Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы № 7681-KZ Қарыз туралы келiсiмге (Оңтүстік-Батыс автомобиль жолдарын дамыту жобасы: Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі (ОАӨЭЫ 1b және 6b)) № 2 түзетулерге қатысты Қазақстан Республикасы мен ХҚҚДБ арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.
Заң жобасымен Қазақстан Республикасы мен ХҚҚДБ арасындағы № 7681-KZ Қарыз туралы келiсiмге (Оңтүстік-Батыс автомобиль жолдарын дамыту жобасы: Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі (ОАӨЭЫ 1b және 6b)) қосымша «Күрті-Бурылбайтал» және «Ұзынағаш-Отар» жолдары аралықтарын қосу және қарыздар қаржысын санаттар арасында қайта бөлу көзделіп отыр.
Жоба 271,3 миллион доллар сомасындағы ХҚҚДБ-нің үнемделген қаржысы мен республикалық бюджеттен 47,9 миллион доллар қосымша қаржыландыру есебінен жүзеге асады.
Келісім-хатты ратификациялау 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасында көзделген автомобиль жолдарын жаңғырту жөніндегі шығындарды тиімді басқаруға бағытталған.
Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.