Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2017

Рауан Кенжеханұлы: «100 жаңа оқулық» – қазақ ғылымының жаңа белесі»

7193 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары қазақ баласын жаппай білімге шақырып, дамыған жұрттардың бәрінде бар ғылым салаларын негізге алып, қазақ ғылымының іргетасын қалапты. Содан бері бір ғасыр өткенде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іске қосылды. Қазақ баласы енді гуманитарлық білімнің жаңа оқулықтарымен танысқанда қалай өзгереді? Арадағы ғасырлық межені ескергенде, жаңа оқулық білімнің сапасын көтере ме? Осы туралы «Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қорының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлынан сұрап білген едік.

Рауан Кенжеханұлы: «100 жаңа оқулық» – қазақ ғылымының жаңа белесі»

– «100 жаңа оқулық» жобасының маңызы қандай?

– Елбасының «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» мақаласында алты үл­кен жоба аталды. Сол жобалардың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Мен бұны арнайы айтып жатқан себебім, бұл бас­тама ауызекі тілде «100 жаңа оқу­лық» деп аталып жүр. Бірақ бұл жоба­ның мақсаты 100 кітап аударып шыға­ру­дан әлдеқайда кең. Сөзсіз, тамаша оқу­лық­тар аударылады, басылып тарайды. Бі­рақ мұның барлығы түпкі, үлкен мақсат­қа жол салатын құрал. Ол қандай мақсат? Жаңа оқулықтар арқылы біз қазақ ауди­торияларындағы талқының мазмұны мен деңгейін көтереміз. Сол арқы­лы жалпы гуманитарлық білімнің маз­мұны мен сапасы мүлде жаңа деңгейге шығуы тиіс. Өйткені әлемдік гу­ма­нитарлық ғылым қазақ тіліне мұн­дай көлемде ешқашан аударылған емес. Енді бұл оқулықтарды ертең оқу бағдарламасына қалай енгіземіз? Осыған орай оқытушылардың жұмысы қалай өзгеруі керек?

Қазақы интеллектуалды, гума­ни­тарлық ғылыми орта, оқытушылар мен студенттер бұл жобаға өздерінің күнделікті өміріне, ертеңіне тікелей қатысы бар мүмкіндік деп қарауы керек. ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері аудармамен көптеп айналысты. Бірақ ол кезде қазіргідей мүмкіндік болған жоқ. Қазір мүлде басқа уақыт, басқа мүмкіндік. Біз осы мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Сондықтан бұған атсалыса алатын орта жұмылуы қажет. Біз аударма ісін білетін мамандарға аса зәруміз.

Бұл жоба – рухани жаңғыру деген ауқымды бағдарламаның құрамдас бөлігі. Кеңестер заманында гуманитарлық ғылымдар саясаттың қызметінде, идеологияның құралы болғаны белгілі. Зиялы ортаның көзқарастары мен құндылықтарына ықпалы зор осы білім салалары бізде әлі күнге дейін ескі сарыннан арылмаған. Жоғары оқу орындарындағы студенттердің 70 пайызы қазақ тілінде оқиды деп марқаямыз, ал олардың не оқып жүргендеріне енді ғана ден қоя бастадық. Мұның сыртында, бұл оқулықтар қазақ тіліндегі гуманитарлық біліммен бірге қазақ тілінің өзін де өрге тартатын бастама деп білемін. Тіліміз халықаралық ғылыми лексикамен толығады.

– Осы мақсаттарға жету үшін бізге 100 оқулық аудару жеткілікті ме?

– «100 жаңа оқулық», «100 жаңа тұлға» деп жобаларға шартты ат қойы­лады. Ол есте сақтауға, насихат­тап таратуға ыңғайлы. Бірақ ол 100 оқулықпен шектелеміз деген сөз емес. Оқулықтар жақсы аударылып, оған үлкен сұраныс болып, жақсы нәтиже көрсетіп жатсақ, ол жүзден әлдеқайда көп болуы мүмкін. Таңдалған гуманитарлық бағыттар бойынша алдыңғы қатарлы университеттер мен баспалардан жыл сайын жүздеген жаңа оқулықтар шығады. Оның сыртында, оқулық деуге келмейтін, бірақ ғылым саласының дамуына зор үлес қосқан жекелеген авторлардың зерттеуі негізінде шыққан монографиялар бар. Олар да оқу бағдарламаларына міндетті түрде оқылуы тиіс кітаптар тізіміне кірген. Ол аз десеңіз, ғылыми танымдық бағытта жазылған, ондаған тілге аударылып, миллиондаған таралыммен шығып жатқан басқа да кітаптар бар. Өз басым осының барлығы аударылса деймін. Жоғарыда аталған мақсатқа жету – бір науқанмен бітетін шаруа емес, ол процесс, қазіргі аударма тілінде үдеріс. Ол ұдайы ізденісті, тоқтаусыз жаңаруды талап етеді. Біз ұмтылған ілгері дамыған 30 елдің қай-қайсысында да осы үдеріс бар. Сондықтан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы сол үдерістің басы деуге болады. Сонымен бірге бұл бізге үлкен сын, ғылыми ортаның қуаты, аудармашылар ортасының әлеуеті сыналып жатыр. Қазір осы жұмысқа 120-дан астап адам жұмылдырылған. Үлкен қауым. Осы кісілердің барлығы тура мағынасында күні-түні жұмыс істеп отыр.

– Оқулықтар ғалымдардың, оқу орындарының ұсынысымен таң­да­лып жатыр деп естідік. Бұл кітаптар оқулықтар ма, әлде жекелеген авторлардың зерттеу еңбектері ме?

– Аударылатын кітапқа қойылатын талаптар мен оларды іріктеу жүйесі жұмыс тобында ұзақ талқыланды. Кеңесе келе, мынадай критерийлерге тоқтадық: таңдалатын кітап әлемдегі озық 100 университеттің оқу бағдарламасында болуы шарт, ол оқулық кемінде үш басылым көруі тиіс, соңғы басылымы өткен үш жылда шығуы керек. Бұл талаптар оқулыққа деген сұраныстың жоғары екендігін, оның мазмұн тұрғысынан өзектілігін растайды. Иә, іріктеудің басы оқу орындарынан басталды. Біз оларға өтініш жіберіп, өздеріне қажет деген оқулықтар тізімін сұраттық. 800-ден аса оқулықтың тізімдері келді. Оның ішінде оқулықтар да, жекелеген зерттеу еңбектері де болды. Бірақ барлығы да алдыңғы қатарлы оқу орындарында гуманитарлық бағыттағы оқу бағдарламасында бар кітаптар.

– Философияға байланысты да кітап аударылды. Басқа салаларға қара­ғанда философия дүниетанымға, көз­қарасқа, діни танымға әсер етеді. Осы аударылған кітап қазақ дүние­танымына сәйкес келе ме?

 – Жаңа гуманитарлық білім дегенде Елбасы мақаласында ғылымның жеті бағыты аталды. Ол философия, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, тарих, филология және саясаттану. Осы саланың барлығы қамтылып жатыр. Бұлардың қай-қайсысы да адамның жеке тұлға және маман ретінде қалыптасуына зор ықпал ететін білім салалары. Олар қоғамдағы азаматтық ұстаным, моралдық құндылық, ар-ождан негіздерін қалайды. Адамның өзіне, айналасына, елге деген көзқарасын қалыптастырады. Біз дүние жүзіндегі ғылым мен білімнің мазмұнына жол ашу арқылы ілгері дамыған қоғамдардағы осындай көзқарас және ұстаным қалыптастыру құралдарымен жақын танысуға мүмкіндік алдық. Мақсат – ол білімді айна-қатесіз көшіріп алып, соған илану емес. Біз әлемнің қалай ойлап, нені құнды, нені дұрыс, нені бұрыс деп білетінін ескере отырып, өз бағытымызды анықтауда қателеспей, өзіміздің қазақстандық жолымыздан жаңылмауымыз қажет. Сондықтан да рухани жаңғыру аясындағы өзге жобалар өз тарихымызға, өлкетануға, төл мәдениетке арқасүйейді. Қазақ дүниетанымын қорғау сөзсіз қажет, бірақ ол тұйықталу дегенді білдірмейді.

 – Аударма сапасы туралы, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы аударманың кемшілігі жайлы көп айтылды. Соны қайталамайсыздар ма деген қауіп те бар. Осы жобада аударма жұмысын қалай ұйымдастырып жатырсыздар?

– Елдегі аударма ісіне айтылып жүрген сын белгілі. Бұл күрделі, жүйелі түрде шешілуі тиіс мәселе. Аудар­ма кітап шығарып, оны таратудың ком­мер­циялық арнаға түскен индустриясы болмағаннан кейін, аударма ісі де қа­жетті кәсіби биікке шыға алмай жатыр. Аударма мектебі әлсіз, соның ішінде, әсі­ресе ғылыми аударма саласы кенжелеп қалған, өзі сала маманы, өзі аудар­машы бола алатын ғалымдар өте аз, оты­рып сапалы жұмыс істеуден гөрі наз бен сын айтуға әуес тіл жанашырлары өте көп.

Ғылыми аударма болғаннан кейін, аударманы тіл білетін сала мамандары жасауы шарт. Сондықтан алғашқы аударма мәтіні негізінен ұлттық жоғары оқу орындарының тиісті кафедра мамандарының қолынан шығып жатыр. Осыдан кейін аударма тобында болмаған сала маманы ғылыми редакция жасайды. Оның міндеті – мәтіннің ғылыми дәлдігін тексеріп, растау. Осыдан кейін әдеби редакция жүреді. Оны тіл мамандарынан құралған, кәсіби редакторлар жасайды. Олардың міндеті – мәтіннің сауаттылығын, тіл нормаларына сәйкестігін қарап, оның ұғынықты, жатық болуын қамтамасыз ету. Қажет болса, осы сатылар бір емес, бірнеше мәрте жасалады. Осыдан кейін кітап беттеліп, корректордың қарауына өтеді. Оның міндеті – әріп қателерін жөндеп, үтір-нүктенің, тыныс белгілерінің дұрыстығын қарау.

Жұмыс өте қауырт. Мәтінді жетіл­діру кітапты баспаға тапсырғанша жү­ре­ді. Әр аудармашы, әр редактор кеше ғана тапсырып кеткен жұмысын, қайта­дан қарап, өзгерістер енгізіп жа­тыр. Оқулықтарымыз көлемді, ең шағы­­ны 300 бет, көлемдісі, мәселен, «Эко­номикс» 850 беттен асады.

– Бір кітапты қанша аудармашы аударып жатыр?

 – Сол «Экономиксті» аударуға ұлт­тық университеттің он шақты маманы атсалысты. Одан бөлек редакторлар мен техникалық қызметкерлерді есептегенде жиырма шақты адамға барады. Мәтінді көрсеңіз, графика, иллюстрация, кесте көп. Соның бәрі қайтадан жасалып, өңделді. Жаңадан еніп жатқан ұғымдар өте көп.

– Терминдерге байланысты жұ­мыс­тарды терминком немесе тілші ға­лым­дармен ақылдасып аудардыңыз­дар ма? Әлде сала мамандарымен жұмыс істедіңіздер ме?

– Шынын айтқанда біз жүгіне қоятын, кез келген сұрағымызға жауап табатын не бір институт, не бір орталық жоқ. Салалық сөздіктер негізінен ғылыми ұғымдарды қолдану контексін ескермей құрастырылған, тартынбай сөздіктегідей ала беруге келмейді. Ол сөздер ғылыми мәтінде, сөйлемнің ішінде кездескен кезде өз қызметін қалай атқарады дегенге мүлде назар аударылмаған. Мысалы, сұраныс пен ұсыныс, сұраным мен ұсыным деп жүр. Бірде бір маман ол сөздерді сол күйінде алуға дайын емес. Сондықтан терминком бекіткен аударма да, институттар шығарған салалық сөздіктер де біз арқасүйейтін сенімді көмекші құрал бола алмады.

Бұл оқу орындарында қолданылатын оқулық болғаннан кейін, оқу орындарымен тығыз жұмыс істеп отырмыз. Осы тұста оқытушы ғалымдар аударма мәтіні ғылыми дәлдіктен ажырамауы тиіс дегенді айтады. Сондықтан кей ұғымдар мен сөздер тікелей аударылып, ұсынылады. Екінші жағынан, әдеби редакторлар ондай аударманы “калька” дейді. Ондай мәтінді қазақ түсінбейді дегенді айтады. Оған ғалымдарымыз: «Бұл кешке жантайып жатып оқитын көркем шығарма емес. Бұл белгілі дайындықпен келуді қажет ететін ғылыми әдебиет» дегенді алға тартады. Әрқайсының уәжі өзінше дұрыс. Осы екіарадан жол тауып, тепе-теңдік іздеуге тура келеді. Және оның дайын тұрған формуласы жоқ. Әр жағдайды жеке қарап, мәтінді мұқият оқып, ақылдасамыз. Жұмыс барысында әдеби редакторларымыз ғылыми аударманың қиындығын, аудармашы ғалымдарымыз көркем тілдің ерекшеліктерін түсініп, өзара ұғысуда.

– Ал сол аудармашыларға пайдалы болар, филология саласынан қандай кітаптар аударылды?

– Виктория Фромкин деген тілші маманның көп тілдерде жарық көрген «Тіл біліміне кіріспе» деген оқулығы аударылды. Сондай-ақ Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» деген кітабы бар.

– Кітаптың мазмұны қандай?

– Мұнда тіл туралы білім, тілдің табиғаты, оның даму заңдылықтары көп тілдерді салыстыра отырып беріледі. Бізде тіл білімін өзге тілдермен салыстыра отырып зерттеу енді өріс алып келе жатыр, сондықтан бұл оқулықтардың пайдасы зор болады деп ойлаймын. Аталған кітаптардың аудармасы мен редакциясында отырған тілшілер айтады: «Өмір бойы тіл саласында жүрсек те, көп жаңалықты енді біліп жатырмыз» деп. «Тіл және мәдениетаралық коммуникация». Бұл да қызық тақырып. Ағылшын және орыс тілді орталарды салыстыра отырып, мәдени түсіністік үшін тілдің маңыздылығын, тілді меңгеру үшін мәдениетті білудің қандай маңызды екендігін көрсетеді.

– Ал әдебиеттануға байланысты оқулықтар бар ма?

– Ол келесі жылғы жоспарда бар. Ке­лер жылы әдебиеттану мен педагогика деген үлкен екі сала аударылады. Әде­биет теориясы да өте маңызды бағыт.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Бағашар Тұрсынбайұлы,
«Егемен Қазақстан»