Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2017

Үздік жастарға «Көшбасшы-2017» сыйлығы табысталды

96 реткөрсетілді

Ұлт көшбасшысы – Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы-2017» сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде тағайындалатын сыйлық биыл да 17 номинация бойынша табысталды. 

Облыстың әр аймағынан іріктелген жастар бас қосқан жиынның басы өңір басшысының құттықтауымен ашылды.

– Елімізде жастар саясатына маңызды бағыт ретінде ерекше көңіл бөлінген. «Жеткіншек буынның Тәуелсіздік идеалдарына адал болатынына, Отанымыздың табыстарының эстафетасын жалғастыратынына сенімім мол», деп, Елбасы жастарға үлкен сенім артты. Бүгінде елімізде жастардың тегін білім алып, жан-жақты дамуына, шығармашылықпен, спортпен, кәсіпкерлікпен айналысып, халықтың игілігіне еңбек етуіне барлық жағдайлар жасалған. Өз кезегінде Жетісу жастары жұдырықтай жұмылып, Елбасының сарабдал саясатын тиянақты жүзеге асыруға атсалысуы керек. Әсіресе, Мемлекет басшысы жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуында жас буынның белсенділігі аса қажет. Өйткені, бұл тарихи құжат өскелең ұрпақ үшін қабылданып отыр. Жастардың алдында алар асу, шығар шың, жетер жеңістер өте көп. Оған тек талап пен жігер, білім мен ақыл алып барады. Біз бүгін сол талпыныс жолында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар жасты «Көшбасшы» сыйлығымен марапаттағалы отырмыз. Бұл азаматтардың еңбек жолы, жетістіктер тарихы өзге қатарластарына үлгі болары анық, – деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Арнайы дипломдар және ақшалай сыйлыққа ие болып, қатарының алды атанған жастар арасында бір ісімен көптің бәрекелдісіне бөленіп, алғысын алған жастар мен өз саласы бойынша жетістікке жетіп, облыс, республика көлемінде танымал болып үлгергендер бар. 2017 жылдың үздігі атанған 17 жас маман көпке үлгі болып қана қоймай, жетістіктен жетістікке жету арқылы елге еңбек сіңіріп, алдағы уақта үлкен істердің жанынан табылатындарына сендірді.

Мерекеге орайластырылған шара бұдан былай да осы дәстүрі бұзбай өткізіліп тұратын болады.

 

Алмас НҮСІП,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар