Қостанайда «Қостанай» индустриялық аймағы ашылды. Ол қаланың батыс бөлігінің сырт жағына орналасқан. 400 гектар аумақты алады. Индустриялық аймақтың құрылуы үш кезеңнен тұрады деп жоспарланған. Алғашқы кезеңде 120 гектар жерге салынатын өндіріс орындары игеріледі, инфрақұрылымы салынады. Инфрақұрылымның құны 2,5 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Қазір ашылған алғашқы кезеңінде аймақтың әкімшілік-тұрмыстық кешені, сыртқы коммуникациялық жұмыстары дайын болды. Әкімшілік-тұрмыстық кешенде жалға алушылар үшін 10 кабинет, 40 орындық асхана, 11 орындық қонақ бөлмелер бар. Сонымен қатар алдағы уақытта инвесторларға оңай болуы үшін мұнда банк консультанттары, нотариус, кәсіпкерлерге қажетті басқа қызмет түрлерінің өкілдері отыратын болады.
Индустриялық аймаққа бірінші болып лифт құралдарын өндіретін зауыт салынып жатыр. Қазір оның құрылысы қызу жүргізілуде. Осы жылдың қыркүйек айында қостанайлық «Тобыл» әлеуметтік-кәсміпкерлік корпорациясы екатеринбургтік компаниямен «VEK Qazaqstan» атты бірлескен кәсіпорын құрған болатын. Ол келесі жылдың мамыр айынан бастап лифт өндіре бастайды.
«Келесі жылдың ақпан айында құрал-жабдықтарды әкелеміз, мамыр-маусым айында алғашқы өнімді береміз. Бізді инвестор ретінде Қостанай жағының жағдай жасауы қызықтырды. Қостанай облысының әкімшілігі барлық мәселелерді жедел шешіп берді», деді VEK компаниясының бас директоры Михаил Молочников. Бұл индустриялық аймаққа қоныс теуіп жатқан тұңғыш инвестор-кәсіпорын. Тағы да ресейлік және қазақстандық кәсіпорындардан аймаққа орналасуға ұсыныстар түсуде.
«Алдағы екі жылда индустриялық аймаққа кемінде 10 өнеркәсіп кәсіпорны орналасады. Біз бұл аймаққа құрылыс өндірісі, автобөлшектер шығаратын, азық-түлік өндіретін кәсіпорындар орналасады деп жоспарлап отырмыз. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалады», деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов индустриялық аймақтың ашылуында.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай