Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2017

Қайрат Оралов: Атажұрт – қастерлі ұғым

386 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ресейдің көршілес жатқан Макушин ауданында іссапармен болғанымызда ел, жұртын ұлықтап жүрген бір азаматпен танысқан едік. Абырой-беделі бір басына жетерлік оған жерлестері үлкен сенім білдіріп, Қорған облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы етіп сайлапты.

Қайрат Оралов: Атажұрт – қастерлі ұғым

Фото: Амангелді БЕКМҰРАТОВ

Біздің Қайрат ОРАЛОВПЕН сұхбатымыз атақоныстан сыртқары тұрып жатқан ағайындарымыздың тыныс-тіршілігі, атажұрт жайлы көңіл-күйі аясында өрбіген еді.

– Қайрат Науанұлы, шыныңызды айтыңызшы, атажұрт деген аңсар түпкілікті оралсам деген алабұртқан әрі-сәрі сезімге ұласпай ма?

 – Әзірге ондай ой келмепті. Қазақ­стан­мен іргелес, шекаралас аймақты қоныс­тан­ғандықтан жиі араласып-құраласып тұра­мыз. Бірыңғай экономикалық одақ құры­л­ғалы қарым-қатынасымыз көп жеңілдеді. Өз елімізде жүргендей еркін сезінеміз.

 Герман-кеңес соғысына қатысып, екі рет жараланған атам жарықтық өткен ғасырдың отызыншы жылдары адамдарды қынадай қырған ауыр нәубет жайлы айтқанда көкірегі қарс айырылатын. Қолдан жасалған аштық зобалаңы қазақ халқын тарыдай шашып, жан-жаққа тентіретіп жібергенін тарихтан жақсы білеміз. Көздері жаутаңдаған шиеттей бала-шағаны аман алып қалу үшін туып-өскен жері Шал ақын ауданы, Бағанаты ауылынан амалсыз көшіп, осы орыс стансасын сағалаған көрінеді. Әбден орнығып, бірнеше ұрпақ жетілген өңірден кері көшуге талпынғандарымен түпкілікті байламға келе алмаған. Оның себептеріне тоқталсақ, біріншіден, туған-туыстарының сүйектері жерленген жерді қимағанға ұқсайды. Екіншіден, кіші отанына айналған жылы орынға әбден бауыр басып, үйренісіп қалса керек . Оның үстіне үлкендер жағы ана тілін, салт-дәстүрлерді ұмытпағанмен, жастар білмегендіктен, жүрексінген тәрізді. Мені жас буынның тамырынан ажырап, орысшаға ойысып бара жатқаны қатты толғандырады.

 Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы ынтымақ­тас­тыққа, достыққа әркез үлкен назар аударып, қазақ диаспорасына зор қолдау көрсетіп келеді. Биыл елорданың төрінде өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында елдіктің жайы ойластырылған маңызды шешімдердің қабылданғаны туралы оқып, барша қазақтың құтты шаңырағының кемелдене түскеніне қуанулымыз. Экономикасы қуатты, саясаты тұрақты Қазақстан сияқты іргелі мемлекетте жасалып жатқан ізгілікті істер мен шарапатты шаралар бізді де қанаттандырады, теңесуге ұмтылдырады. Қазақ қазақ болғалы дәл мұндай биікке көтерілген емес. Ел халқының бір миллион ағайынымызбен толығуының өзі неге тұрады? Дүние жүзінде өз қандастарын атамекенге шақырып, жағдай жасап отырған үш мемлекеттің біріміз.

 – «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласымен таныстыңыз ба?

 – Әрине. Макушин ауданында лауазымды қызметтер атқарған Боранбай Бижігітов ағамыз қазір Петропавл қаласында тұра­ды. Өзі Дүниежүзі қазақтарының төрт құ­рыл­тайына қатысқан. Мұнда да қол қусырып отырмай «Тамыр» деген қоғамдық бірлестік құрып, бізбен өзара байланысты жандандырып жүр. Көп жаңалықтарды осы ағамыз жеткізеді. Газет-журналдар, кітаптар әкеп тастайды. Сосын технологияның бүгінгідей даму үрдісінде ақпарат алмасу қиын емес.

 Мақалада көкейге қонатын ұсыныстар мен ой салатын мәселелер көп. Әсіресе ұлттық кодқа байланысты айтылған пайымдар маған өте ұнады. Ұлттық бірегейлікті сақтау жайы да жақсы қозғалған.

 – Сіз сияқты орта және шағын бизнес­тің тұтқасын ұстаған қандастарымыз негізінен қай салаға бейімделген?

 – Облыс аумағында 15 мыңға жуық қазақ бар деп есептелсе, олардың аралас­пай­тын салалары кемде-кем. Мәселен, Обут­ковское селолық округінде тұратын 50-ге жуық қазақ отбасы түгелге дерлік ата кәсіпті нәсіп еткен. Солардың бірі Қуанышбай Байтөсев 500-дей қой, 50 шақты сиыр, 40 қаралы жылқы өсіреді. Әйелі Зейнеш бие сауып, қымыз өндіреді. Байтұрсын Хамзин, Ғұмар Жиенбаев, Батыржан Шәкіров, тағы басқалары да кәсіпкерліктің қыр-сырын жете меңгерген.

 – Өзіңіз немен шұғылданасыз?

 – Біз бес ағайындымыз. Дулат Сургутта газ-мұнай саласында еңбек етеді. Мұқтидың өз бизнесі бар. Самат түрлі-түсті металл жинаумен айналысады. Үйдің кенжесі болғандықтан, маған «Оралов» деп аталатын кәсіпорын сеніп тапсырылған. Ол шаруа қожалығы, құрылыс алаңы, дүкендер, автотұрақ, қонақүй кешені сияқты қызмет салаларын қамтиды. 3700 гектар алқапқа бидай, арпа, майлы дақылдар өсіреміз. Орташа өнімділік 20-30 центнерді құрайды. Техника жеткілікті. Минералдық тыңайтқыш қолданбаймыз. Ауыспалы егіс жүйесін қатаң сақтаймыз. Парға ерекше мән береміз. Экологиялық жағынан таза өнім болғандықтан, жоғары сұранысқа ие.

 Енді жол бойында кешенді сервистік қызмет көрсету саласын ашуды ойлас­тырып отырмыз. Бұл жағынан алғанда, Қазақстан көш ілгері. Өйткені жол салу, логистикалық жүк тасымалы жүйесіне мол қаржы құйылып, ерекше көңіл бөлінген. Жуырда қазақстандық кәсіпкерлермен тәжірибе алмасып келдім. Үйренерлік тағылымдар аз емес.

– Ата кәсіпке қашан бет бұрасыздар?

– Қазақстан секілді мал шаруашылығына бағытталған жеңілдікті бағдарламалар болса, еш ойланбас едім. Жасыратыны жоқ, Ресейде төмен пайызды несие алу–үлкен машақат. Фермерлерге жан-жақты қолдау болмағандықтан сүт, ет өнімдеріне деген қажеттілік толық өтелмей отыр. Тәуекел етуге жүрек дауаламайды.

– Ұлттық-мәдени автономия қандай жұмыстармен айналысады?

– Шекаралық аймақтарда орналасқан облыстар арасындағы экономикалық, сауда-саттық, мәдени-спорттық байланыс­тардың одан әрі дамуына үлес қосу, жаңа жобаларға қатысу біздің қызметімізде басты орын алады. Бұл орайда Қазақстан халқы облыстық ассамблеясымен, этномәдени бірлестіктермен бірқатар ынтымақтастық келісімдер жасасқанымызды айта кеткен жөн. Ресейдегі және тарихи отанымыздағы озық мәдени дәстүрлер шеңберінде тәжірибе алмасамыз. Биыл кеңес мүшелерінің ұйға­рымымен қандастарымыздың құрыл­тайы Макушин ауданында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған Қызылжар өңірі­нен делегация шақырылып, өнер көрме­лері, ұлттық тағамдар жаймасы тама­шаланды. Салт-дәстүр рәсімдері көрсе­тілді. Аудан басшысы Виктор Воро­тын­цев автономия жұмысын жандан­ды­руға үлкен үлес қосып жүрген бір топ бел­сен­діге сый-марапат көрсетті. Олар­дың қата­рында Ерғали Қабжановтың, Нұрах­мет Жаңбыршиновтың, Несіпкүл Бегім­бетова­ның есімдері құрметпен аталады. Сол сияқты «Туған жер» атты мәдениет фес­­ти­валі де мазмұндылығымен есте қал­ды. Наурыз мейрамы дәстүрлі түрде тойланады.

 Автономия қайырымдылық, демеушілік шараларына да үзбей атсалысып тұрады. Мысалы, Руслан Жүсіпов деген талантты өнерпазымыздың халықаралық әндер байқауына қатысуына қаржылық жәрдем көрсетілді. Ол Гран-при иегері атанды. Қазақ жастарынан құралған жасөспірімдер футбол командасы да қамқорлығымызға алынған.

 – Діңгегі берік ұлттық құнды­лық­тары­мызға қылаудай кіршік жұқтыр­мауды асыл мұрат етіп, қазақтың абырой-мерейін тасытып жүргендеріңіз шаттандырады.

– Елден оқшау, сыртта жүргендіктен бе, жанымыз да, тәніміз де намыстан жаралған ба деп қаламыз. Мынандай мысал келтірейін. Макушин ауданында соңғы он жылда алтын медаль алған оқушылардың үштен екісі қазақ балалары екен. Мектептерде мақтау марапат­тарын иеленетіндердің басым көпшілігі – өзіміздің бүлдіршіндер. Ата-аналарын қарттар үйіне, сәбилерін жетім балалар пансионатына өткізді деген бірде-бір факт тіркелген жоқ.

– Сіз де бір баланы бауырыңызға басып отырсыз ғой?

 – Келіншегім Индира екеуміз 3 бала тәрбиеледік. Ал отбасымызға қосылған Лаура қазір 18-де. Жастайынан жетім қалған оны біз өз қолымызға алып, қызымыздай мәпеледік. Бүгінде медицина техникумында оқиды.

 – Бәрекелді дейміз! Досты сүйін­діретін, дұшпанды күйіндіретін тәлімді істер мол бола бергей!

Әңгімелескен

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы