Елордадағы «Арсенал 3Д» кинотеатрында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ пен «Кентавр Продакшн» ЖШС бірлесе шығарған режиссер Талғат Теменовтің «Менің күнәлі періштем» фильмінің тұсаукесері өтті.
Фильмнің негізгі идеясы – махаббатқа адалдық пен ар тазалығына үндеу. Қазіргі күннің ащы шындығы онда көпшілікке түсінікті ұғыммен баяндалады. Театр және кино әлемінде өзінің бірегей туындыларымен халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Талғат Теменов мұнда да өзін толғантар басты мәселені алдыңғы орынға шығарған. Бұл – махаббаттың алдында жас та, жасамыс та дәрменсіз, оның үстінен ешнәрсе үстемдік құрып кете алмайды деген ой. Болмаса Асхат Бабаевич (Мұрат Ахманов) сияқты сұлулық пен кіршіксіз сезімді дүниенің күшімен уысымнан шығармай ұстаймын деушілер мына қоғамда жетіп артылады. Егер өмір сондайлардың өлшеп-пішкен сызығымен өрбитін болса, онда адами құндылықтар әлдеқашан жер бетінен жойылып кетпей ме? Басты кейіпкердің аты-жөні жайдан-жай Айша Аброева (Құралай Анарбекова) деп аталмаса керек-ті. Осының астарында үлкен мән жатқандай. Аброева арқылы қазақтың талай қаракөз қыздарының абыройы паш етіледі. Дүние-байлық үшін өз тағдырларын таптатқан мұндай бейбақтар аз ба? Қыз тағдыры – қазіргі басты мәселенің бірі. Аруларын аяқасты еткен қоғамның сол қара дағын бейнелеуде Талғат режиссер өзінің осы туындысы арқылы көрерменге көп ой тастайды. Өмірде өз кемшілігін түзеймін деген адамға ешқашан кеш емес екен. Идея авторы кейіпкерін теріс жолдан тегіс жолға шығарады. Азамат (Данияр Қанатқалиев) есімді жігітті кездестіргенге дейін Айша қалталы қолдаушысының ықпалынан шыға алмай, айтқанына көніп, айдауына жүріп келсе, екі жастың бір-біріне деген кіршіксіз махаббаты кейінгі өмірлерін өзгертіп жібереді. Байлықтың алдында Азамат басын имейді, сүйіктісін ақшаға айырбастап кетпейді. Жоқ-жітік пен тапшылықтың зардабын шеккен бойжеткеннің өнердегі жолының сәтті өрілуіне, арманына қол жеткізуіне септігі тиген жебеушісі, аса дәулетті банкирді де жеме-жемге келгенде кешіре біледі. Оның қолымен тосыннан атылған оққа тек өзінің кінәлі екенін айтады. Режиссер ешкімге кінә артпайды, кінәлі жанды іздемейді. Фильм екі жастың қосылған бақытты шағымен түйінделеді. Шешуші мезетте Айша Парижге шақыру қағазын алып, шетелдік әріптестерінен тәжірибе алмасуға аттанып кетеді. Бірақ өмірде адамға бір ғана мәрте бұйыратын мөлдір сезімнен қымбат ештеңе жоқ екенін түсініп, елге қайта оралады. Отанға оралу мәселесі де қазіргі жастар өміріндегі күрделі проблеманың бірі десек, әсіресе шет елге білім қуып кетіп жатқан жастардың туған жерге бәрі оралып жатыр ма деген сұрақтың тууы заңды. Айша да сондай жастарымыздың бірі. Осы тақырып тереңдеп болмаса да, біршама деңгейде көтерілуі кейінгі туындыларға сабақ болар деген ойдамыз.
Тағы бір ерекшелігі – фильмге француздың атақты актері Жерар Депардьенің түсуі. Режиссердің айтуына қарағанда, ол өзінің мейрамханасын ұсынып, фильмнің түсірілуіне көп қолдау көрсетіпті. Сонымен бірге, өз актерлерімізден мединституттың профессоры рөліндегі Асылболат Ысмағұлов, Айшаның анасының бейнесін сомдаған Майра Омарова ойындарын атап өткен жөн болар.
Фильмнің аты айтып тұрғандай, «өзі күнәлі болса, ол қалай періште болады?» деген сұрақтың қойылуы да мүмкін. Жер бетіндегі адам баласының бәрі күнәһәр пенде. Ол туралы ойды толғай түссек, бір ғана фильм төңірегіндегі әңгіме аздық етері сөзсіз. Режиссердің мақсаты, жастарға ой салу шығар деп топшыладық. Бір адамды ойға батыра алған көрсетілім жолы болған дүние деп есептеледі. Міне, осы тұрғыдан келгенде, жұрт мұны қызыға тамашалайтыны даусыз.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
______________________
Суретті түсірген Советбек Мағзұмов.