Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2017

Катонқарағайдағы Достық үйі қоныс тойын тойлады

428 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Катонқарағай аудандық Достық үйі Тұңғыш Президент күні мерекесінде жаңа ғимаратқа көшіп, қоныс тойын тойлады.

Катонқарағайдағы Достық үйі қоныс тойын тойлады

Талай жылдан бері сиқы кетіп тұрған бұрынғы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты биыл жазда күрделі жөндеуден өткізіліп, айналасы, іші-сырты адам танымастай өзгертіліп Достық үйінің игілігіне берілді. Нысанның сырты сайдингпен қапталып, шатыры жаңаланса, татулық мекенінің ауласына темір қоршаулар қойылып, демалатын орындар әзірленіп, шамдар орнатылып, шырша көшеттері отырғызылыпты. «Хаба-Жоба» ЖШС мердігерлік ұйымының күшімен жүргізілген жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 36 млн. теңге қаржы бөлініпті. Аталған мекеме басшысы, жас кәсіпкер Махамбет Кешілбаев нысанды қалпына келтіру ісіне үлкен жауапкершілікпен қарағандықтарын айтады. Жаңа ғимаратқа көшіп, көңілдері жайланған Достық үйінде енді бұрынғыдай төрт емес, жеті этномәдени бірлестік бірлесе жұмыс істейтін болады. Қазақ, орыс, татар, неміс мәдени орталықтарының қатарына украин, белорусь, өзбек мәдени ұжымдары қосылыпты. Ардагерлер кеңесіне де жайлы ғимараттан арнайы бөлме беріліпті.

«Көпұлтты еліміздегі татулық пен бірліктің бір белгісі осы «Достық үйлері» деп білемін. Біздің ауданымызда Достық үйі өткен жылы 1-ші мамырда ашылған еді. Жаңа ғимарат этносаралық бейбітшілік пен келісімді одан әрі нығайтып, ауданның өнері мен мәдениетін насихаттауға тың серпін береді деп ойлаймын. Енді ауданның этномәдени орталықтарының заманауи және көпфункционалды мәдени орталығы бар. Мұнда тұрғындар өз тілдерін үйреніп, өзгелерге өз салт-дәстүрлері жайында мағлұмат бере алады», - деді Катонқарағай ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин жаңа ғимараттың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

«Адамдардың қарым-қатынасындағы ұлтаралық достық пен сыйластықты нығайта түсу үшін көптеген жұмыстар атқару қажет. Достық үйлері осы мақсатта құрылуда. Жерлестеріме сәттілік тілей отырып, аталмыш мекемеге балаларын ертіп әкеліп, оларға біздің қандай көпұлтты елде, бір шаңырақ астында әртүрлі ұлттар мен дін өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын насихаттаса екен деймін», - дейді неміс этномәдени орталығының басшысы Светлана Козуб.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы