде жүреді екенмін. Менің бағыма қарай,  жақын тұратын орыс көршілеріміз кө­шіп кетті де, олардың үйіне қазақтар келді. Мектеп қасиетті орын емес пе, көп ұзамай қазақ тілінде өзге балалар сияқты сайрап кеттім. Бастауыш сынып­тарда, құдай-ау, отыздан аса бала оқыдық. Кейін жоғары  сынып­тарда азайды. Алғашқы ұстазым Сақыпжамал апай Жұмабаева: «Алла, сен  үй тапсырмасын жат­тап алатынсың, сабақ сұра­ған­да үндемей қалмайтын едің,  қате болсын, дұрыс болсын жауап беретінсің. Талабың ерекше болды» деп айтып отырады. Мен қазақ мектебінде оқығандықтан ба, әлде ауылды қимады ма, қы­зын қалада оқытуды арман­даған ата-анам әлі Тастыда тұрады. – Ауылың қазір қалай?   – Мал мен  астық бар жер жаман болмайды ғой. Біраз  ауыл­дастарымның  көшіп кеткенін айттым. Олардан қалған бұзыл­ған  үйлердің қабырғасын көр­генде жүрегім ауырады, әрине. Бірақ өзім өскен жер, туған жер болған соң,  бүйрегім бұрып тұрады. Тасты ауылы ойда орна­ласқан.  Мен үшін Торғай дала­сының кеңдігіне, сұлулығына же­тер нәрсе аз.  Жазғы дема­лыс­та  барған сайын ауылдың топы­рағын жалаңаяқ басамын. Тас­тының топырағы ерекше ыстық, жанымды баурайды. Ауылдың ауасының да, суы­ның да,  шық түсіп тұратын шө­бінің де тазасын айтсаңызшы! Ауылдың айналасынан бірінші, екінші, үшінші деп  ауылдастар  нөмір­леп қойған Торғай өзенінің салалары  ағады. Шағын өзендер ғой.  Солардың жағасына барып отырғанның өзі қандай керемет. Жазда мал судың жағасында  иіріліп жатады. Жап-жазық далада құлындары шапқылап, жылқылар жайылып жүреді, күн ыстықта олар да суатқа келіп шыбындап тұрады. Сол көрініс қалада жүр­сем де  көз алдымнан кетпейді. Таң­ертең  мал маңырап, құстар шу­лап, ит үріп, кішкентай ауыл азан-қазан болып оянады. Көрші­лер малды өріске қосады,  әйел­дер гүмпілдетіп сиыр сауып жа­тады. Даладағы ошаққа пісіретін сүттің иісін айтсаңшы! Несін ай­тасыз, ауылды сағынып кеттім! Өзім де оқыймын деп көптен бері бара алмай жүр едім, сағыны­шым­ды тіпті қоздатып жібердіңіз ғой!..(Алланың жүзі қызылшы­рай­­­ланып, сықылықтап күліп алды). – Тілдің нәрін ауылдан, білімнің дәнін мектептен алдым десеңші, Алла. – Дәл солай! Оған тәрбиені қосыңыз! Мектепте жақсы оқы­дым, жақсы бітірдім. Грантпен Арқалық педагогика институты­ның шет тілдер факультетіне түс­тім. Мен мектепте жүргенде өте белсенді болдым. Бастауыш сы­ныпта оқитын кезімде Наурыз мерекесінде Сақыпжамал апайым мені  «Ана» деген әнмен сахнаға алып шықты.Үстімде ақ көйлек, аяғымда ақ туфли, шашыма тақ­қан  қызыл бантикпен  сахнада тұ­рып, қазақша ән айтқаным, ауыл­дастардың барлығы дүрсілдете қол шапалақтағаны есімде. Осы жолы сахнаға шығуым мені қанат­тандырып жіберді білем. Мектепте өтіп жататын шаралардың бар­лығының ортасында мен жүретін едім. Бала емеспін бе, ылғи сах­наға шыққым, ән айтқым келіп тұратын. Амангелді ауданында жыл сайын «Атамекен» деген ауыл фестивалі өтіп тұрады. Ауыл­дар сонда өзара жарысады.Сол фестивальден қалған кезім жоқ шығар. Тастының намысын қолдан берген жоқпыз.  Оған жыл сайын костюм тіктіреміз. Ұстаз­дарым мен ата-анама бұл ғұмы­рымда алғысым шексіз. Мектепте ұстаздарым  жетелемесе, үйде  әке-шешем дұрыс тәрбие бермесе мен не болар едім?  Қазір үйде  осы күнге дейін түрлі байқау­лар­дан, фестивальдерден алған мақтау қағаздарым, дипломдарым жиналып тұр. Құдай-ау, саны қырық шақты болады. – Жастар арасындағы, со­ның ішінде  мемлекеттік тіл жөніндегі облыстық, респуб­ли­калық байқауларға  қатысып, өз ауданың мен облыстың мақ­танышына айналып жүрсің. Өзің үшін солардың  қайсы­сының ерекшелігі болды?  – Мен 2009 жылы облыстық «Қыз сынына» қатысып, бас  жүл­дені алып кеткенмін. Осы та­бысым көңіліме қонады. Себебі, мен осы байқауда қазақ тілімен қатар, қазақ дәстүр-салтын қанша­лықты білетінімді, оны шынайы меңгергенімді дәлелдедім деп  есептеймін. Мен өзімді халықтық дәстүрде  тәрбиеленген қызбын деп  білемін. Мен негізі мектеп қабырғасынан бастап  сондай белсенді оқушы болдым дедім ғой. Осы әдет өскен сайын  менің өмірімнің мәніне айналып бара жатыр. Қазір бала кездегідей  әсі­реқызыл қызығушылықпен емес, әр байқауға тыңғылықты дайын­далып барамын. Қарап отырсам, тіл жөніндегі облыстық, аудандық байқаулардың барлығынан тек бас жүлделерді алған екенмін. Ал 2009 жылы қазақ тілін жетік білетіндердің «Тіл-халық жанын танудың кілті»,  биыл өткен «Мем­ле­кеттік тілді білу – парыз» атты  республикалық  байқаулар­дан екінші және үшінші орынды иелендім. Бір жағынан менің мүмкіндігім бұл  орындардан жо­ға­ры еді, мен өзіме сенімді едім. Соңғы байқауда  Сүгірдің термесін, Ләззаттың анасының жоқ­тауын образға кіріп орындадым, домбыра тартып бердім және ең бастысы өзім жазған моноло­гымды оқыдым. Бірақ ешкімге өкпем жоқ, сонша адамның ішінде осы орындарға  жеткеніме де шүкірлік етемін. – Монологың мемлекеттік тілге қатысты ма еді? – Оқып берейін бе? – Иә, оқып берші. – Қысқартып оқып берейін. Бірде бір кісі білімі күшті болсын деп, баласын қалаға апарып оқуға беріпті. Каникулға келгенде әкесі баласына: «Ұлым, сен өскеннен кейін үйленесің. Сонда аталары­мыз­дың «Табағын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал» деген сөзі есіңде болсын» депті. «Папа, не айтып отырсың, я не понял» депті ұлы. Әкесі әрі-бері айтқанмен, ұлы түсінбейді. Содан әкесі: «Смо­три мамашу и кушай кашу» деп  орысшалауға мәжбүр болып­ты.  Содан тамақты таңдап ішіп, ілмиіп жүретін баласына әкесі: «Ұлым, шешеңнің асқан етінен  жесейші, сорпа іш. Аталарымыз­дың  асы ғой. Сол аталарымыз: «ет – етке, сорпа – бетке» деп айтып кеткен» деп өсиет айтады. Сонда ұлы тағы да  әкесінің бетіне  түсінбей аң-таң болып қарап­ты. Әкесі  күйіп-пісіп: «Сен түсін­бедің бе? «Мясо – в кожу, сорпа – в рожу» деген» деп  орысшалап­ты. Міне, осыдан кейін барып, әкесі өз  қателігін түсініп; «Ойбай, бұлай ұятқа батқанша, ұлым, сені ауылға апарып, биыл қазақ мектебіне берейін» деп бір-ақ кесіпті. Сіздерге айтарым: өз  тілімізді ұмытқанымыз – ұлтымызды құртқанымыз деп біліңіздер. Ана тілін сақтау ұрпақ алдындағы парыз екенін ұмытпаңыздар! – деп қорытқан едім монологымда. – Әу баста Арқалық  педагогика институтына оқуға түске­ніңмен, қазір А.Байтұрсынов атын­дағы Қостанай мемлекеттік университетінің үшінші кур­сын­да оқисың. Неге бұлай шештің? – Мен бала кезімнен журналист болуды армандаған едім. Арқалық педагогика институты­ның шет тілдер факультетінен де тапқан зияным жоқ. Онда ағыл­шын тілін біраз меңгердім, қазір еркін оқып,  жауап қайтара ала­тын­­дай шамам, яғни бір қағарым бар.  Өзімнің  тілегім бойынша Қостанай университетінің  журналистика  бөлімшесіне ауыстым. Қазір  осында  үздік оқимын. Әр адам өзінің жүрек қалауымен жұмыс істеуі керек қой. Мен қазақ тілінде оқыдым, енді қазақ тілінде жазатын журналист болғым келді. Мені қолдаған ректор Асқар Наметовке, факультет деканы Айдар Айтмұхамбетовке, кураторым Гүл­­шат Марқабаеваға, басқа да ұстаздарыма  ризамын. – Алла, қазақ тілінде  білім алу қиын ба? Неге өзге жастар, оның  ішінде қазақ жастары  мем­ле­кет­тік тілде  сөйлеуге,  білім алуға  сал­қындық танытады? – Бұл пікірді жалпы жастарға таңудың қаншалықты дұрыс екенін айта алмаймын. Мен қазақ мектептерінің білімі нашар деген пікірді де естіп қаламын. Ол пікірмен келіспеймін. Өзім қазақ мектебін бітірдім ғой, білімім ешкімнен кем деп санамаймын. Жал­қау адамға  қай мектепте де білім алу оңай болмайды. Қазақ, орыс тілдерін жақсы білемін, ағылшын тілін де қажетіме жарата аламын. Ұстаздар жалпы бағыт береді, ал оны ары қарай жалғастыру, одан белгілі нәтиже шығару  адамның өзіне байланысты. Балаға үлгі отбасынан берілуі керек. Мысалы, мен қаладағы үйлердің ауласында ойнап  жүрген  кішкентай бүлдір­шіндердің  орысша былдырлап  сөйлеп жүргенін жиі байқаймын. Олар ертең балабақшаға бар­ғанда да орысша сөйлеу әдетінен арыл­майды. Одан кейін  мектепке ба­ра­ды,  бала жасынан орысша сөй­леген бала, қазақ мектебінде білімге немқұрайлы қарауы мүмкін.  Соның барлығы да баланы отба­сында  қадағалауға байланысты. Жаңағы мен айтқан  аулада ойнап жүрген бүлдіршін орысша сөй­легенде оған анасы қарап оты­рады. Сол ата-ана балаға  қазақша сөйлеуі, қазақша сөйле деп айтуы керек емес пе? Сәби мектепке бар­ғанша ата-ананың  бауырында өседі. Балалық шақта тәрбие, өскен соң намыс, патриотизм деген болмай ма саналы адамда.  Бірде қалада  келе жатып, сүрініп құлап қала жаздадым. Анадай жерде қызымен құшақтасып тұрған жігіт орыс тілінде әзілдеген боп, менің  сүрінгенімді қағытты. Қызы ың­ғайсызданған болып, «не обращай внимание» деді жігітіне. Мен қазақ тілінде оған: «Сен мені сүйемей-ақ қой, одан да қызың екеуің қазақ тілін үйреніп алың­дар» дедім. Менің осы сөзім жа­ңағы жігіт пен қыздың санасына жетсе болар еді деп ойлап бара жаттым. Ал олардың  не ойла­ғанын қайдан білейін... – Сенің отбасыңда олай емес қой? Олай дейтінім, өзің қазақ мектебіне бардың,  ал ата-анаң қа­зақша сөйлесе алмайды? Олай болса, неге бар жауапкершілікті отбасына жүктейсің? – Мен бұл пікірімнен айны­маймын.  Өйткені, бәрібір әке-ше­шесінің көзі қайда қараса, бала­ның беті солай ауады. Менің ата-анам өз ана тілі – молдаван және орыс тілдерінде сөйлеседі. Бірақ олардың  қыздары таңдаған қазақ тіліне құрметін, адал ниетін қайда қоясыз?  Мен  бала кезімде  бір қалам немесе дәптер, кітап керек десем, анам сол күні ұйықтамаса да тауып беретін. Мен мектеп, ауыл сахнасына шығып, тақпақ, ән айтқанда ол бар жұмысын тастап, түсінбесе де келіп тыңдап отыратын. Бұл баланың  ынтасын оятпай ма?  Өзіңізге сұхбат ба­сын­да айттым ғой, мен мектепте жүргенде қазақтың ұлттық киімін, сахналық костюмдерді  жыл са­йын тіктіретін едім. Иә, менен ата-анам ештеңе аяған емес. Ағам Федя орысша оқығанмен, ниет қойды да, қазақ тілін үйреніп ал­ды. Әрине, оның орфографиясы мен менің білімімді салыстыруға келмес, бірақ талабын айтсайшы. Мен туралы жақында «Қазақстан» ұлттық арнасынан суреттеме көр­сетті. Соны мамама хабарлаған­мын. Сөйтсем, анам байғұс өзі істейтін дүкенге үйдегі телевизорды көтеріп барыпты. Жұмыстан қа­луға болмайды  ғой, сонда тұрып, мен туралы хабарды  көріпті. Ауылдастарға айтып, қуаныштан жылапты. Енді олардың үмітін ақтауға қалайша тырыспайсың? Ал біздің үй қонақ шақырғанда  дастарқанды жерге жаяды. Көрпе­шелер төсейді. Ет асу, соғым сою біздің отбасының дәстүріне кіріп кеткен. Анамның сандығы бар, іші толған мата, орамал. Ауыл­дағы қазақтардың үйге қонақ шақырғанда  дастарқаннан  сыба­ға салып  беретіні, мата тарататын салты  менің анама да жұғысты болды.(күледі). – Үйде әке-шешең  молдаван тілінде  сөйлеседі дедің. Өзің мол­даван тілін түсінесің бе? – Мен ептеп түсінемін. Көп сөздерді білемін. Анамның үйрет­кен тақпақ, өлеңдерін әлі ұмыт­қаным жоқ. Ұлтым  молдаван бол­ғандықтан, молдаван тілі менің туған тілім саналады ғой. Ол тілге құрметім үлкен. Әдемі, сұлу тіл. Бірақ мен  өзім үшін соның  барлығынан қазақ тілін жоғары қоямын. Өйткені,  мен Молдавияда емес, Қазақстанда тұрамын,  Қазақстан Республикасының  аза­ма­тымын. Мен мемлекеттік тілді білуім керек. Екіншіден, қазақ тілін жан-жүрегіммен жақсы білемін, жақсы білген соң да жақсы көремін, әрі ойды да қазақша ойлаймын. – Алла, сен әңгіме арасында ауыл тәрбие де берді дедің.  Сол сөзіңе қайтып оралшы.  – Ауыл  –  ұлттық тәрбиенің де қайнар көзі. Менің  әке-ше­шем сонша  кәрі емес,  орта жас­тағы  кісілер. Анам молдаван халқының ұлттық дәстүрінде тәрбиеленген, әкем Қазақстанда туып-өскендіктен, ауылдың  тәр­биесін көрген. Содан болар, менің тәрбиемді де бос жіберген жоқ. Мен  жоғары  сыныпта жүр­геннің өзінде ауылдың дис­котекасына барған емеспін, ашық-шашық, қысқа көйлек киген жоқпын.  Әкем ұнатпайтын. Әкеге қарсы  келмейсің, соның  пікіріне жығылатынмын. Сыра ішіп, темекі шегетін қыздарға әлі таңғалып келемін. Олар «мұн­да тұрған ештеңе жоқ, жастықтың қызығы, өмірден қалып қойған жоқпыз» дейді. Ал ішімдік ішпейтін, темекі шекпейтін қыздарды «уақытқа ілесе алмайтындар» деп  түсінеді. Өзін осылай жеңіл ұстайтын­дарға менің көзқарасым басқа. Ауылдың тәрбиесі дегенім, ауылда өскен балалардың бар­лығы да еңбекке жақын. Мектептен келген соң барлық бала  үйдің жұмысын істейтінбіз. Мен де бала кезден анама көмектесіп, күніне бес сиыр сауатынмын.Оны сеператордан өткізуді, майын шайқап алуды да білемін.Үйдегі тірліктің барлығын да  атқарамын. Соның  жақсы нәти­жесін  қазірден-ақ  көре бас­тадым. Қалада оқудан бос кезімде жұмыс істеп, қаржы табамын. Үйге салмақ сала бергім келмейді.   Ешқандай жұмыстан  тар­тын­ған емеспін. Ауылда сонша сиыр ұстап отырып, құртты көршілерден сұраған ұят емес пе, өзім құрт жаятынмын. Әже­лердің «технологиясы» жетеді ғой. Мен жасаған құртты үйде таласып жейтін едік. – Құртты қалай жасайтын едің? – Сүзбе құртты айтайын. Сүттің майын айырмай ұйы­тамын да, ашыңқыраған соң, сәл ғана қайнатып, ірітіп, қалтаға құйып қоямын. Көк суы ағып кеткен соң,  тұздап, жаямын. Бі­рақ ешқашан оны кептіруге үлгерт­кен емеспіз, тез жеп қоятынбыз. Майлы, сүзбе құрт, шіркін, оның дәмін айтсаңыз­шы! Аузымның суы ағып кетті ғой. (Алла екеуміз де күліп алдық) . – Алла, сен бала жастан ән айттың. Әншілік өнеріңді ұш­тап жүрсің бе? – Бала жастағы әуестену ғой бәрі де. Бірақ өзім кәсіпқой әнші боламын деп мақсат қойғаным жоқ. Менің бар мақсатым – журналист, тележурналист болу. Қа­зақ эстрадасын жақсы көремін. Роза Рымбаева осы өнердің шы­ңында жүрген кісі  ғой, ол ән айт­қанда мен теледидар алды­нан кетіп қала алмаймын. Сосын эстраданың қазіргі өкілдері ара­сынан Заттыбектің  салған ән­дері, оның дауысы ұнайды. Қа­зақ музыкасын, оның ішінде күй тыңдағанды керемет ұнатамын. Домбыраны мен тек аспап емес, қасиетті нәрсе деп ұғамын. Күй тыңдағанда керемет ойларға берілемін. Домбыра «сөйлеп» жат­қандай көрінеді.  Республикалық байқауға қатысқанымда Арқа­лық педагогика институтында қызмет істейтін айтыс ақыны Айбек Қалиев ағай маған өзінің домбырасын берген еді. Мен сол домбыраны тарттым. Күмбірле­ген қоңыр үні қандай керемет. Ал дүкендерде  сатылатын дом­быра, домбыра емес қой, солар­ды ақша үшін жасай салатын шеберлерге өкпем қара қазандай. – Сенің қазақша сайрап тұрғаныңа  қатарлас құрбыла­рың қызығып қарайтын болар. – Өмірі көрмеген ағылшын, араб, қытай  тілдерін  аз уақытта үйреніп алып, шет  елдерде қыз­мет істеп жатқандар  жеткілікті  ғой. Енді қазақтардың арасында, тілдік ортада жүріп, мемлекеттік тілде  сөйлегенім соншалықты  жаңалық емес  шығар.  Бірақ таң­ғалатындар бар. Өйткені, по­йызда, басқа да көліктерде жол жүргенімде, немесе бір бас­қосуларға барғанымда қа­зақша сөйлесем,  айналам­дағы­лар  бетіме таңданып қарап қа­ла­ды. Оған өзім ыңғайсыз­данамын.  Үлкен кісілер  айна­лып, батасын беріп жатады. Ал кейбір жастар, балалар дереу менімен суретке түсейік дейді. Сол жерде мені «жұлдыз» етіп қояды. Бірақ өзімді еш уақытта «жұлдыз» сезінген емеспін. Менің түсіні­гімде, Қазақстан­ның барлық халқы мемлекеттік тілде  сөй­лесуі керек. Мен солар­дың бірі ғанамын. – Алла, әңгімеңе рахмет. Болашақ әріптес ретінде өзіңе табыс тілеймін.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.

Қостанай.