Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2017

Оңтүстікте газ құбырының қуатын арттыратын станса ашылды

597 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында еліміздің газ тасымалдау саласында елеулі оқиға орын алды. Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданына қарасты Көксу ауы­лында «Қазақстан – Қытай» магистралды газ құбырының қуатын арттыратын жаңа №1 компрессорлық станса өз жұмысын бастады. 

Оңтүстікте газ құбырының қуатын арттыратын станса ашылды

Бұл – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ пен қытайлық  CNPC корпорациясы арасындағы әріптестік негізінде жүзеге асырылған ірі инвестициялық жоба. 

Тұңғыш Президент күніне орай­лас­тырылған жаңа қондырғының ашылу салтанаты №1 КС пен Ас­тана­дағы ұлттық оператор «Қаз­ТрансГаз» компаниясының Бірыңғай дис­петчерлік орталығымен тікелей байланыс арқылы өтті. Іс-шараға сондай-ақ тасымалдау бекетінің мамандары, бұ­қаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Тікелей байланыста алдымен сөз алған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясы газ тасымалдау және маркетинг жөніндегі атқарушы вице-президенті Қайрат Шәріпбаев бұл инфрақұрылымдық жаңа нысан газ құбырының «С» тармағының  өнімділігін арттыруға және тасымал кө­лемін жылына 25 миллиард текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік бе­ретінін атап өтті.

«Елбасының 2020 жылға дейін көлік-транзиттік тасымал қуатын екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес газ саласында оң қадамдар жасалуда. «Қазақстан – Қытай» магис­тралды газ құбырының кезекті стансасын іске қосу арқылы еліміздің газ тасымалдау жүйесін жетілдіруге үлкен үлес қосылды, деді ол.

Жалпы, бүгінгі күні елдің газ саласы іс жүзінде толықтай жаңартылды және қазіргі заманғы ең озық жабдықтармен жасақталған. Нысанды пайдалануға ен­­­гі­­зу­мен Қазақстан шығыстық газ тран­­­зитін екі есеге арттыруға қол жеткізді.

Жаңа нысан өткізу қабілеті мен ұзын­дығы бойынша ең ірі саналатын «Орталық Азия – Қытай» трансұлттық газ құбырының құрамдас бөлігі болып табылады.  Бұл құбыр төрт мемлекетті – Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, және  Қытайды  байланыстырып отыр.

«Азиялық Газ құбыры» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Ғалымжан Сағынтаевтың пікірінше, «С» желісінде 8 компрессорлық станса бар болса, соның төртеуі 2016 жылы іске қосылған. Екеуі биыл іске қосылса, ендігі жылға тағы да екі компрессор стансасы жұмыс істей бастайды. Сонда 2018 жылдан бастап «А», «В» және «С» желілері арқылы жоспарланған 55 млрд текше метр ортаазиялық газ Қытайға қарай тасымалданбақ. Оның ішінде 5 млрд текше метр Қазақстанның газы экспортталады.  

Жаңа компрессорлық стансада заманауи жабдықтар орнатылған. Мұнда орнатылған «Roolls Royse» компа­ниясының газ айдаушы агрегаттарының жобалық қуаты сағатына 516 мың текше метр газ айдауға арналған.

Пайдаланылған инновациялық жабдық, сондай-ақ қосалқы технология­лар кешені магистралды газ құбырын пай­да­ланудың барлық кезеңі ішінде қауіп­сіз және технологиялық үздіксіз газ тасымалдауды қамтамасыз ете алады. Перспективада КС-1 ком­прес­сор­лық стансасы, егер қажеттілік туын­даса, газ транзитінің көлемін ұлғай­та алады. Ол үшін технологиялық пара­метрлері бойынша салынуы мүмкін төртінші «D» желісіне ком­прессорлық стансаны қосымша қосу көзделген.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы