Тұрғын үйлердің құрылысын жүргізген «Барыс-Тассай» ЖШС-і нысанды мерзімінде аяқтап, пайдалануға беріп отыр. Ордабасы ауданында барлығы 30 коммуналдық тұрғын үй бар. Мұндағы әр үйдің шаршы метрінің жалдау құны – 50 теңге болып белгіленген.
Cалтанатты шара барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен салынған тұрғын үйлердің кілтін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, кезекте тұрған әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға табыс етті. Сондай-ақ, бұл күні облыс әкімі Төрткүл ауыл округіндегі Қарсыбай Спатаев ауылындағы ауыз су жүесінің іске қосылу шарасына қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті.
Ауылда 136 отбасы, яғни 1600 тұрғын таза ауыз сумен қамтылып отыр. Бұл нысанның құрылысын облыстық бюджет есебінен «Құрылыс-сервис- СК» ЖШС жүзеге асырып, пайдалануға берді. Жоба құрылысына 98 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Жалпы аудандағы 57 елді мекеннің бүгінгі таңға 39-ы құбырлы ауыз сумен қамтылған. Яғни, тұрғындардың 88,7 пайызы таза ауыз суға қол жеткізген.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»