Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми үстіміздегі жылғы 9 қарашада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы (ТМД ПАА) Кеңесінің Санкт-Петербургтегі отырысына қатысады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Отырыстың күн тәртібінде ТМД ПАА Кеңесі Төрағасын сайлау, ТМД мен ПАА-ның 20 жылдығына арналған шаралар жоспарын жүзеге асыру, Достастық елдеріндегі мемлекеттік билік органдарына сайлауды байқауға ТМД ПАА өкілдерінің қатысуы мәселелері бар.
Екіжақты қатынастар мен парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылау үшін Ресей Федерациясында болған кезде Қ.Мәми ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бірқатар парламенттерінің басшыларымен – Ресей Федерациясынан – В.Матвиенко және Б.Грызловпен, Украинадан – В.Литвинмен, Тәжікстаннан – М.Убайдуллоевпен, Беларусьтен – А.Рубиновпен кездесулері жоспарланып отыр.
Сенат Төрағасының Санкт-Петербургке сапары барысында ЕурАзЭҚ ПАА Жауапты хатшысы П.Зверевпен кездесуі де көзделуде.