Бірнеше айға созылған іріктеу мен жалпыхалықтық дауыс беру қорытындысы бойынша «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып, халықтың сүйіспеншілігіне және Елбасымен кездесу мәртебесіне ие болған жандардың арасында мәдениет, руханият, ғылым, спорт салаларында жарқырай көрінген адамдар, ерлігімен елдің алғысына бөленген әскерилер мен басқа да сала өкілдері, мұқтаж жандарға көмек қолын созудан аянбаған меценаттар, талай қиындықтарды еңсерген түрлі тағдыр иелері болды.
Атаулы күні олармен жүздескен Мемлекет басшысы:
– Қадірлі достар! Бүгінгі кездесуге келгендеріңіз үшін, қатысып отырғандарыңыз үшін мен өте қуаныштымын! Мен үшін екі туған күн бар. Біріншісі, өздеріңіз білетіндей, өз туған күнім – 6 шілде. Екінші туған күнім – 1 желтоқсан. Бұл – Қазақ елі бүкіл халық болып тұңғыш рет Қазақстан халқы Президентін сайлаған кез. Сол сынға түсіп, тұңғыш рет 90 пайыздан астам дауысқа ие болдым. Содан бері 26 жыл өтті. Сол кезең мен қазіргі кезең екі бөлек дәуір. 26 жылда көп дүние өзгерді. 26 жыл бұрын өмірге келген бала қазір 26 жаста ғана. Бұл еңбекке араласатын ең жақсы кезең. Бүгінде әлем алға қарыштап барады. Қазір елдер мен елдердің, халықтар мен халықтардың, адамдардың арасында бәсекелестік орнаған дәуір. Сол үшін үнемі ағысқа қарсы жүзгендей алға ұмтылу керек. Тоқтап қалсаң, толқын артқа сүйреп әкетеді. Басқа дамыған елдермен бір қатарда болғымыз келсе, біз санамызды да жаңғыртуымыз керек. Қазір елімізде жастардың дамуына барлық жағдай жасалған. Тың идеяларды жүзеге асырып, танылуына толық мүмкіндік бар. Тек осы сәтті ұтымды пайдалану қажет. Өйткені жалындап тұрған жас буынның уақыт көшінен қалып қоймауы өте маңызды. Сана жаңғырмаса, адам ешқандай жетістікке жетпейді, – деді.
Президент өз сөзінде латын қарпіне көшіру жобасына да тоқталып, бұл үдерістің басты мақсатын атап өтті.
– Бүгінде ғылым мен мәдениетке қатысты ақпараттың 70 пайыздан астамы ағылшын тілінде таралады. Біз үш тілде білім беруге көшетінімізді жарияладық. 2020 жылға қарай мектеп бітірушілер ағылшын тілін біліп шығады. Яғни ол балалар латын әліпбиін біледі деген сөз. Жастарымыз қазірдің өзінде ағылшын тілін жақсы меңгеріп алды. Заманға сай болу, болашақтың көшіне ілесу біздің қоғам үшін керек. Латын қарпіне көшу дамып келе жатқан ортақ ақпарат әлеміне енуімізге мүмкіндік береді, – деді Елбасы.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті «Жаңа гуманитарлық білім» және «Туған жер» жобаларының іске асырылу барысы туралы айтып өтті.
– Егер біз қазақ тілінің дамуы туралы айтар болсақ, ұлттың тілін жаңғыртқымыз келсе, әлемнің үздік білімін ана тілімізде алуымыз керек. Экономикаға қатысты іргелі еңбектерді, әлемнің ұлы философтарының, ойшылдарының кітаптарын қазақ тілінде оқуымыз керек. Классик жазушылардың шығармаларын қазақ тілінде оқи алуға мүмкіндік жасалуға тиіс. Гуманитарлық жаңғыруға осы кітаптарды аударудың да ықпалы зор болады. «Жаңа гуманитарлық білім» жобасы аясында үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару мәселесі қарастырылған. «Туған жер» жобасы бойынша мынаны айтуға болады. Патриотизм, Отанды сүю туған отбасы мен туып-өскен өңіріңнен басталады. Біз кіші отанымыз арқылы бүкіл Қазақстанды сүйеміз. Қазір еліміздің меценаттары туған жеріне барып, балабақша, мектептер мен ауруханалар салып жатыр. Жалпы алғанда, осы бағытта 720-дан астам жоба іске асты, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының халқымыз үшін мәні зор екенін айтып, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының міндеттерін атап өтті.
– Біз әлемдегі киелі жерлер мен олардың тарихы туралы жақсы білеміз. Ал Қазақстанда ондай жерлер жоқ па? Қазіргі кезде осындай киелі 100 орынды анықтау жөнінде міндет қойылды. Олар туристік орынға айналатын болады. Біздің мәдениетіміз бүкіл әлемге танылуға тиіс. Ал «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы біздің мәдени байлығымызды дүние жүзіне танытуы керек, – деді ол.
Елбасы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асырудың маңыздылығына назар аударып, кездесуге қатысушыларға қоғам тарапынан артылған жауапкершіліктің мол екенін ескертті.
– Сіздер байқаудың іріктеу турынан өттіңіздер. Дауыс беру интернет арқылы жүргізілді. Сіздер – бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жалпы, есімі ел жадында болуға лайық деп ұсынылған адамдардың саны 2 мыңнан асып түскен-ді. Арнайы жұмыс тобы олардың ішінен 300 адамды іріктеп алды. Сол 300-дің ішіндегі үздіктерін ел халқы онлайн дауыс беру арқылы таңдады. Үздік шыққан жүздіктің қатарында жас композитор, пианист, халықаралық конкурстардың лауреаты Рахат-Би Әбдісағин де бар. Жасы 18-ден енді асқан бозбала Бах, Гайдн, Моцарттан бастап қазіргі классиктерге дейінгі әлемдік классика жауһарлары жинақталған Дүниежүзілік қор қоржынына туындылары енген жалғыз қазақстандық композитор. Еуропаның, Азия мен Американың танымал әншілері, камералық ансамбльдері мен симфониялық оркестрлері Рахат-Бидің шығармаларын орындайды.
Елбасымен кездесу кезінде Рахат-Би Әбдісағин өзінің 13 жасында жазған туындысын пианиномен орындап берді. Мемлекет басшысы:
– Мен кешкілік Моцартты тыңдағанды ұнатамын. Енді сені де тыңдайтын боламын. Шығармашылық табыс тілеймін, қазақтың атын әлемге таныта бер! – деп батасын берді.
Қазақстанды шет мемлекеттерге танытып жүрген жандардың бірі Ернұр Рысмағамбетов. Физик ғалым 11-сыныпта оқып жүріп Кембридж университетінен оқуға шақырту алған. Калифорния технология институтын, Лондон Колледж университетін бітірген, Нью-Йоркте «JP Morgan Chase» инвестициялық банкінде тағылымдамадан өткен. NASA-да жұмыс істеп, ғарышқа SpaceX ұшу аппаратын жіберуге атсалысқан қазақ баласы қазір жас ғалымдарды дайындаумен шұғылданып жүр. Ернұрдың шәкірттері 5 жыл ішінде халықаралық білім сайыстарында 6 алтын, 15 күміс, 3 қола медаль жеңіп алғанын ескерсек, жұмысы жемісті деуге болады.
– Мен қоғамға бұдан да зор үлес қосқым келеді. 2009 жылдан бастап мектеп оқушыларын физика пәні бойынша дүниежүзілік олимпиадаларға дайындай бастадым. Мексикаға барып 2 алтын медаль, Тайландтан 3 алтын медаль алдық. Біздің еліміз әлемнің ең үздік 10 мемлекетінің қатарынан көрінді. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жолым болып, Елбасы Н.Назарбаевпен кездесу мәртебесін иеленгенім үшін қуаныштымын,– деді Ернұр Рысмағамбетов.
Тағдырдың соққысына мойымай, бойына біткен дарынын ұштап жүрген дара тұлғалардың бірі – Саида Қалықова. 9 жасында көру қабілетінен айырылса да, өмір мен өнерге деген құлшынысы алға жетелеген Саида бүгінде Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының солисі, бірқатар музыкалық шығармалардың авторы. Бұған дейін халықаралық байқауларда лауреат атанған. Осы кеште сахнаға көтерілген Саида Елбасы мен қатысушыларға арнап өзінің шығармасын орындап берді. Қайсар қызға тәнті болып, өнеріне қол соққан Елбасы:
– Рахмет, Саида. Осы жолыңнан айныма. Сен қанша адамдарға, жастарға үлгі-өнеге боласың, адамның мүмкіндігі шексіз екенін көрсетесің. Бақытты бол. Ұзақ ғұмыр тілеймін. Әлі талай шығармаларды дүниеге әкеліп, бізді қуантатыныңа сенімдімін! – деді.
«Амазон», «Гугл», «Майкрасофт» сынды алып компанияларда жұмыс істейтін жастар да осы кешке қатысу мүмкіндігін алды. Бірнеше стартап жобалардың авторы, жас өнертапқыш Санжар Мырзағалым елімізді бәсекеге қабілетті елдердің санатына қосуға сүбелі үлес қосып жүрген азамат десек артық айтпаймыз. Бүгінде жасы 23-тен енді асқан бозбала Елбасының алдында сөйлеген сөзінде:
– Мен біздің тарихымызды, жолымызды әйгілі Стив Джобстың тарихына ұқсатамын. Стив Джобс өзінің стартап идеясын жүзеге асыруды гаражда бастаса, біз өзіміздікін университеттің жертөлесінде бастадық. Осыдан үш жыл бұрын «Экосоки» деп аталатын электр қуатын үнемдейтін интеллектуалды жүйені ойлап таптық. Жалпы Қазақстанда электр қуатын дұрыс қолданатын болсақ, онда 5 млрд киловатт сағатқа жуық үнемдеуге мүмкіндік алар едік. Ал бұл 70 млрд теңге тұтынушының қалтасында қалады деген сөз. Сонымен қатар ол экологияға да жақсы әсерін тигізеді, – деді.
Ғалым, Назарбаев Университетінің оқытушысы, биология магистрі, Халықаралық қатерлі ісікке қарсы күрес ұйымы грантының иегері Зарина Сауытбаева рак жасушаларының дамуын, қатерлі ісіктің диагностикасын, оған қарсы күрес жолдарын терең зерттеп жүрген жандардың бірі. Манчестер университетін бітіріп, Базель, Бостон қалаларындағы медицина мектептерінде тағылымдамадан өткен ол бүгінде студенттерді бәсекеге қабілетті маман, өз саласының білгірі ретінде қалыптастыруға еңбегін сіңіруде.
Зарина Сауытбаева онкология саласындағы жетістіктері туралы:
– Оқу барысында біздің зерттеу тобымыз қатерлі ісіктің пайда болуына әкеліп соқтыратын ақуыз түрін анықтады. Дипломды осы тақырып төңірегінде қорғадым. Кезекті демалыс кезінде Қостанайдағы онкологиялық диспансерде тәжірибе жинақтадым. Ол оңай болған жоқ, талай ұйқысыз түндерді өткіздік, кейбір тәжірибеміздің нәтижесі сәтсіз болды. Бірақ соған қарамастан алған бағытымыздан айныған жоқпыз. Себебі дәл қазір орындалмаған нәрсе ертең жүзеге асуы мүмкін екенін біз түсіндік, – дейді ол.
Жас ғалымның әңгімесін тыңдаған Мемлекет басшысы:
– Қазір онкологиялық аурулар мәселесін әлем ғалымдары шешуге тырысып жатыр. Мен медицина саласын үнемі бақылап отырамын. Оған көп қаржы бөлініп, ғалымдарымыз осы жұмыспен шұғылдануда. Мамандар 2040 жылға дейін қатерлі ісікті емдеп жазатын дәрі ойлап табуға уәде етті, ал Қазақстанда оны барлығынан бұрын шешу мүмкіндігі туып отыр. Қазір менің тапсырмаммен арнайы онкологиялық орталық құрылуда. Меніңше, сен осы орталықтың басшысы болуға лайықсың, – деп жігерлендіре сөйледі.
Ұлы істер ұмытылмауға тиіс. Халықтың ыстық ықыласына, таңдауына ие болған 100 есім елдің есінде қалуға әбден лайық екені анық. Елбасы жобаның бірнеше қатысушысының жеткен жетістігімен танысып, қазақстандықтардың тұлғалық тұрғыдан дамуына ықпал ететінін атап көрсетті. Оларға жылы лебізін білдіріп, баршасына жарқын болашақ тіледі.
Алқалы басқосу соңында Нұрсұлтан Назарбаев:
– Сіздер бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның келбетісіздер. Елімізді жарқын болашаққа бастайтын жастардың алдыңғы шебінде сіздер тұрсыздар! Бүгінгі кездесуге қатысқаным үшін мен өте қуаныштымын. Сіздердің әрқайсысыңыз туралы фильм түсіріп, кітап жазуға болады. Адамдар одан шабыт алады. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Жастарымыз мақсат-мұратқа жету үшін үнемі алға ұмтылуға тиіс, – деп сөзін түйіндеді.
Мемлекет басшысының ел газеті «Егеменнің» сәуір айындағы санында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ерлердің есімін ел жадында сақтауға ықпалын тигізетін бір мәселе айтылған-ды. Н.Назарбаев: «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан-алуан этнос өкілдерінің тарихы», деген болатын. Президент пәрменімен қолға алынған тың жоба ел күткен үдеден көрінді деуге толық негіз бар.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды