Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2017

Айдос Бектеміров: «Марко Полоның» арқасында бір марқайдым

607 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Айдос Бектеміров: «Марко Полоның» арқасында бір марқайдым

– Айдос аға, батырдың рөлін ойнағысы келетіндер көп, бірақ адамның қалау-ті­ле­гі бар да, талант пен мүм­кін­дік деген дүние тағы бар. Театр мен кинода баһадүр­лер бейнесінің галереясын жа­­сап келе бірден-бір актер болғандықтан, сіздің өнер­дегі амплуаңызды осы төңі­ректен іздегеніміз дұрыс па?

– Бұрын өнер айналасында жүрген режиссерлер, актерлер үшін «амплуа» өте маңызды болатын. Қазір осы ұғым өз-өзінен қасаң тартып, қалтарыста қалып бара жатыр ма деймін. Неге? Адам болып жаралғаннан кейін оған бүкіл сезім тән: ол күледі, жылайды, ойланады, опынады. Ал театрға келген актер «мен салмақты адам едім, сатиралық рөлді ойнай алмаймын» деп қарап тұрмайды. Актерсің бе – ойна. «Шын палуанға оңы мен солы бір» дегендей, егер актер кәсіби болса, ол трагедияны да, комедияны да таңдап жатпастан, бірдей дәрежеде ойнап шығады.

Нашар актер ғана «мен комедиялық актер едім», болмаса «қолайыма трагедия жағатын еді» деп сан түрлі сылтау айтып, дарынсыздығына түрлі себепті дәлел қып жатады. Шүкір, Мәскеудің Щепкин атындағы театр училищесін тәмамдап жатқанда дипломдық жұмысым болған Борис Году­новтан бас­тап, күні бүгін­ге дейін тек геройларды ғана ой­­нап келе жатыр екенмін. Амплуаға байланып қалған же­рім жоқ, театр басшылығы сенім білдірді ме, ақтап шығуға тиіспін.

– Герой болғанда да бай-манап пен батырдың рөліне құйылып түсесіз.

–Түр-тұлғасы, жүріс-тұ­рысы, дауысы дайын актер тұрғанда, режиссерлер де батырды алыстан іздеп, әуре бол­ғысы келмейді. Театр, ең алдымен, эстетикалық тәрбиесі жоғары тұратын орын. Көрер­мен сахнадан қобы жауырын, апайтөс нағыз батырды, қара сөзден құйын тұрғызатын от ауыз, орақ тілді нағыз биді, кебеже қарын, кердең байды көремін деп келеді. Сахнадағы актер, ол жасаған бейне кө­рер­меннің осы түсінігімен қабыс­пай қалса, оның қайтадан театр есігін ашуы екіталай. Сырт­қы ұқсастық өз алдына, образ­дың астарын ашу үшін сол ке­­йіп­кердің ішіне кіріп, жан дү­ниесін кейіптей алуы бәрінен де маңызды. «Рухани жаңғыру» деп ел енді ғана жаппай айта бастады. Ал театрдың байырғы замандардан бергі міндетінің өзі адамның рухын ояту, рухтандыра отырып жасампаздыққа, адам ретінде жақсы жағына өзгеріп, жаңғыруына қызмет ету.

– Актердің тағдырын түрі де, тұлғасы да емес, ең алдымен үні, дауысы шешетінін көп ретте байқап жүрміз. Еш­кімге ұқсамайтын баритон дауысыңыздың арқасында радиодағы кішкен­тай кө­рер­мендерге «Айдос ата» атан­дыңыз, бұл өзі әу бастан қо­йыл­ған дауыс па?

– Бір актердің дауысын ұстазы кәсіби әдіс-тәсілмен қойып береді, енді бір актер үздіксіз дайындық арқылы өз дауысын өзі тәрбиелеп алады. Осы дауыс үшін кезінде талай режиссерлермен арамызда реніш те болды. «Сен неге дауысыңды өзгертіп сөйлейсің, өз табиғи дауысыңмен сөйле» дейді маған. «Тәрбие» көрме­ген, табиғи дауысым екеніне сенбейді. Бетіме айтпаса да, «қа­тынөсек жігіттер не демес дейсің сыртымнан» деп Ма­хамбет ақын айтқандай, «Айдос анаған еліктейді, жоқ, мына бір актерге еліктейді» деп ту сыртымнан сыбырлап айтылған сөз құлағыма арагідік жетіп жатады. Адам – пәндә, ал пәндәнің қай сөзіне ренжисің? Біріншіден, мен еліктейтін-солықтайтын жастан баяғыда өтіп кеткенмін. Екіншіден, ешқашан ешкімге еліктеп көр­меппін. Өнер деген – жанталас. Жарып шықсаң – шықтың, шықпасаң – жұтыласың.

– Алпысқа аяқ бас­ты­ңыз,­ жұтылмай аман қал­ға­ныңызға қарағанда қорға­ныс қабілетіңіз мықты болды ғой?

– Негізі, баяғыда, жұтылып кетуім керек еді, жұтқылары келді де, бірақ тамақтарынан өтпедім. Көз алдыңызға елес­тетіңіз: өнер деген – тау болып жиналған отынның жанында бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқан қара қазан. Отын өшірмей, әркім бір келіп, шоғын үрлеп, үстіне тамызық тастап, одан әрі сақырлатып қайната түседі. Кейбірі лаулаған отқа, бұрқ-бұрқ етіп қайнаған қазанның буына қарап тұрып ләззат алатын шығар. Ал қазаннан аулақ, өзіммен-өзім жүрген менде кімнің не ақысы бар? Өзімнің жұмысымды жақсы көремін, сүйіп атқарамын, сахнадағы серіктесімді біле­мін, рөлімді білемін. Өнер орта­сындағы алауыздық, топ-топқа бөліну түбі топалаң астырмай тынбайды. Кезіндегі қазақтың басындағы түрлі нәубет, қиямет, зобалаң тап осы бөлінуден болды. Тең жар­тысы шыбындай қырылып қалған қазақ тарихтың қандай шырғалаңынан өтпеді?

Жарайды, бұрынырақта санамыз төмен болып сазайымызды тарттық, надандықтан намысымыз тапталған болар, ал ендігімізге не жорық? Екінің бірінің жоғары білімі бар, қолында қос-қостан дип­ломы жүр, ендеше бөлінуге болмайтынын білмей ме? «Алтау ала болса, ауыздағы ке­тетінін, төртеу түгел болса, төбедегі келетінін» біледі, бі­ле тұра бөлінгенін қоймайды. Абай «Қазақ не нәрсені ғадет қыл­са, оны өлгенде не біреуден қорыққанынан қояды» дейді. Өлгенде қоятынымыз түсінікті ғой, өз ақылымыз бен парасатымыз жетпейді екен, ендеше қорқытып қойдырайық. Ірілік танытудың орнына іріткі салып жүретіндерді заң­мен тізгіндейік. Болашақта ын­тымақты ұлт болып қаламыз десек, мұны тоқтату керек. Бү­гінгі тұрмысымыз, өміріміз еш­кімнен кем емес. Әрине, егер бөлінбесек, бұдан да жақсы өмір сүруімізге болар еді. Өткеннен сабақ алар уақыт болып еді бұ қазаққа, неге ойланбайды, біл­меймін...

– «Құнанбай» фильмі үшін төрт бірдей адам Мем­лекеттік сыйлық алдыңыз­дар. Мәртебелі атақты кино саласынан емес, өмір бойы қыз­мет етіп келе жатқан театр­­дағы рөліңіз үшін ал­ған­да тіпті тамаша болар ма еді деген ой келетіні рас...

– Сыйлық – бұл сенің еңбегіңнің нәтижесі. Театр­дағы рөлдерім үшін осы сый­лық­ты бергенде де, осылай қабылдаған болар едім. Еңбек­тің жемісі, еңбектің қуанышы, басқа ешнәрсе емес. Сыйлық менің бойыма не сойыма емес, еңбекке беріліп тұр. Бұл фильмде Барақты ойнап, менің де бағым жанды. Ки­нодан алғаным үшін еш өкінбеймін. Өйткені біріншіден, тарихи фильм. Екіншіден, керек фильм. Абай секілді ұлы­ға өмір сыйлағанымен, көлең­кесінде көрінбей келе жатқан Құнанбай талай жылдар тыныстап жатып қайта тірілді. Осы уақытқа дейін қалыптасып қалған түсініктен тысқары тұлғасымен танылды. Бұл – рухани әлемнің жаңалығы.

– Білетін адамдар кино­дан бағыңыздың жанып жүр­­­генін байқайды. Әзірге Гол­ливудтың фильміне түс­кен бірінші қазақ өзіңіз болып тұрсыз. Әлем кино­сы­ның бүгінгі тәңірісі қиыр­да жатқан сізді қайдан тауып жүр?

 – Бұл әңгімені қозғасам, ішімдегі өкпе-ренішім де қоса қозғалғандай болады. 2014 жылы Алматыға Голливудтан бір топ продюсер мен режиссерден құралған топ келіп: «Қазақстанда Марко Поло туралы фильм түсіреміз», деді. Келді де, кастинг жария­лады. Сізге өтірік, маған шын, аузымен құс тістеген жұлдыздарымыздың бәрі самсап сонда жүріпті. Батырлар жырының ішінен жарып шығып келгендей білегінің бұлшық еті бұлтыңдаған иықты, жауырынды, Қобыландының найзасындай ұзын бойлы жігіттер, сымбаты келісті сұлу қыздар америкалықтардың сынына төтеп беру үшін неше күн бойы жанын салып сынақтан өтіп жатыр екен. Бұдан менің хабарым жоқ. Бірде бейтаныс қыз бала хабарласып: «Сіз кас­тингке неге келмейсіз?» дей­ді. Мән-жайды түсінгеннен ке­йін бардым, қатыстым. Тап кино­сынақ жасалатын күні біз­дің әкемтеатрға «Қас-қа­ғым» спектаклін көру үшін Виль­нюстен комиссия келетін болды. Екеуінің уақыты қатар келіп тұр, не істемек керек?

Оның үстінде ағылшын тілін­дегі мәтінді де дұрыстап жат­­тамаған едім. «Таңертең бі­рінші болып кірейін де, қағазға қарап оқып берейінші» деп едім, шетелдіктер оған да келісті. Сөйтіп аттың жалы, түйенің қо­мында, «үлгерсем екен» деген ниетпен театрға келетін комиссияны ойлап тұрып, икемге келмейтін шала-шарпы тілмен асығыс-үсігіс мәтінді оқып, соңғы жағын тіпті жеделдете айтып, жоғары дауыс екпінімен аяқтап едім, үстел жағалай отыр­ған оншақты америкалық киногерлер орындарынан тұрып, қол соқты. Ілтипат қа­был­дап тұруға уақыт жоқ, алды-артыма қарамастан театрға жү­гіре жөнелдім. Сөйтіп ойда жоқ жерден голливудтықтардың назарына мен іліктім. Фильм Малайзияда түсірілді. Он сериялы фильмнің бірінші сериясында генерал Аруканың рөлін ойнадым. Арука – Шыңғысханның кезінен келе жатқан, ұрпағы Құбылай ханның әскерін бас­таған, соғыстың тактикасын жасайтын мықты қолбасшы болған адам екен. Эпизод емес, көрнекті рөл.

Ал енді өкпемді айтайын.­ Бүкіл әлемнің ең әйгілі әртіс­терінің арманына айнал­ған, қалай да жолын тауып, ба­ғын­дыруды мақсат ететін Гол­ли­вуд­тың фильміне түскен тұң­­ғыш қазақ екенмін, «е-е-е, Америка киносына із тастаған алғашқы қазағым-ай» деп елеген бір жан болсашы. Тым-тырыс. Жайшылықта «атып кетіпті, асылып қапты» деп кілең жамандықты ғана жарнама жасап, жариялағанша асық болып жүгіріп жүретін журналистер жақсы жаңалықты қабылдауға келгенде тас керең, су қараңғы соқыр болып қалған ба, бір басылым мәу демеді. Жарайды, ол фильмде мен болмай-ақ қояйын, басқа бір актер түссінші, бірақ қазақ актері, Қазақстан азаматы ойнап жатыр емес пе? Бұл жаңалық емес пе сонда? Мен осыған таңғалдым. Жа­мандықты іздеудің қажеті жоқ, пәле-жала деген аяқтың астында, ал жақсы жаңалық күнде бола бермейді ғой, бір уақ жұрттан сүйінші сұрап, жақсылықты өнеге қылсаң қайтті? Осыған қамықтым.

– Өздерінде де азият нәсілді актерлер толып жүргенде, мұхит­тың арғы жағындағы аме­рикалықтардың жер түбін­дегі қазақ актерін не үшін қажет қылғанын аса түсі­ніңкіремей отырмын...

– Оны түсінбейтін түк те жоқ, оларды қазақ актерінен бұрын, қазақ жерінің тамылжып тұрған тамаша табиғаты қызықтырғанға ұқсайды. Ша­рын шатқалының даңқы шар­тарапқа жайылғанын сонда біл­дім. Кеген, Нарынқолды бетке алғаннан-ақ биік таудың сілемдеріне таңдай қағып, ауыз­дарын аша өзара ағылшынша әлденені айтып келе жатқан олар, сонадайдан менмұндалап ашық аспан астында мыңдаған жылдардан бері табиғаттың ең қатал мінезіне шыдамдылық танытып, шимай-шимай жар­­тасты қамалдарының бір дің­гегі де кетілмей келе жат­қан Жаратқанның ғажап сыйы Ша­рынды көргенде, мүлде ес­тері шығып кетті. Елім­ үшін, жерімнің сұлулығы үшін, Тә­ңірдің бізге осынша­ма бай­лықты аямай қиып бер­гені үшін «Марко Полоны» тү­сіргендердің алдында кеу­демді көтеріп, бірінші рет шын мар­қайдым.

– «Марко Поло» сериалын көріп отырып, Құбылай ханның ұлының қол бастап, кескілескен қанды шайқасқа кіріп бара жатқанын көріп, біздегі билікте жүрген аза­мат­тар түгілі қатардағы шен­­­ді­лердің балаларының әс­кер­ге бармайтынын ойла­дық. Отан, ел, жер деген ас­қақ ұғымдардың адам айтса сенгісіз өзгеріске ұшы­ра­ғанын осындай мысалдар бай­қатады. Ойы да, бойы да аласарып бара жатқан жі­гіт­тердің қадір-қасиетін кө­терудің қандай жолын кө­ресіз?

– Ентелеп келген жаудың ентігін ес жиғызбай басқан Құбылайдың заманындағы ерлер мен бүгінгінің жігітінің басқа болуы заңдылық – араға түскен ғасырлар себебі мен салдарын ақтап алады. Ол дәуірдің байлығы – дөңгелеп жатқан жер еді. Жерге талас, жер үшін болған шайқастар ерлердің намысын жаныды, жігеріне жігер қосып, айбатты, қайратты қылды. Тарихи оқиғалардың беталысы мен буырқанысы ерлерді табиғи түрде соған қарай ыңғайлап жаратты. Кім күшті болса, әділет пен шындық соның қолында болды. Соғыста жеңу-жеңілу әскердің рухына байланыс­ты еді.

Македонскийлер әр сарбаздың денсаулығына дейін көңіл бөлгені сондай, мойнына сарымсақты тұмар сияқты іліп қойған екен. Ал бүгінгінің баласының күш-қуатының, адами ар-ожданының төмендеп бара жатқаны маған алыпсатар заманның кінәсінен болып отырған сияқты көрі­нетіні бар. «Бизнес» деп бүрке­меленетін, тиын санатқан бұл алыпсатарлық «саудада достық жоқ» дегізіп, жақынды жат, кешегі досты бүгін жау жасап жатыр. Бизнестің өсіп-өр­кендететін жағына бой ұр­са жақсы ғой, бір адамның қо­лынан тиынға алып, басқаға әлде­неше есе артық тең­ге­ге сатып, өз бойындағы ең үлкен байлық – ұятын да қоса сатып байып жатқандар бүгінгі туған жас балалардың үлгі-өнеге тұтар тұлғасына айналғаны жанға батады. Әскерді әзірейіл қылып, теледидардан күнде бір табытты көтергендерді көрсетіп жатқанда, айналып қашатын ұлдарды кінәлауға бола ма?

Ол жердегі тәртіпті жүйеге келтіріп, кеңестік кез­дегідей кез келген ұл бала борышын өтеуді армандайтындай жағдай жасап, насихатын күшейту керек. Отбасында өсіп келе жатқан бір тал, екі тал ұлды орынсыз еркелеткенді қойып, ілімді-білімді болып өсуі үшін аямай қаржы салып, жа­сынан еңбекке тәрбиелеген дұрыс. Бәрін айт та, бірін айт, ерке болса да, ебедейсіз болса да кілтін тапса, бала тәрбиеге көнер-ау, алдымен ата-ананың өзіне тәрбие қажет пе деймін дәл қазір...

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл Аханбайқызы,

«Егемен Қазақстан»