Қазақстан • 01 Желтоқсан, 2017

Отан мерейі

846 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биыл қазақстандықтар алтыншы рет мемлекеттік мереке – Тұң­ғыш Президент күнін атап өтіп отыр. Бұл орынды да. Себебі 1991 жылы 1 желтоқсанда тарихымызда ал­ғаш рет өткен жалпыхалықтық сай­­лау­да халқымыз өз еркімен Қазақ­­стан Пре­­зи­дентін сайлады. Елі­міз еге­мен­­дік алып, дамудың жаңа жолын таңдады. 

Отан мерейі

Сурет "Егемен Қазақстан" архивінен алынды

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сали­­қа­лы саясаты Отанымыздың азат­тық туын биікке көтерді. Ата Заңы­­мыз­ды, Мемлекеттік рәміз­дері­­мізді және басқа да рухани құнды­лық­тарымызды қастерлей отырып, қоға­мымыздың сан саласын дамыту, елі­міздің абыройын асқақтату жолында әлемдік бастамалар өмірге келді.

Тұңғыш Президент күнінің ерекшелігі сонда, ол қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайды. Президенттік басқару формасы мен тәуелсіздіктің 26 жылдық тәжі­рибесі Қазақстан үшін осы бас­қару формасы тиімді болып, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі ба­ғыт­тарын анықтауға мүмкіндік берді.

Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев­тың сарабдал саяса­ты­ның арқасында Қазақстан Респуб­ликасы Орталық Азия өңірінде, ТМД-да алдыңғы орынға шықты. Елбасының жүргізген әлеуметтік-бағдарлы экономикалық бағыты заманауи, қарқынды дамушы мемлекет құруды қамтамасыз етті.
Осыдан 20 жыл бұрын Прези­дентіміз ел дамуының даңғыл жолын байыптайтын ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын ұсынғаны мәлім. Салмақты құжатта өткен күндер бағамдалып, болашақ еншісіндегі іргелі істер межеленді. Бүгінде өрелі бағдарламаның берері мол екеніне елдің көзі жетті. 1997 жылы бағдарламаны жария еткенде Елбасымыз: «Біз нені құрғымыз келеді, таңдаған мақсатымызға жеткізетін дамуымыздың траекториясы, магистралі қандай болуы тиіс, соны анық білуіміз және айқын түсінуіміз керек», деген еді. Айтқаны айнымай келді. Содан бері Қазақстан халқы еліміздің гүлденуі үшін аянбай еңбек етіп, алға адымдап қадам басып келеді.

Елбасы қасиетті Отанымызды дамыту жолында елдегі тұрақты­лық пен бейбітшілікті темірқазық етіп алды. Тәуелсіздікке жиырма жыл толмай жатып-ақ елімізді Еур­­о­па төріне шығарып берген Тұңғыш Президентіміздің еңбегі ере­сен. Бүгінде Қазақстан Еура­зия кеңістігінде стратегиялық қуаты күшті, маңызы зор мемлекет ретінде мойындалып отыр. Дәлел­мен айтсақ, Қазақстан Рес­пуб­­ли­касының Азиада алауын жағуы, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, халықаралық саммит өткізуі, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйым­дарына төраға болуы, әлемдік дін қай­раткерлері съезін тұрақты ұйым­дастыруы – бәрі де біз үшін үлкен мақтаныш, айрықша абырой. Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы маусымда Санкт-Петербург экономикалық форумында Еуразия ғалымдары клубын құру туралы бас­тама көтергенін білеміз. 2008 жылы осыны жүзеге асыру үшін «Еура­зия ғалымдарының экономика­­лық клубы» қауымдастығы (АЕЭКУ) құ­рылды. Тұтастай алғанда, Ел­басы­­мыз ұсынған бұл идея Еура­­з­ия құр­лығындағы маңызды инте­гра­­циялық жобалардың біріне ай­налды. Осы форум аясында Қазақ­­стан Республикасы тарапы­нан ұйым­дастырылуы жеңіп алынған ЭКСПО-2017 көрмесінің басты тақы­рыбы «Болашақ энергиясы» деп аталынатыны мәлім етілді. Форум шеңбері аясындағы шаралар елімізге жаңа инвестициялар мен технологиялар тарту мәселесіне басымдық берді. 

Бүгінде жаңа тарихқа енген халықаралық ЭКСПО-2017 көр­месі орайындағы Елбасы табанды­лығын айта кеткен де орынды. Әу баста әлем «көрме қай елде өтеді?», деген шақта Қазақстанның мық­ты әрі басты қарсыласы – Бель­гия болатын. Астана мен Льеж қала­сы арасында тай­та­ластан соң, басым­дық бізге бері­лді. Міне, биыл біз жас болсақ та бас бола алатынымызды тағы да дәлелдедік. 

Осы күнге дейінгі жетістіктеріміз Қазақстанның болашағын жаңаша межелеуге мүмкіндік беріп отыр. Келесі кезеңде, яғни 2050 жылға дейінгі Стратегияда инновация, өндірістік-экономикалық серпін темірқазық етіп алынады. Бұйырса, таяу болашақта халқымыздың өмір сүру сапасы орташа еуропа­лық деңгейге сәйкеспек. Елбасы мұны сеніммен айтты, халық елдік іске бір кісідей жұмылды. 

Үлкен істің жоғары білім саласы көшбасында жүрген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­теті – Елбасы қолынан «Алтын сапа» сыйлығын иеленген еліміздегі жетекші оқу орны. Бізде 17 мыңға жуық студент білім алады, оның дені үш тілді еркін меңгерген. Бұл фак­тор­лар білім алушылардың ака­де­миялық мобильділігіне септігін тигізуде.

Оқу орны өз деңгейін ұдайы арттырып келеді: биыл әлемдік рей­тингте 336-орынды иелендік. Уни­вер­ситетімізде жұмыс істейтін шетел­дік оқытушылар, сондай-ақ жұмыс берушілер студенттеріміздің да­йын­дығына жоғары баға берді. Түлек­теріміздің жұмысқа орналасуы жөнінен республикада алдың­ғы орындарды иелендік. Беделді QS World University Rankings халық­аралық рейтинг агентті­гі­нің (Ұлы­британия) зерттеу қорытын­дысы бойынша, Еуразия ұлттық уни­вер­си­теті физика пәнінен әлем­нің үздік университеттері қатарына қосылды.

2012 жылы 1 қаңтарда қызме­тін бастаған Біртұтас экономи­ка­­лық кеңістік – Елбасы Н.Ә.Назарбаев­тың 1994 жылы 29 нау­­рыз­да М.В.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мем­лекеттік универ­ситеті ғалым­дары мен ТМД саясат­керлеріне ұсынған еуразиялық интеграция идеясының жүзеге асуы. 2000 жылы Астанада Беларусь, Ресей, Қазақстан басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық қауымдастық туралы шарт кеңістіктің құрылуын жақындата түсті. Бұл қауымдастық Еуразия даму банкі, Дағдарысқа қарсы қор және Жоғары технологиялар орталығы сияқты қаржылық интеграция тетіктерінің, ең басты­сы ЕурАзЭҚ Кеден одағының іргета­сын қалады. Нәтижесінде кеден тәртібі бірізділікке түсіп, баж тариф пен тарифсіз реттеудің ортақ шаралар жүйесі құрылды. Кеден одағы Біртұтас экономикалық кеңіс­тікке ұласты. Сөйтіп Қазақстан кәсіп­кер­­лері мен қарапайым халық көп­­тен күткен мүмкіндіктер есігі ашыл­д­ы. Отандық өндірісшілер үшін әлеуетті тұтынушылар аумағы ұлға­йып, сауда нарығы кең арнаға шық­ты. Кеңістік құрамындағы елдер­де кәсіппен айналысқысы кел­ген­дерге құжаттық талаптар жеңілдетілді.

Елбасы – Қазақстанның ұлттық қауіп­сіздігі мен аймақ қауіпсіз­ді­гін нығайтуға ерекше ықпал етіп келе жатқан әлемдік тұлға. Мұ­ның нақты көрінісі – Ұжымдық қауіп­сіз­дік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) жарғылық органдарына Қазақстанның төрағалық жасауы. 2002 жылы құрылған осы ұйымның құрамындағы Арме­ния, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз­стан, Ресей, Тәжікстан елдері арасында өзара іс-қимыл мен әскери ынты­мақтастықты нығайту шеңберінде аса маңызды шаралар атқарылды. Осындай игі бастамаларға мұрын­дық болған Елбасымыздың ерен еңбегі саяси сарапшылар тарапынан «еуразиялық интеграцияның патриархы» деп жоғары бағаланды. Қазақстан көшбасшысының сарабдал саясатының елеулі бағыты – әлемнің 138 елімен дипломатиялық байланыс орнатып, 70-тен аса мемлекетте елшілік ашуға мүмкіндік туғызуы дер едік.

Қазақстанның Ислам Ынтымақ­тас­тық Ұйымына (ИЫҰ) төрағалығы – осы жетістіктердің заңды жалға­сы. Ұйымға мүше болғалы 57 ел­дің ішінде жалпы ішкі өнімнің дең­гейі жағынан Қазақстан 12 орын­­ға көтерілді. Әлемдегі мұнай қоры­­ның үштен екісі ИЫҰ-ға мүше ел­дердің үлесіне тиесілі. Соны­мен бірге әлемде өндірілетін мұнайдың 40 пайызы мен мұнай экспортының тең жартысы Ислам Ынты­мақ­тас­тық Ұйымындағы мемлекет­тер­дің қатысуымен іске асады. Елба­сы­­ның алысты болжаған саясаты Қазақ­­станның әлемдегі беделін қалып­тас­тырып, көрші мемлекеттермен тұрақты қарым-қатынас орнатуына ықпал етіп отыр.     

Елі қадірлеген, әлем ардақтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бар қажыр-қайратын, парасат-пайымын мемлекетіміздің игілігіне жұмсап, уақыт көшінен алға озып, келер ұр­пақ­қа жарқын өмірдің негізін қалап жүргенін халықаралық қыра­ғы сарапшылар мен саясаткерлер жазып-бағалап келеді. 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы желтоқсан айында өткен Қазақстан халқы форумында еліміздегі бірлік пен келісімнің ұйытқысы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы бастама көтерді. Бүгінде Ассамблея қызметі Елбасы үмітін ақтағаны елдегі береке-бірліктен көрінеді. Әр этнос өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тіршілік етіп, жасампаздық туын жоғары көтерді. Бұл ретте осы нәзік саланы ғылыми-әдістемелік жағы­нан қолдау үшін республикада тұңғыш рет арнайы кафедра Еура­зия ұлттық университетінде ашыл­ды. Қазір республика бойынша осындай кафедралардың саны 20-ға жетті. ҚХА кафедралары бір­лік пен баяндылықты сараптайтын ғы­лы­ми-тәжірибе алаңдарына айналды.

Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық мақаласы аталған кафед­ралардың екінші тынысын ашқалы отыр. Жалпы қоғамдық сананы жаңғырту мен азаматтық-этностық бірегейліктің негіздерін қалыптастыру үлкен еңбекпен келеді. Кафедраның мақсаты – әлем мойындаған этносаралық қарым-қатынастың қазақстандық моделін барлық аудиторияларда, түрлі мамандықтарда оқитын білім алушыларға түсіндіруге мүмкіндік беретін ғылыми-методологиялық қорды жасақтау. Осы бағытта Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, қоғам қайраткерлері тұрақты дәріс оқиды. Қазақстандағы барша этностардың мәдениеті, салт-дәстүрі байыпталып, маңызды кездесулер мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. 

Сондай-ақ оқу ордамызда толеранттылық бағдардағы ЮНЕСК­О кафедрасы жұмыс істейді. Бұл – осы бағыттағы республика­дағы тұңғыш кафедра. Мақсаты – Қазақстанның тәжірибесін, еліміздегі ірі оқиғаларды әлемге жариялап, ғылымдағы қордаланған мәселелерді ЮНЕСКО көлемінде шешуге атсалысу. Сөйтіп еліміздегі этносаралық татулық мен мәдени байланыстың дамуына өз үлесін қосады. Бұл – дүние жүзінде сирек кездесетін институт. Ал жақында ғана ашылған «Рухани жаңғыру» кафедрасының болашағы жарқын, берері мол деп білемін. Міне, мұның бәрі Тұңғыш Президент идеясын жүзеге асыруға арналған бағыттар.

Астана экономикалық форумы – Еуразия кеңістігінде жыл сайын өтетін салмақты шара екені белгілі. Осы жиынға әлемдік экономикалық қауымдастық өкілдері, қазіргі және бұрынғы мемлекет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылым әлемінің ғұламалары мен ірі кәсіпкерлер келеді. Прези­дентіміз осыдан 6 жыл бұрын ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы салтанатында Астана экономикалық форумының негізінде «G-global» сұхбат алаңын құруды ұсынды. Бүгінде осы сұхбат алаңы әлемнің 128 елінен 10 мыңнан астам қатысу­шыны біріктірсе, Қазақ­стандағы осы шараның жуан ортасында Еуразия университеті ғалымдары мен білім алушылары жүргенін мақтанышпен айтамыз.

Келісім мен кешірім, үйлесім мен толеранттылық арқауын мақсат еткен Елбасы Қытай, Ресей, Тәжік­стан, Өзбекстан президент­терімен бірлесіп, ұзақ мерзімді бейбіт­шілік пен бірліктегі өңір құру туралы декларацияға қол қойды. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің әрбір береке-бірлік қадамы да – Президент Н.Ә.Назарбаев назарында.

Мемлекет басшысының «Жал­пы­ға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы – кеше де, бүгін де, бола­шақта да маңызын жоймайтын ізашар тұғырнама. Елбасы еңбек арқылы нәтижеге жетудің жолын, жүйесін көрсетті. Мысалы, осыдан туындаған «Жұмыспен қамту­дың жол картасы-2020» бағ­дар­ламасының халық үшін берері өлшеусіз деп білеміз. Әлемді қар­жы­лық дағдарыс шарпып тұрған сәтте еңбек адамына мұндай жағдай ешбір елде жасалынған емес. Бұл жөнінде биік мінбелерден ел азаматтары және шетел сарапшылары сан мәрте айтты.
Елбасы тарихты саралап, Қазақ елінің мемлекетшіл мұраты – «Мәңгілік ел» деп ерекше айт­қанда да, елдік береке-бір­лікті, өңірлік достық және эконо­ми­калық қарым-қатынасты, дүние­жүзілік өріс пен өрлеуді көздеп айтқанын ұмытпаған абзал. Бұл ретте айтқан: «Бақ та, тақ та талас­қанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» деген сөзі бүгін де, болашақта да әлемді, елді ұйыстырады деп есептейміз.

Елбасымыз – халқына адал еңбек етіп, Отан және әлем мақтанышы­на айналған біртуар тұлға. Тұңғыш Президент күні – ел халқының асыға күтетін мәртебелі мерекесі. Елбасы күні – тарихи таңдау күні, барша отандастарымыздың Ұлт көшбасшысы төңірегіне топтасу күні. 

«Ері жоқ болса, ел – жетім, елі баға­ламаса, ер – жетім» дейді халық даналығы. Жаратқанға мың тәубе, бізде Елін өрге сүйрейтін Ер де, азаматын құрмет тұтатын Ел де бар. 

Ерлан СЫДЫҚОВ, 
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі