Бүгінде республика бойынша 14 мың әйел бедеу, 1 мыңнан астам еркек белсіз ретінде диспансерлік есепте тұр. Жалпы елімізде жыл сайын 20 мың жұп бедеуліктен зардап шексе, олардың 8 мыңнан астамы денеден тыс ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісіне мұқтаж екен.
Экстракорпоралды ұрықтандыру – медицинаның үлкен жетістігі
Қазір денеден тыс ұрықтандыру әдісі медицина саласында қалыпты құбылысқа айналды. Әлемде жасанды жолмен дүниеге келген сәбилердің саны бүгінде 6 миллионнан асады. Ал Қазақстанда ЭКҰ жолымен туған балалардың саны бүгінде 14 мыңға жеткен.
Жалпы, бедеулік пен белсіздік – тек бір отбасының ғана емес, күллі қоғамның қасіреті. Қай кезеңде де өзекті болған бұл мәселені оңтайлы шешу үшін медицина саласының мамандары аз тер төккен жоқ. Табиғи жолмен бала көтеруге қауқарсыз жандарға көмектесу үшін ғалымдар өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан бастап жатырдан тыс ұрықтандыру әдісін сынап көре бастады. Алғашқы сынақтар әуелі кеміргіштерге жүргізілді. Ғалымдар аналық жасушаның ұрықтану уақытын, оның жатырға дейінгі өмір сүру ұзақтығын, сақталу әдісін ұзақ зерттеді. Одан кейін Кембридж университетінің зерттеушісі, белгілі дәрігер-гинеколог Роберт Эдвардс адам ұрығын зертханалық жағдайда өсіру мәселесін зерттеуді қолға алды. Аналық және аталық жасушаны жатырдан тыс ұрықтандырып, пайда болған эмбрионды жатырға әкеліп салу әдістерін игеру үшін ғалымдарға 10 жылдай еңбектенуге тура келген. Әрине, басында қоғам бұл әдісті онша қабылдай қойған жоқ. Діни көзқарас тұрғысынан да талай сынға іліккеніне қарамастан зерттеушілер 1975 жылы денеден тыс ұрықтандыру әдісін адамға қолданып көрді. Алайда алғашқы талпыныс сәтсіз аяқталды: ұрық жатыр түтікшесінде біткендіктен оны алып тастауға тура келді.
Араға екі жыл салып, Роберт Эдвардс пен эмбриолог Патрик Стептоу жатырдан тыс ұрықтандыру әдісіне тағы бір қадам жасап көрді. Осылайша, 1978 жылдың жазында әлемдегі ең алғашқы «құтыдағы сәби» Луиза Браун дүниеге келіп, оған дейін тоғыз жыл бойы бала сүйе алмаған британдық Джон мен Лесли Браундардың отбасына үлкен қуаныш сыйлады. Браундар бір баламен шектелген жоқ. Төрт жылдан кейін тағы да ЭКҰ әдісіне жүгініп, екінші сәбиі – Наталиді өмірге әкеледі. Профессор Р.Эдвардс болса, адамзатқа пайдалы істің негізін қалағаны үшін Нобель сыйлығымен марапатталды.
Ал Қазақстанда денеден тыс ұрықтандыру әдісі алғаш рет 1995 жылы енгізілгенін, оны елімізге алып келген белгілі ғалым, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова екенін жұртшылық жақсы біледі. Дәл осы жылы Салтанат Берденқызының бастамасымен Алматыдағы «Экомед» адам ұрпағын өрбіту орталығында тұңғыш рет ЭКҰ жасалып, бір жылдан кейін еліміздегі алғашқы құтыдағы сәби дүниеге келеді. 1996 жылдың шілдесінде туған қыз бала бүгінде – 21 жаста, Англияда оқиды.
Құтты да құнды
ЭКҰ – өте күрделі процесс әрі амалсыздан жүгінетін тәсіл. Оның бағасы қымбат екені өз алдына, қиындықтары мен кері әсерлері де баршылық. Бұл жайтты экстракорпоральды ұрықтандыруға жүгінгісі келетін әр отбасы біле жүргені артық болмайды.
Ең бірінші еркек те, әйел де медициналық тексеруден өтеді. Егер ерлі-зайыптыларда аталық, аналық ұрықтың сапасы жағынан қандай да бір кінәраттар болса, онда емделуге тура келеді. Бұл жерде әсіресе әйелдің ұрығын алуға ерекше дайындық керек. Репродуктолог-мамандардың айтуынша, жатырды ширықтырып, аналық ұрықты шығаратын фолликула жасушасын өсіру үшін әйелге гормондық дәрілер беріледі. Бұл дәрілердің жалпы денсаулыққа тигізер кері әсерлері баршылық. Мұның сыртында әйелдің жұмыртқа жасушасы дәрілерден зиян шегіп, оның соңы аналық ұрықтың уақытынан бұрын сарқылуына әкеліп соғуы мүмкін. «Кейде жас әйелдерде гормондық ширықтырудың нәтижесінде суперовуляция, яғни сол циклде көптеген фолликула қатар өсіп шығады. Сол айда ұрықты әкеп салған кезде жатыр қабылдамаған кездер көп болды. Соңғы кездері криоконсервация – ұрықты мұздатып қою әдісі шыққалы нәтиже өте жақсы. Әйтпесе бұрын әйелдің денсаулығына, тіпті өміріне қауіп төнетін жағдайлар аз болмайтын. Біз қаншама әйелдің өмірімен күрестік?! Қазір қауіп анағұрлым азайды», дейді репродуктолог-маман Салтанат Байқошқарова.
Жоғарыда айтқан гормондық дәрілерден кейін УДЗ-аппараты арқылы дәрігерлер фолликуланың өскенін бақылап отырады да ең үлкен доминаттық фолликула 18-20 мм-ге жеткен кезде оны ұрық жарып шығуы үшін тағы да гормондық екпе салынады. Содан кейін жіңішке ине арқылы ананың жатырындағы фолликулалардағы сұйықтық сорғызылып алынады. Бір алғанда бірнеше ұрық алынуы тиіс. Себебі әйелдің де, еркектің де ұрығының бәрі бірдей жарамды бола бермейді. Солардың ішіндегі ең сапалысы, өміршеңі дәл әйелдің жатырындай етіп жасалған инкубаторға апарып салынады. Ал жұмыртқа жасушасы мүлде жоқ әйелдерге донор ұрық қолдануға тура келеді. Осы уақыт аралығында аталық ұрық өңделіп, әртүрлі сүзгіден өткізіледі. Егер еркектің ұрығы аз немесе әлсіз болса, онда амал жоқ, ИКСИ әдісі қолданылады, яғни ең сапалы, жақсы деген сперматозоидтар іріктеліп алынады да арнайы микрохирургиялық құрылғының көмегімен аналық жұмыртқаға «қолмен» апарып енгізіледі. Сосын қолдан ұрықталған эмбрион ананың жатырына салынады. Әрине, ИКСИ – қосымша қаражатты қажет ететін тәсіл.
ЭКҰ жасалған әйел жүктіліктің он екі аптасына дейін жіті қадағалауда болады. Осы уақыт аралығында ұрық жатырға жақсылап бекіп, әрі қарай даму үшін қосымша гормондық дәрілер беріледі. Себебі табиғи жүктілік кезінде ағзаның өзі оған дайындалып, гормондарды тиісті мөлшерде бөліп отырса, жүктілік қолмен отырғызылған жағдайда ағза жаңа жағдайға бейімделіп, жүктілікті «сезінгенше» гормондық дәрілермен біраз қолдауға тура келеді. Егер бәрі сәтті болып, эмбрион аман-есен жетіліп кетсе, әйел жергілікті емхана немесе перзентханадағы аяғы ауырларды қарайтын әйелдер кеңесіне тіркелуге жіберіледі.
Үміт пен үрей
Жалпы, жатырдан тыс ұрықтандыру өте қымбат технологияға жатады. Елімізде стандартты экстракорпоралды ұрықтандыру шамамен 700-800 мың теңге аралығын құрайды. Оған ИКСИ секілді қосымша әдістер қосылса, онда 75-100 мың теңге артық төлеуге тура келеді.
Бедеулік бойынша диспансерлік есепте тұратындарға мемлекет жыл сайын квота бөледі. Бір адамға бөлінетін қаржының көлемі – 722 мың теңге, бірақ квотаның саны шектеулі. Биыл мемлекет 900 циклге қаржы бөлген. Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның айтуынша, келесі жылы да квота осы көлемде болады. ЭКҰ-ға мұқтаж жандардың саны 8 мыңнан асатынын ескерсек, квотаның қолға тиюі де оңай шаруа емес. Бір баланың үніне зар жұптардың көбі ЭКҰ-мен айналысатын орталықтарға өз қаржысымен баратыны сондықтан.
Мейлі, жерде жатқан бала жоқ. Балалы болу ең үлкен бақыт десек, осы бақытты шын аңсаған жандар оның жолында аянып қалмасы анық. Бірақ көкейде үміт пен үрей басым. Жасанды ұрықтандыру тәсілінің қымбаттығына қарамастан ол бір жасағаннан бола қойса, жақсы ғой. Осы тәсілге 5-6 рет жүгініп, көптен күткен сәбиге қол жеткізе алмағандар бар. Өйткені ЭКҰ-ден кейін 100 пайыз балалы боласың деген кепілдікті ешкім сізге бермейді. Репродуктолог-дәрігерлердің ең ұнатпайтын сауалы да осы. Жақында Астанада жасанды ұрықтандыру мәселелеріне арналған жиында биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова «Бізден үміттеніп келетіндердің көбі экстракорпоралды ұрықтандырудан кейін балалы болуға кепілдік бар ма деп сұрайды. Кейбіреулер тіпті баланы ақшаға сатып алатын заттай көреді. Дүние жүзінде ешкім де ЭКҰ арқылы бірден бала болады деген кепілдік бермейді. Табиғат бермегенге біз қалай 100 пайыз кепілдік береміз? Мысалы, бір айда жас әйелдің бала көтеру мүмкіндігі 15-20 пайыз ғана. Сонда жасанды ұрықтандыру әдісінен 100 пайызы кепілдік сұрағанымыз орынсыз», дейді. Дегенмен де ол экстракорпоралды ұрықтандыру технологиясының қарқынды дамуына байланысты оның нәтижелілігі бұрынғыдан бірнеше есе артқанын айтып қалды. Осыдан 20 жылдай бұрын жасанды ұрықтандыру арқылы бала көтеру көрсеткіші бір жасағанда 10-15 пайыз болса, қазір 80-90 пайызға жетіпті, яғни денеден тыс ұрықтандыру жасатқан 10 әйелдің 8-9-ында эмбрион сәтті бекіп, әрі қарай жетіліп, дамиды деген сөз.
Келешекте Денсаулық сақтау министрлігі бедеулік бойынша диспансерлік есепте тұрғандардың бірыңғай тіркелім жүйесін жасап шығармақшы. Әрі осы электронды жүйе арқылы еліміздегі 23 экстракорпоралды ұрықтандыру орталығының жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік бар. Сонда пациенттер қай орталықтың нәтижесі жоғары, соған емделуге баратын болады, дейді вице-министр Ләззат Ақтаева. Бірыңғай тіркелім жүйесін құру жұмыстары енді басталды. Келесі жылы сынақтан өткізіліп, тек 2019 жылы нақты іске қосылуы мүмкін.
ЭКҰ әдісіне жүгінгісі келетін жұптарды мазалайтын тағы бір жайт – денеден тыс ұрықтандыру арқылы дүниеге келген бала дені сау болып туа ма әрі ертеңгікүні өздігінен балалы бола ала ма деген мәселе. Салтанат Байқошқарованың айтуынша, табиғи жолмен бала көтерген әйелдің бәрі бірдей дені сау бала туа бермейді. Экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінде де тура солай. Алайда тек ұлға немесе қызға берілетін генетикалық аурулар болады. Сонымен қатар отбасында, оның жақын туыстарында қандай да бір тұқым қуалайтын аурулар болса, онда дәрігерлер ЭКҰ жүргізер алдында ұрықтарды генетикалық тұрғыдан іріктеп, дені сауын ғана жатырға орнықтырады. Бірақ ол үшін генетик-дәрігердің қорытындысы болу керек, әрі ұрықтарды генетикалық ауруларға тексеру қосымша қаржыны қажет етеді. Бірақ медицинада «не өседі, не өшеді» деген ұғым бар. Егер жаңадан пайда болған жасуша зақымдалса, онда табиғаттың өзі іріктеу жүргізеді де ауру клетканы дамытпай тастайды. Ал сау ағза әрі қарай жетіле береді. Сондықтан жақсылықтан күдер үзбеу керек.
Жалпы алғанда, қолмен ұрықтандырылып, жатырға салынған баланың табиғи жолмен дүниеге келгендерден еш айырмашылығы жоқ, дейді репродуктолог-мамандар. Осы тәсілмен дүниеге келген алғашқы сәби Луиза Браун тұрмысқа шығып, табиғи жолмен екі ұл туса, оның сіңлісі (ол да ЭКҰ әдісімен дүниеге келген) Наталиде де үш бала бар.
Ал КСРО елдерінің ең алғашқы құтыдағы сәбиі Елена Донцова да тұрмыс құрып, өздігінен бір ұлды болды. Елена қазір 31 жаста.
Бұл мысалдар «денеден тыс ұрықтандыру әдісімен дүниеге келгендер өздігінен балалы бола алмайды, олар да ЭКҰ әдісіне жүгінеді» деген ұғымды жоққа шығарады. Сондықтан бұл мәселеге ата-аналар мүлде алаңдамаса да болады.
Балалы болудың баламалы жолы
Жасанды ұрықтандыруды тегін жасату үшін, яғни квотаға ілігу үшін алдымен жергілікті емханаларда немесе отбасын жоспарлау орталықтарында есепке тұру қажет және медициналық көрсеткіштері болуы керек. Айталық, әйелдің жатыр түтікшелерінің екеуі де бітелген жағдайда немесе ер адамда белсіздік 2-3 дәрежелі (астеноолиготератозооспермия) болған кезде жасанды ұрықтандыру көмегіне иек артуға тура келеді.
Жатырдан тыс ұрықтандыруға квота бойынша жіберілетін пациенттерді арнайы комиссия іріктейді. Олардың оң шешімінен кейін әйелдің сырқаттану себептері мен тарихы жазылған құжат және барлық медициналық тексерудің нәтижелерімен бірге ЭКҰ жасалатын арнайы клиникаға жіберіледі. Бұл емдеу мекемесі де құжаттарды тексеріп, дұрыс деп тапқан жағдайда ЭКҰ жасайтын уақытты белгілейді.
Жалпы, мамандар жастар отбасы құрған алғашқы 1,5 жылда бала көтермесе, уақытты оздырмай, бірден репродуктолог-мамандардың көмегіне жүгінуге кеңес береді. 30 жасқа дейінгі жастар бедеулігі бойынша жергілікті емханада бір жылдай емделіп, нәтижесі болмаса, тиісті орталықтарға келгені жөн. Ал 40 жасқа жақындағандар бірден ЭКҰ орталығына келгені абзал. Өйткені жас ұлғайған сайын бала көтеру мүмкіндігі де азая береді. «Кез келген адам баланы жас кезінде жоспарлауы керек. Өйткені уақыт зымырап өте шығады. Адамның ұрығы шектеулі. Жас ұлғайған сайын ұрық та азаяды. Тіпті ЭКҰ жасауға да жасқа шектеу қойылады. Өйткені 40-тан асқан әйелдің жатырында эмбрионның тоқтауы қиын болады», дейді С.Байқошқарова. Ал Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Лошкин күрделі операциялардың алдында, әсіресе, онкологиялық науқастар ота немесе химиотерпаия жасатпас бұрын алдымен репродуктолог-дәрігердің кеңесін алуы қажеттігін алға тартады. «Онкологиялық аурулар көп жағдайда науқастың балалы болу мүмкіндігін шектеп тастауы мүмкін. Сондықтан бала көтеру жасындағы емделушілер химиотерапия, операцияға бармас бұрын репродуктолог-дәрігерге жолығуы керек. Біз олардың аталық және аналық жасушаларын алып, мұздатып қоюға көмектесеміз. Есесіне, олар әбден жазылып, бойынан дәрілердің уыты кеткеннен кейін балалы бола алады», дейді ол. Жалпы, Еуропа елдерінде бала туу жасындағы онкоауруларды міндетті түрде репродуктолог-маманға кеңес алуға жібереді екен. Егер қандай да бір онкоорталық бұл жайтты ескермесе, оларды лицензиясынан айыруға дейін жаза қолданылатын көрінеді. Мамандар мұндай тәсілді елімізде де енгізген дұрыс деп санайды.
Не десек те, ЭКҰ – басқа емдеу жолдары тиімсіз болғанда ғана қолданылатын тәсіл. Ең дұрысы бедеулік пен белсіздіктің алдын алу қажет. Әр ата-ана баласының бойындағы өзгерістерді қалт жібермей, дер кезінде дәрігерге қаратуы керек. Әсіресе жұқпалы инфекциялардың алдын алып, қандай да бір эндокринологиялық бұзылыстарды уақыт оздырмай емдеген жөн. Сондай-ақ саламатты өмір салтын сақтап, әйелдер түсік жасатудан аулақ болып, еркектер аталық бездің, қуық асты безінің қабынулары мен жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқуларды дер кезінде емдеу керек, дейді мамандар.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»