Фото: Амангелді БЕКМҰРАТОВ
Біздің Қайрат ОРАЛОВПЕН сұхбатымыз атақоныстан сыртқары тұрып жатқан ағайындарымыздың тыныс-тіршілігі, атажұрт жайлы көңіл-күйі аясында өрбіген еді.
– Қайрат Науанұлы, шыныңызды айтыңызшы, атажұрт деген аңсар түпкілікті оралсам деген алабұртқан әрі-сәрі сезімге ұласпай ма?
– Әзірге ондай ой келмепті. Қазақстанмен іргелес, шекаралас аймақты қоныстанғандықтан жиі араласып-құраласып тұрамыз. Бірыңғай экономикалық одақ құрылғалы қарым-қатынасымыз көп жеңілдеді. Өз елімізде жүргендей еркін сезінеміз.
Герман-кеңес соғысына қатысып, екі рет жараланған атам жарықтық өткен ғасырдың отызыншы жылдары адамдарды қынадай қырған ауыр нәубет жайлы айтқанда көкірегі қарс айырылатын. Қолдан жасалған аштық зобалаңы қазақ халқын тарыдай шашып, жан-жаққа тентіретіп жібергенін тарихтан жақсы білеміз. Көздері жаутаңдаған шиеттей бала-шағаны аман алып қалу үшін туып-өскен жері Шал ақын ауданы, Бағанаты ауылынан амалсыз көшіп, осы орыс стансасын сағалаған көрінеді. Әбден орнығып, бірнеше ұрпақ жетілген өңірден кері көшуге талпынғандарымен түпкілікті байламға келе алмаған. Оның себептеріне тоқталсақ, біріншіден, туған-туыстарының сүйектері жерленген жерді қимағанға ұқсайды. Екіншіден, кіші отанына айналған жылы орынға әбден бауыр басып, үйренісіп қалса керек . Оның үстіне үлкендер жағы ана тілін, салт-дәстүрлерді ұмытпағанмен, жастар білмегендіктен, жүрексінген тәрізді. Мені жас буынның тамырынан ажырап, орысшаға ойысып бара жатқаны қатты толғандырады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы ынтымақтастыққа, достыққа әркез үлкен назар аударып, қазақ диаспорасына зор қолдау көрсетіп келеді. Биыл елорданың төрінде өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында елдіктің жайы ойластырылған маңызды шешімдердің қабылданғаны туралы оқып, барша қазақтың құтты шаңырағының кемелдене түскеніне қуанулымыз. Экономикасы қуатты, саясаты тұрақты Қазақстан сияқты іргелі мемлекетте жасалып жатқан ізгілікті істер мен шарапатты шаралар бізді де қанаттандырады, теңесуге ұмтылдырады. Қазақ қазақ болғалы дәл мұндай биікке көтерілген емес. Ел халқының бір миллион ағайынымызбен толығуының өзі неге тұрады? Дүние жүзінде өз қандастарын атамекенге шақырып, жағдай жасап отырған үш мемлекеттің біріміз.
– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен таныстыңыз ба?
– Әрине. Макушин ауданында лауазымды қызметтер атқарған Боранбай Бижігітов ағамыз қазір Петропавл қаласында тұрады. Өзі Дүниежүзі қазақтарының төрт құрылтайына қатысқан. Мұнда да қол қусырып отырмай «Тамыр» деген қоғамдық бірлестік құрып, бізбен өзара байланысты жандандырып жүр. Көп жаңалықтарды осы ағамыз жеткізеді. Газет-журналдар, кітаптар әкеп тастайды. Сосын технологияның бүгінгідей даму үрдісінде ақпарат алмасу қиын емес.
Мақалада көкейге қонатын ұсыныстар мен ой салатын мәселелер көп. Әсіресе ұлттық кодқа байланысты айтылған пайымдар маған өте ұнады. Ұлттық бірегейлікті сақтау жайы да жақсы қозғалған.
– Сіз сияқты орта және шағын бизнестің тұтқасын ұстаған қандастарымыз негізінен қай салаға бейімделген?
– Облыс аумағында 15 мыңға жуық қазақ бар деп есептелсе, олардың араласпайтын салалары кемде-кем. Мәселен, Обутковское селолық округінде тұратын 50-ге жуық қазақ отбасы түгелге дерлік ата кәсіпті нәсіп еткен. Солардың бірі Қуанышбай Байтөсев 500-дей қой, 50 шақты сиыр, 40 қаралы жылқы өсіреді. Әйелі Зейнеш бие сауып, қымыз өндіреді. Байтұрсын Хамзин, Ғұмар Жиенбаев, Батыржан Шәкіров, тағы басқалары да кәсіпкерліктің қыр-сырын жете меңгерген.
– Өзіңіз немен шұғылданасыз?
– Біз бес ағайындымыз. Дулат Сургутта газ-мұнай саласында еңбек етеді. Мұқтидың өз бизнесі бар. Самат түрлі-түсті металл жинаумен айналысады. Үйдің кенжесі болғандықтан, маған «Оралов» деп аталатын кәсіпорын сеніп тапсырылған. Ол шаруа қожалығы, құрылыс алаңы, дүкендер, автотұрақ, қонақүй кешені сияқты қызмет салаларын қамтиды. 3700 гектар алқапқа бидай, арпа, майлы дақылдар өсіреміз. Орташа өнімділік 20-30 центнерді құрайды. Техника жеткілікті. Минералдық тыңайтқыш қолданбаймыз. Ауыспалы егіс жүйесін қатаң сақтаймыз. Парға ерекше мән береміз. Экологиялық жағынан таза өнім болғандықтан, жоғары сұранысқа ие.
Енді жол бойында кешенді сервистік қызмет көрсету саласын ашуды ойластырып отырмыз. Бұл жағынан алғанда, Қазақстан көш ілгері. Өйткені жол салу, логистикалық жүк тасымалы жүйесіне мол қаржы құйылып, ерекше көңіл бөлінген. Жуырда қазақстандық кәсіпкерлермен тәжірибе алмасып келдім. Үйренерлік тағылымдар аз емес.
– Ата кәсіпке қашан бет бұрасыздар?
– Қазақстан секілді мал шаруашылығына бағытталған жеңілдікті бағдарламалар болса, еш ойланбас едім. Жасыратыны жоқ, Ресейде төмен пайызды несие алу–үлкен машақат. Фермерлерге жан-жақты қолдау болмағандықтан сүт, ет өнімдеріне деген қажеттілік толық өтелмей отыр. Тәуекел етуге жүрек дауаламайды.
– Ұлттық-мәдени автономия қандай жұмыстармен айналысады?
– Шекаралық аймақтарда орналасқан облыстар арасындағы экономикалық, сауда-саттық, мәдени-спорттық байланыстардың одан әрі дамуына үлес қосу, жаңа жобаларға қатысу біздің қызметімізде басты орын алады. Бұл орайда Қазақстан халқы облыстық ассамблеясымен, этномәдени бірлестіктермен бірқатар ынтымақтастық келісімдер жасасқанымызды айта кеткен жөн. Ресейдегі және тарихи отанымыздағы озық мәдени дәстүрлер шеңберінде тәжірибе алмасамыз. Биыл кеңес мүшелерінің ұйғарымымен қандастарымыздың құрылтайы Макушин ауданында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған Қызылжар өңірінен делегация шақырылып, өнер көрмелері, ұлттық тағамдар жаймасы тамашаланды. Салт-дәстүр рәсімдері көрсетілді. Аудан басшысы Виктор Воротынцев автономия жұмысын жандандыруға үлкен үлес қосып жүрген бір топ белсендіге сый-марапат көрсетті. Олардың қатарында Ерғали Қабжановтың, Нұрахмет Жаңбыршиновтың, Несіпкүл Бегімбетованың есімдері құрметпен аталады. Сол сияқты «Туған жер» атты мәдениет фестивалі де мазмұндылығымен есте қалды. Наурыз мейрамы дәстүрлі түрде тойланады.
Автономия қайырымдылық, демеушілік шараларына да үзбей атсалысып тұрады. Мысалы, Руслан Жүсіпов деген талантты өнерпазымыздың халықаралық әндер байқауына қатысуына қаржылық жәрдем көрсетілді. Ол Гран-при иегері атанды. Қазақ жастарынан құралған жасөспірімдер футбол командасы да қамқорлығымызға алынған.
– Діңгегі берік ұлттық құндылықтарымызға қылаудай кіршік жұқтырмауды асыл мұрат етіп, қазақтың абырой-мерейін тасытып жүргендеріңіз шаттандырады.
– Елден оқшау, сыртта жүргендіктен бе, жанымыз да, тәніміз де намыстан жаралған ба деп қаламыз. Мынандай мысал келтірейін. Макушин ауданында соңғы он жылда алтын медаль алған оқушылардың үштен екісі қазақ балалары екен. Мектептерде мақтау марапаттарын иеленетіндердің басым көпшілігі – өзіміздің бүлдіршіндер. Ата-аналарын қарттар үйіне, сәбилерін жетім балалар пансионатына өткізді деген бірде-бір факт тіркелген жоқ.
– Сіз де бір баланы бауырыңызға басып отырсыз ғой?
– Келіншегім Индира екеуміз 3 бала тәрбиеледік. Ал отбасымызға қосылған Лаура қазір 18-де. Жастайынан жетім қалған оны біз өз қолымызға алып, қызымыздай мәпеледік. Бүгінде медицина техникумында оқиды.
– Бәрекелді дейміз! Досты сүйіндіретін, дұшпанды күйіндіретін тәлімді істер мол бола бергей!
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы