Тарих • 06 Қаңтар, 2026

Бакуден басталған үн

170 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2026 жылы Бакуде өткен түркітанушылар съезіне бір ғасыр толады. Бұл алқалы жиын өткен ғасырдағы түркі халықтарының ғылыми, мәдени және рухани тағдырына айрықша әсер еткен, тарихи салмағы аса үлкен оқиғаның бірі болды. Яғни бұл басқосуды түркі дүниесінің ғылыми тоғысы ретінде бағалаған дұрыс.

Бакуден басталған үн

Баку съезі алғаш рет түркі халық­та­рының көрнекті ғалымдарын, тілші­лерін, әдебиеттанушыла­рын, тарихшыларын бір алаңға жинады. Мақсаты – ғылым, білім, мәдениет саласында ортақ дамуға жол ашу. Аталған съезге Әзербай­жан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Түрікменстан секілді республикалардан, сондай-ақ Ресей мен Еуропадан келген ғалымдар қатысты. Олардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлы, Бекір Чобанзаде, Александр Самойлович сынды түркі­тану­дың ірі тұлғалары да болды.

Ғасыр уақыт өткен соң, бұл басқосуға қайырыла назар салсақ, бұл жиын тарихы мен тағдыры бір, «ауылы аралас, қойы қоралас» жатқан түркі халықтарының тілдік, мәдени және ғылыми мәселелерін жүйелі түрде талқылаған тұңғыш ірі халықаралық форум ретінде тарихта қалды. Ғалымдардың дерегінше, осы алқалы отырыста латын әліпбиі және тағдырлы шешімдер туралы оқығандар ой ортақтастырған. Айталық, съездің ең маңызды тақырыптың бірі – түркі тілдерін латын графикасына көшіру мәселесі еді. Бұл мәселе сол кезеңде түркі халықтарының сауаттылығын арттыру, ғылым мен білімге жол ашу тұрғысынан оң қадам болды. Нәтижесінде, латын әліпбиі бірқатар түркі елдерінде уақытша болса да кең қолданысқа енді.

Алайда бұл шешімнің артында саяси астар да жатқанын уақыт көрсетті. Кейі­ні­рек сталиндік репрессия жылдары осы съезге қатысқан көптеген ғалым «ұлт­шыл», «пантүркист» деген айыптармен қуғын­далып, атылды немесе түрмеге тоғытылды. Осы тұрғыдан алғанда, Баку съезі – ғылыми еркіндік пен саяси қысым тоғысқан трагедиялық белес те болғаны шүбәсіз. Бұл сөзімізге Олжас Сүлейменовтің «Барлық түркі халықтары үшін маңызы жоғары болған тарихи съезге Қазақстанның атынан Ахмет Байтұрсынұлы, Нәзір Төреқұлов, Елдес Омаров, Біләл Сүлеев қатысып, сөз сөйлеген. Съезге барлығы ­130 делегат қатыс­қан. Бірақ осы бір-бір елдің ­рухы мен туын көтеріп барған марғасқалардың ­бәрі дерлік, Мәскеуден барған Бартольд, ­Малов, Ашмарин секілді бірді-екілі ғалым­дардан өзгесінің бәрі де кейін тұтас атылып кетті», деген пікірі дәлел.

Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялы­лары бұл жиында қазақ тілінің бола­шағы, терминология, әліпби, оқу-ағарту мәсе­лелерін көтерді. Олар түркі халық­тарының тілдік тамырын бұзбай, тіпті өзара жақындығын сақтай отырып, әр ұлттың дербес дамуына мән беру қажеттігін айтты. Зерделеп көрсек, бұл көзқарас пен осыған байланысты қадамдар қазақ тіл білімі мен ұлттық ғылымның қалыптасу жолын­дағы батыл әрі жауапты шешімдердің бірі еді.

Шындығында, Бакуде өткен түркітану­шылар жиналысының тарихи маңызы бүгін де күші жойылған жоқ. Керісінше, қазіргі уақытта түркі мемлекеттерінің интегра­циясы, ортақ мәдени кеңістік, тілдік сабақтастық мәселелері қайта күн тәртібіне шығып келеді. Сол үшін де бүгінгі күнде аталған басқосудың идеялық мұрасы жаңа қырынан бағалануда. Тығыз байланысты ұстанған түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ғылыми ынтымақтас­тық, ортақ әліпби мәсе­лесі, түркі әлемінің гуманитарлық байланыс­тары ескере білсек, сонау 1926 жылғы Баку съезінде көтерілген ойлармен үндес, мұраттас һәм тілектес.

Содан бері неше түрлі заман болды, туысқан түркі халықтары алуан кейіптегі алмағайып сәттерді бастан өткерді. Кісенін ажыратқысы келмеген КСРО-ның темір құрсауында да олар өз мәдениетін, тіл-жазуын, болмыс-бітімін сақтап қалды. Бұлттан шыққан жарық күндей болып келген тәуелсіздік түркі халықтарының басын қайтадан бір араға тоғыстыруға жол ашты. Енді міне, ғасыр уақыттан кейін сол съездің батыл шешімдеріне қайтадан бас шұлғып, иланып, қуаттап отырмыз.

Бір сөзбен айтқанда, жүз жыл бұрын өт­кен түркітанушылар съезі – бір ғана ғылы­ми жиын емес, тұтас дәуірдің интеллектуал­­дық айнасы. Ол түркі халықтарының өз тағды­рын ғылымның күшімен биік белеске көтеру­ге ұмтылған сәтін көрсетеді. Арада аттай желіп бір ғасыр өткен соң, бұл тарихи оқиға бізге ғылымның еркіндігі, ұлттық мүдде мен жауапкершілік, рухани тұтастық туралы терең ой салады, сала береді де. Ендеше, Бакуден басталған ортақ үнге бүгін де үн қосуға хақылымыз. 

Соңғы жаңалықтар