Егер осы айтылған тұжырымды Ақтөбе облысы мысалында одан әрі нақтылай түсер болсақ, есепті кезең ішінде аймақ экономикасын одан әрі дамытуға тартылған инвестиция мөлшері 313 миллиард теңгеден асып түседі. Салыстырмалы түрде алғанда бұл жоғары сома, биік көрсеткіш. Осы арқылы Ақтөбе инвестиция тартуда республика облыстары арасында ең алдыңғы қатарға шығып отыр.
Мол инвестициялық қаражат өз кезегінде аймақта индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жаңа сапалық деңгейге көтере білді. Бұл бағытта аталған бағдарлама шеңберіндегі екінші бесжылдық аралығында алынған асулар аршынды. Дәл осы тұста тартылған инвестиция көлемі 127 миллиард теңгені құрапты. Осы арқылы 2000-ға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туып, жиырмаға жуық жобаның тұсауы кесіліпті.
Сондай-ақ Индустрияландыру картасы аясында атқарылған жобалар көлемі де көңілден шығады. Мұның ішінде ЭКСПО-2017-нің инновациялық жобаларын өндіріске енгізу жөніндегі бастамалардың орны айрықша. Осыған орай облыста жалпы құны 43 миллиард теңгенің 18 жобасы іріктелген. Бүгінгі күні оның әрқайсысына қатысты жан-жақты жобалау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, бұлардың қатарында өнеркәсіп, мұнай-газ өндірісі және ауыл шаруашылығы саласында қалдықтарды қайта өңдеу секілді өміршең жобалар жасалған.
Осындай жетістіктер мен табыстарда «Ақтөбе» индустриялық аймағының елеулі үлесі бар. Қазіргі кезде оның құрылғанына 2 жыл толып отыр. Өңір индустриясының өн бойына қан жүгіртіп отырған құрылымның жалпы аумағы 200 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда мұнда қызмет жасап жүрген кәсіпорындардың дені өз жобаларын шетел капиталы негізінде жүзеге асыруда. Бұлардың басым бөлігі Болгария, Швейцария, Германия және Түркия елдерінің жобалары.
– Индустриялық аймақтың атқарар қызметі сан-салалы. Оның міндеті қомақты инвестиция құя алатын отандық және шетелдік кәсіпорындарды аймақ аумағына орналастырумен шектелмейді. Бұған қоса біз осы арқылы өңірдегі салықтық базаның көлемін одан әрі кеңейту шараларын белгілеп отырмыз. Ал түпкі мақсат – жаңа жұмыс орындарын ашуды одан әрі жалғастыру болып қала бермек, – деді бізге Ақтөбе облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов.
Сөз соңында «Ақтөбе» индустриялық аймағының келешегі туралы екі-үш ауыз сөз қосқанды жөн көреміз. Бұл, бірінші кезекте, индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамудың таптырмас тетігі, таптырмас мүмкіндігі. Әрі индустриялық аймақ – өңір экономикасының тамыр соғысын ретке келтіре алатын барометр. Бұл құрылым толық қайтарыммен жұмыс істеген жағдайда өңірдегі табыстар мен жетістіктер тізбегі де өсе түспек. Сонымен бірге индустрияландыру мүддесін көздейтін құрылым әлемдік өлшемдер мен талаптарға сай өндірістің өрісін ашудың өміршең тәсілі. Биыл «Ақтөбе» индустриялық аймағының игерілу көрсеткіші 50 пайыздық мөлшерді құрады. Оның құрылған екі жылдық мерзіміне шаққанда мұның өзі қанағат тұтуға тұратындай көрсеткіш.
Екінші бір қырынан қарастырғанда, аймақтың айтарлықтай мол әлеуеті қазіргі күні толық пайдаланылмай тұрғаны да айқын көрінеді. Алайда алдағы жылы осы олқылықтың орны толығатын түрі бар. Осы кезде мұнда тағы да он кәсіпорын өз жұмысын бастайды деп күтілуде. Сол уақытта «Ақтөбе» индустриялық аймағының игерілу көрсеткішін шамамен 75-80 пайызға дейін көтеруге мүмкіндіктер туады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ