«West Dala» ЖШС «ISKER» компаниялар тобына кіреді, кәсіпорын қызметі шетелдік серіктеспен бірлесіп, инновациялық технологияларды енгізу жөніндегі Wеst Dala Tech-пен басқарылады, «KazWaste» қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығының белсенді қатысушысы. Сондай-ақ ұлттық стандарттарды әзірлеу, Экологиялық кодекске, «Жасыл экономика туралы» заңға және басқа да құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша Энергетика министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің жұмыс тобына сарапшы ретінде кіреді.
Компания кәсіби тәжірибесін «Сала көшбасшысы» ұлттық сертификаттарымен және медальдарымен, «Теңізшевройл» ЖШС жүргізетін CHESM аудит нәтижелерімен бірнеше рет растаған. Сонымен қатар соңғы үш жыл бойына ең жоғары А рейтингін (Grade A) иеленіп келеді. Он екі жылдан бері өз клиенттеріне қалдықтарды басқарудың стандартты тәсілдерін ұсынып қана қоймай, ауқымдылығы мен күрделілігі әртүрлі қалдықтарды басқару жобалары бойынша оңтайлы кешенді шешімдерді қарастыруға және ұсынуға дайындығын білдіріп, неғұрлым экологиялық қауіпсіз, қолжетімді технологияларды енгізу арқылы қалдықтарды басқару саласындағы халықаралық және отандық тәжірибені қолданады. Сондықтан «NCOC N. V», «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В», «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Қазтрансойл», «Атырау МӨЗ», «Жайықмұнай», «НГСК КазСтройСервис», «Ақсайгазсервис», «АлғаКаспийГаз» сияқты көптеген ірі шетелдік және отандық компаниялар қалдықтарды басқаруда «West Dala» компаниясына сенім артады.
«Біздің «Теңізшевройлмен» әріптестік ынтымақтастығымыз мердігерлік қызмет көрсетудің бас шартында бекітілген. Бұл компанияның жоғары кәсіби сервис ұсынуға және аса күрделі сұранымдарға арналған технологиялық шешімдерді қабылдауға қабілетті екенін көрсетеді. «West Dala» ТШО тендерлеріне қатысуға әрқашан шақырылады және Қазақстан заңнамасы мен «Chevron» корпорациясының талаптарына толық сәйкестігін растайтын аудиттерден жүйелі түрде өтіп отырады. Компанияның мінсіз беделі мен бас мердігерлік шартының болуына қарамастан, ТШО басқа мердігерлік ұйымдарда қалдықтарды кәдеге жарату бойынша технологиялық шешімдері болмаған жағдайда ғана «West Dala» компаниясының қызметіне жүгінеді», дейді ЖШС бас директоры Қайрат Салахаденов.
Мамандардың сөзінше, басқа да көптеген кәсіпорындар сияқты «West Dala» да бірінші кезекте жергілікті халықты жұмыспен қамтуға ұмтылады. Кәсіпорынның еліміздің батыс өңіріндегі екі облыста төрт өндірістік нысаны бар, бір-бірінен алшақ тұрған аумақтық аудандарда орналасқан. «Біз әрбір қызметкерімізге жұмысында еркіндік береміз және еңбегі мен қадір-қасиетін жоғары бағалаймыз. Мәселен, лайықты еңбекақымен қамтамасыз етіп, айқын ұжымдық және еңбек шарттарын жасасамыз. Барлық қызметкерлерге кәсіби және мансаптық өсуге тең мүмкіндіктер ұсынамыз және ерекше көзге түскендерге, сондай-ақ жылдық қорытынды бағалауы негізінде сыйақы беріледі», деген Қ.Салахаденов мамандардың әлеуметтік, медициналық ахуалы да назардан тыс қалмайтынын әңгімеледі.
Бірінші кезекте қызметкерлердің барлығына әлеуметтік пакет беріледі, ол қызметкердің қажеттіліктеріне қарай қаржылық қолдау көрсетуді, қоғамдық өмірінде қолданатын кейбір жеңілдіктер ұсынуды, мемлекеттік немесе шет тіліне үйретуді, зейнеткерлікке шыққандарға естелік сыйлықтар ұсынуды көздейді. Мамандардың көңілін көтеру мақсатында әртүрлі тимбилдингтер, корпоративтік және мерекелік кештер ұйымдастырылады екен. Барлығы медициналық тексеруден жыл сайын өтеді. Онымен қоса өндірістік базаларда медпункттер орналасқан.
Компания қайырымдылық шараларына да белсене атсалысады. Айталық, балалар үйіндегі мүгедек, жетім жеткіншектердің, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тұрмыстық ахуалы төмен отбасылардың қандай да бір қажеттіліктеріне қарай қаржылай көмек көрсетеді және мерекелік сыйлықтар ұсынады. Атырау және Маңғыстау облыстары аудандық әкімдіктерімен өтетін әлеуметтік-мәдени іс-шаралардың да маңынан табылады. Кәсіпорын «жасыл экономиканы» қолдайтындықтан, өндірістік базалар төңірегінде орналасқан мектептер мен балабақшаларды көгалдандыруға қаражат бөлуге тырысады.
«West Dala» қазақстандық тауарлар мен қызметтер ұсынуды дамытуға үлес қосып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін, яғни мердігерлік ұйымдарды қолдауға ұмтылады. «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында өткен «Green energy & Waste recycling forum» атты ІІ Еуразиялық бизнес-форумына қатыстық. Осындай жиынның ресми серіктесі ретінде көмек көрсету арқылы бейінді шараны қолдау туралы шешім қабылдағанбыз. Компания өзінің әлеуетті клиенттеріне, қоғамдық ұйымдарға және мемлекеттік органдарға PWS шетелдік серіктес компаниясын алғаш рет ұсынды. Сондай-ақ серіктесімен бірлесіп, бүкіл форум аудиториясына ел нарығындағы жаңа ойыншысын – «West Dala Tech» ЖШС-ні ұсынды. Ол экологиялық қауіпсіз жобаларды ғана іске асыруға арналған озық технологияларды таныстыратын, қазіргі заманғы өндірістік кешендері бар инжинирингтік және операциялық компания», дейді бас директор Қ.Салахаденов.
Биыл компания одан әрі дамуға арналған бірқатар маңызды іс-шаралар өткізген. Айталық, клиенттерінің жаңа қажеттіліктеріне және ел заңнамасына енгізілген кейбір өзгертулерге байланысты өндірістік нысандарын қайта жаңғыртты. Қалдықтарды басқаруға қатысты жаңа талаптарға және мамандандырылған техниканы жыл сайын жаңарту жөніндегі жоспарға сәйкес жабдықтар және автокөліктер сатып алған. Сонымен қатар қалдықтарды басқару саласындағы кейбір стандарттарды жасау және енгізу жөніндегі жұмыс топтарына қатысты ISO стандарттарының жаңа нұсқасына көшті. «Өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу жөніндегі мамандандырылған кәсіпорындар. Жалпы талаптар» стандартының сертификатын алды. Ең маңыздысы, «Сала көшбасшысы» мәртебесін растады.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»