Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2017

Күзет сарбаздары ант қабылдады

394 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы жыл еліміздің Мемлекеттік күзет қызметі үшін мерейлі жыл. Себебі Қазақстан Республикасы Президентінің күзет қызметі мен Республикалық Ұланның құрылғанына 25 жыл толып отыр. Ширек ғасыр бойы өз қызметін мінсіз атқарып келе жатқан құрылым қатары биыл да жас сарбаздармен толықты.

Күзет сарбаздары ант қабылдады

Қазақстан Республикасының Мемлекет­тік күзет қызметіне Мемлекет басшысының, күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік эталондарды күзету және мемлекеттік-хаттамалық іс-шараларға қатысу жөніндегі маңызды және жауапты миссия жүктелген.

Еліміздің барлық өңірлерінен әскери қызмет атқару және Отан алдындағы консти­ту­циялық борышын өтеу үшін жаңадан қа­былданған 295 сарбаз Алматыдағы 0111 әс­кери бөлімінде салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Бұл акт ерекше әскери жоралғы саналып, әскери қызметшілердің бойындағы патриотизм, Отанға және Президентке адал болу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қатарында адал қызмет атқару сияқты қасиеттерге тәрбиелейді.

 – Күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде қызметтің офицерлері әскери қызметке 2500-ден артық үміткерді зерттеп-зерделеді, бір орынға 8-9 адамнан келді. Әскерге шақыру нәтижесі бойынша қызмет қатарына шақырылған жас сарбаздардың сапалық сипаттамасы жоғарғы деңгейде екенін көруге болады. Көптеген әскери қызметшілердің жоғары және орта-арнайы білімі, сондай-ақ спорттық жетістіктері бар. Қызмет үміт­кер­леріне қатаң талаптар қойылды. Ең бас­тысы мықты денсаулық, білімімен қатар бет-әлпетінің сымбаттылығы болуы шарт.

Мәселен, бойы 180 сантиметрден 190 сантиметрге дейін, бойы мен салмағының қалып­тылығы, орта (толық) білімінің болуы оқу және жұмыс орындарынан берілген жақ­сы мінездемелері ескерілді. Үміткердің мо­ральдық-іскерлік қасиеттеріне және дене шы­нықтыру дайындығына ерекше назар аударылды. Әскери қызмет үшін іріктеліп алын­ған үміткерлер ҚР ҰҚК органдарынан арнайы тексеруден өтеді. Сарбаздар бір ай бойы жас жауынгер курсынан өтті және бүгін өте қысқа мерзімде алған машық-дағдысын көрсетті, – дейді Мемлекеттік күзет қызметі «Батыр» Президенттік полкінің майоры Қайрат Тарин.

Сарбаздардың әскери ант қабылдау рә­сі­мі­не Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Мемлекеттік күзет қыз­­метінің ардагерлері, жас сарбаздардың ата-аналары мен туыстары қатысты. Мемле­кет­­тік күзет қызметінің әскери қызметшілері өз­дерінің шеберліктерін, кәсіпқойлығы мен іс-қимылдарының үйлесімдігін көрсетіп, жиыл­ғандарды тәнті етті. Сондай-ақ Прези­дент­тік үрмелі аспаптар оркестрі мен құрмет қа­рауыл ротасы плац-концерттің (дефиле) жаңа бағдарламасын көрермен назарына ұсынды.

 Отан алдында ант қабылдаған сарбаздар алдағы уақытта Мемлекеттік күзет қызме­ті­нің әскери бөлімдері бойынша таратылып, әскери мерзім аралығында жүктелген аса жауапты міндеттерді атқаруға кірісетін болады.

 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ