Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2017

Білім саласын дамытуға жол ашатын жоба

1802 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары елімізде білім беру саласының дамуына мемлекет тарапынан көптеген қолай­лы жағдайлар жасалуда. Бұл өз кезегінде білімнің салтанат құрып, кеңге қанат жаю­ы­на жол ашпақ. Өйткені сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәр­­биелеу болашаққа жасалған бас­ты инвестиция. Осыған орай Алматыда Білім беру жүйесіндегі қамқоршылық кеңесінің алғашқы ашық отырысы өтіп, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері аталған жүйеге қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Білім саласын дамытуға жол ашатын жоба

Қамқоршылық кеңесі – бұл қоғамдық бақылаудың бір түрі. Нақты айтқанда, білім берудің сапасын, мұғалім, ата-ана мен оқушылардың қарым-қатынасын, бюд­жеттік және қайырымдылық мақ­сатта берілген қаржыларды бақылайтын халық өкілдерінің тобы. Қамқоршылық кеңестері елімізде 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанымен, олардың құқықтары белгілі бір дәрежеде шектеулі еді. Министрлік өкілдерінің сөзіне сенсек, алдағы жылдан бастап бұл жүйе жаңаша тұрпатта дамып, тың тыныс алмақ. Білім және ғылым министрінің ағымдағы жылдың 27 қарашасындағы №335 бұйрығына сәйкес, 2018 жылы қамқоршылық кеңестің жаңа форматы әскери, медициналық және арнайы ұйымдардан басқа барлық білім беру ұйымдарында енгізілетін болады.

Осылайша, бұл жүйе мектептердегі заңсыз ақша жинау мен түрлі құқық бұзушы­лықтарға тосқауыл қоятын қуатты құ­ралға айналмақ. Осыған сәйкес бұ­рынғы қолданыстағы ережелерге ен­гізіліп жатқан бірқатар жаңашылдықтар да жоқ емес. Мамандар бұл өзгерістер атал­ған жүйенің аяққа нық тұруы үшін жасал­ғанын айтады. Қолданыстағы ереже­лерге енгізіліп жатқан жаңашыл­дықтар кеңестің құзіретін арттырып, білім беру ұйымының бюджетін қалып­тастыру кезінде ұсыныстар әзірлеуге, қам­қоршылық кеңес анықтаған кемші­ліктерді жою бойынша уәкілетті ор­ган­дарға ұсыныстар енгізуге, мекеме басшыларының есептерін қабылдауға мүмкіндік береді. Тағы бір айта кетер жайт, кеңес құрамын аймақтық білім беру басқармалары құрайтын болады.

Қамқоршылық кеңес құрамына жер­гілікті, атқарушы және құқық қор­ғау органдарының өкілдері, жұмыс берушілердің және әлеуметтік әріп­тес­тердің өкілдері, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, ата-аналар к­оми­тетінің ұсынуы бойынша білім беру ұйымында оқып жатқан оқу­шы­ның ата-анасы, сонымен қатар қайы­рым­дылық жасаушы азаматтар кіре алады. Бұдан бөлек, білім беру ұйымы­ның басшысы немесе орынбасары қам­қоршылық кеңестің отырысына қатысады, бірақ оның құрамына кірмейді. Кеңестің мүшелері 9 адамнан кем болмауы қажет және олардың білім беру мекемесінің басшылығымен немесе басқа да кеңес мүшелерімен өзара туыстық жақындықтары болмауы қатаң түрде қадағаланады.

Қамқоршылық кеңес акционерлік қоғамдағы директорлар кеңесі сияқты, яғни білім беру ұйымдары әкімшілігі қамқоршылық кеңестің бақылауымен жұмыс істейтін болады. Министрлік өкілдері жаңа реформаның арқасында мектеп, колледж бен университеттерді басқаруда әлдеқайда ашықтық орнатып, білім сапасын жақсартуға жол ашылатынын айтады.

– Бұл бүгінгі таңдағы өте өзекті мәселелердің бірі. Қамқоршылық кеңес 2000 жылдардан бастап біздің елімізде әртүрлі формада көрініс таба бастады. Кейбір білім беру мекемелерінде мектеп бітірушілердің ассоциациясы немесе басқа білім ошақтарында қоғамдық білім қорлары ретінде, кейбір жерлерде ата-аналар комитеті ретінде де жұмыс істеді. Жалпы алғанда, олардың барлығы білім беру мекемесіндегі білімнің сапасын көтеру, қоғамдық бақылау жүргізу, білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне оқу сапасын көтеру үшін нақты ұсыныстар беру сияқты ортақ мақсатқа бағытталған жұмыстармен айналысып келді.

Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігі тарапынан осы бастаманы нақты қолға алып, қамқоршылық кеңестерінің жұмыс істеу тәртібін бекітіп, бұл институтты еліміздегі барлық мектептерге тиімді таратуды көздеп отырмыз. Мемлекеттік орган өкілдері ғана емес, жалпы қоғам мүшелерінің де кеңес құрамына кіруінің арқасында мектепте ұсынылатын білім беру қызметтерінің тиімділігін арттыруға көп көңіл бөлінбек. Білім туралы заңда, Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен, жергілікті билік өкілдерінің бұйрықтарымен мектептерде қаражат жинауға тыйым салынғаны баршаға белгілі.

Алайда, баспасөз беттерінде, ғаламтор желілерінде қоғамда осындай жағ­дайлардың бірен-саран кездесіп қалатыны айтылып жүр. Оған бас­ты себеп жүйенің күрделілігі. Бұл жүйеде ат­қа­рылып жатқан шаруалар қоғамға то­лыққанды жеткізілмейді. Қамқор­шылық кеңесін қуаттандырып отырға­нымыз да жүйедегі барлық кедергілерге тос­қауыл қойып, кеңестің барлық жұмыс­тарын қоғамға ашық түрде көрсету.

Жұрт­шылыққа қамқоршылық кеңестері туралы ақпаратты, олардың қызметі, құру тәртібі, олардың білім беру ұйым­дарындағы мақсаты мен рөлі туралы көбірек мағлұмат беру керек. Қамқор­шылық кеңесінің негізгі мақсаттары­ның бірі – білім беру мекемесі басшы­лығының жұмысына баға беру, сол арқы­лы жұмыстың оңалуына оң ықпал жасау. Елімізде дәл қазір жеті мыңнан астам мектеп болса, алдағы 2018 жылы олар­дың төрт мыңға жуығын осы жүйемен қамтимыз деген жоспарымыз бар, – дейді Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршыбеков.

Алматы қаласындағы №90 лицейде өткен Қамқоршылық кеңесінің алғашқы ашық отырысына министрлік мамандары, «Нұр Отан» партиясының өкіл­дері мен қаладағы орта білім беру меке­мелерінің басшылары қатысты. Аталған білім ошағының тәжірибесін басқа мек­тептер мен колледждерге үлгі алаңы ретінде көрсету көзделген. Мұғалім­дер мен ата-аналар жүйеге енгізілген жаңа­шыл­дықтар мектеп өмірі мен балалар­дың білім деңгейінің дамуына оң ықпа­лын тигізетінін айтады. Білім беру са­ла­­­сында қамқоршылық кеңестер өзге құ­ры­­лымдармен қатар білім беруді дамыту үшін жағдайлар туғызуға, оның қол­же­­тімдігін, сапасын және еңбек нары­­ғы­­ның ағымдағы әрі болашақтағы сұраны­­сына сәйкестігін қамтып, балалар мен жас­­тардың қоғамның әлеуметтік-эко­но­­микалық, саяси және мәдени өмірі­­не белсенді араласуына мүмкіндік бермек.

– Қамқоршылық кеңесінің арқасында робот-техника сыныбын, шахмат клубын аштық. Ата-аналар қауымы мектеп өміріне белсене араласатын болды. Дарынды және аз қамтамасыз етілген балаларды қолдау, түрлі үйірмелер мен секциялар ашу, балалар мен жасөспірімдер үшін акциялар ұйымдастыру және өткізу, сол сияқты мектепте инновацияға қолдау көрсету мәселелері оң шешімін тапты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақ елінің жастары білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылулары керек.

Себебі, жаңа дәуірде тек бәсекеге қабілетті, аса білімді, сауатты адамдар ғана табысқа жетеді. Ел жастарында осындай қасиеттер болса, кез келген мемлекеттің болашағы жарқын болары анық», деп атап өткен болатын. Еліміздің жарқын болашағы саналатын жас ұрпақты тәрбиелеуде бұл жүйенің алатын орны да ерекше, дейді Алматы қаласындағы №90 мектеп-лицейдің директоры Көлбай Өмешбаев.

Дамыған мемлекеттердің тәжіри­бе­сіне үңілсек қамқоршылық кеңесі көптеген елдерде үлкен маңызға ие. Әр білім мекемелеріндегі қамқоршылық кеңес мүшелеріне жүктелген негізгі міндет білім беру ұйымына бюджеттік ұсыныс жасап білім сапасына баға берумен ғана шектелмей, оқушылардың сабақтан тыс уақыттарда жан-жақты дамып жетілуіне, түрлі үйірмелерге қатысып, уақытын тиімді пайдалануына қолдау жасау. Жүйедегі тың бастамалар өз жемісін беріп, алдағы уақытта біздің елімізде де қамқоршылық кеңесі білім саласының дамуына жаңаша серпін әкеледі деп сенейік.

 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ